“Шектелме” жобасының жылыойлық түлектері агенттік ашты
Жастардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына көмектесетін “Шектелме” жобасының құлсарылық түлектері “DSM” деп аталатын агенттік ашты. “Теңізшевройл” ЖШС-нің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылатын әлеуметтік жобада тегін оқып, мамандыққа машықтанған жастар енді жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қызмет көрсетпек.
— Агенттігімізде маркетинг, графика дизайны, SMM және таргет бойынша қызметтер бар. Біз мұның бәрін “Шектелме” жобасының шілдедегі легінде тегін үйрендік. Бұл бағыттар бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан да команда болып жұмыс жасаймыз деп шештік. Бүгінде өрт қауіпсіздігі саласында қызмет ететін бір компаниямен келісім жасап, жұмысты бастап кеттік. Жақында клиентіміздің қатарына жергілікті қоғамдық қор қосылмақ. Бізге осындай мүмкіндік берген ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғысымыз зор, — дейді агенттіктің дизайнері Шынар Қойбағарова.
“Шектелме” жобасы былтырдан бері мобилография, графика дизайны, таргетинг, маркетинг және SMM бағыттарын қамтитын тегін курстар өткізіп келеді. Жылыой ауданынан бастау алған әлеуметтік жоба бүгінде облыс орталығының жұмыссыз жастарын да қамтып отыр.