Жарнама
Жаңалықтар

Шекарадағы ауылдың шешілмеген проблемасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахан, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орташа деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын» деп Үкіметке нақты тапсырма бергені белгілі.

Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірлерді аралап, мемлекет басшысы тапсырмасының қалай орындалып жатқанына назар аударған еді. Шалғай ауылдарда қордаланған проблемалардың шешімін табуына қолдау көрсету мақсатында салалық министрліктерге депутаттық сауалдарын да жолдады. Солардың санатында Атыраудан сайланған Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов та бар.

«Бұл жолы Атырау облысы Құрманғазы ауданының шекара аймағында орналасқан шалғай ауылдарында болып, халықты толғандырған жайлармен егжей-тегжейлі танысып қайттым. Жергілікті халықтың Үкіметке, соның ішінде Көлік министрлігіне айтар назы да, қояр талабы да жетіп артылады. Құрманғазылықтар үшін аудан елді мекендеріне кірме, ауылішілік жолдар салу, соның ішінде Асан, Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтерімен аудан орталығын байланыстыратын автокөлік жолын салу мәселесі өте өзекті болып отыр.

Өңірдің экономикалық, өндірістік, ауылшаруашылық әлеуеті аса жоғары. Аудан мемлекеттік деңгейдегі инвестициялық және стратегиялық, туристік жобаларды жүзеге асыруға сұранып-ақ тұр. Құрылыс материалдары, қиыршық тастар, әктас, кірпіш құятын саз балшық, жасанды алмас, қағаз және биоотын шығаруға қажетті қамыс, шыны, әйнек өндірісіне қолданылатын шикізат – құм мен кремнезем, сосын тұздың мол қоры бар. Жер бедері – жазықты, құмды. Мал, балық, құс, егін, орман шаруашылығына өте қолайлы.

Әкімшілік-географиялық және табиғи ерекшеліктері, әкімшілік-аумақтық орналасуы және тарихи нысандардың көптеп орналасуы жағынан аудан туризм кластерінің ошағы болуға әбден лайық. Десек те, осы туризм саласын, ауыл шаруашылығын дамытуға аудан инфрақұрылымының төмендігі кедергі келтіріп отыр.

Жер көлемі және әкімшілік-аумақтық бөлінісі бойынша үлкен аудан саналатын Құрманғазыда аудандық маңызы бар жолдардың 48 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Ал, ауылішілік жолдардың 28 пайызы ғана асфальтталған. Мұндағы елуге тарта (49) ауылдың 9-ында ғана тас жол бар. Қалған тас жол салынбаған ауылдардағы 25 мыңға жуық тұрғын жол азабын тартумен келеді» — делінген Мәжіліс депутатының республика Көлік министрі Марат Қарабаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Әділ Орынбасарұлының айтуынша, ел Президенті Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында және халыққа арнаған Жолдауында Үкіметке шекара маңындағы аудандарды дамытуға айрықша көңіл бөліп, бар күш-мүмкіндікті көтерілген мәселелердің оң шешімін табуына жұмылдыру керектігін меңзеді. Ал, әңгіме арқауына айналып отырған Құрманғазы – Атырау  облысындағы Ресеймен шекаралас жатқан аудан. Қазір шекара шебіндегі Сүйіндік, Балқұдық, Азғыр, өзге де олармен іргелес орналасқан ауылдарға қатынастың қиындығынан тұрғындары көшіп кеткен елді мекендерде жыл санап халықтың саны азайып бара жатқаны да жасырын емес. Қаңырап, бос қалған үйлер көп. Ауыл халқына Атырау қаласын айтпай-ақ, аудан орталығына жетудің өзі мұң болып тұр.

Өкінішке қарай, Азғыр бойы ауылдарының бүгінгі хал-ахуалы шынында да мүшкіл халде. Ауыл тұрғындары бірінші кезекте жол мәселесін шешіп беруді сұрайды. Себебі, жол мәселесінің жылдар бойы шешілмеуі осы аумақты мекендеген 6 мыңға жуық тұрғынның тұрмысына кері әсерін тигізіп отырғаны анық. Өйткені, Құрманғазы мен Азғыр ауылдарының арасын жалғайтын 250 шақырымдық жолмен жүрудің азабы көп. Медицина мамандарының тапшылығы, дәрігерлік көмек алудың қиындығы, азық-түлік бағасының қымбаттығы секілді өзекті мәселелер де жолдың сын көтермейтін жағдайына байланысты туындап отыр.

Кеңес дәуірінде Асан, Азғыр, Сүйіндік ауылдарында мал шаруашылығы табысты дамып, үздік жетістіктерімен ерекшеленгені мәлім. Әр 100 саулық қойдан 130 қозы алып өсірген бес еңбек озатына «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, Ленин орденімен, екі адам Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталғанын да білеміз. Сол кезеңде әлеуеті зор болған мал шаруашылықты Сүйіндік, Балқұдық ауылдарына тәуелсіздік алғалы жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбеді. Бүгінде олар қиян шетте отырып, жол азабын тартса да, атакәсіптен қол үзген жоқ.

Және бір тілге тиек етеріміз, осы ауылдарда дүние жүзіндегі брендке айналған асыл тұқымды еділбай қойы өсіріледі. Кейбір қиындық-кедергілерге қарамастан, осы бір табысы мол, пайдасы зор түліктің тұқымын жетілдіру, селекциялау және асылдандыру жұмыстары әлі жалғасып келеді.

Осындай күрделі проблемаларды әңгімесіне арқау еткен Мәжіліс депутаты Асан, Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерге автокөлік жолын салу, аудандағы өзге де тіректі әрі стратегиялық маңызды ауылдарға қатынайтын жолдардың құрылысына қомақты қаражат қарастыру  қажеттігін алға тартты. Дегенмен, қазір оған облыстық әкімдіктің мүмкіндігі жоқ, себебі бюджетте қаржы тапшы. Өйткені, биыл қазына қаражаты толығымен дерлік облыстағы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерді, бүлінген әлеуметтік, ішінара өндірістік және кәсіпкерлік нысандарын, инженерлік инфрақұрылымдарды қайта қалпына келтіруге, халыққа өтемақы төлеуге жұмсалды. Өңірдегі су тасқынының салдарын жоюға республикалық бюджеттен бірінші кезеңде 4 миллиард теңге бөлінген. Оның өзін зардап шеккен шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге өтемақы төлеуге жұмсау жоспарланыпты.

Мәжіліс депутатының көлік министрінің атына жолдаған

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛЫ

«Жоғарыдағы жайларды қаперіңізге бере отырып, құрметті Марат Кәрімжанұлы, Президенттің шекара шебіндегі аймақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сай, Атырау облысы Құрманғазы ауданының экономикалық-инвестициялық, туристік әлеуетінің мүмкіндіктерін ескеріп, республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылуға тиісті төмендегі іс-шараларды өзіңізге  ұсыныс ретінде жолдаймын.

1. Асан, Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтері мен аудан орталығын байланыстыратын автокөлік жолын салу және Батыс Қазақстан облысының Бөкей Орда ауданы арқылы осы аталған елді мекендерді Ресейдің Волгоград қаласымен байланыстыру мүмкіндігін қарастыру;

2. Құрманғазы ауданының тіректі әрі страгетиялық маңызды болып табылатын, бұрын тас жол төселмеген Ақкөл, Дыңғызыл, Орлы, Жаңаталап, Мақаш ауылдарына автокөлік жолдарын салу. Бұл осы ауылдарды мекендеген 18 мың тұрғынның мәселесін шешеді;

3. Атырау-Астрахан республикалық маңыздағы тасжолының бойымен өтетін төрт түліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршау салу;

4. Ауданның көлік-логистикалық инфрақұрылымы жақсаратын болса, көз алдымызда аудан қайта түлеп, экономикасы да, ауданға тартылатын инвестиция көлемі де көбейе түсер еді».

Мәжіліс депутатының жол мен көлікке жауапты республикалық ведомство басшысына жолдаған сауалының түйіні осыған тірелді.

Дәулетқали АРУЕВ

*Сіз не дейсіз?

Данияр САБЫРОВ,

Сүйіндік ауылдық округінің әкімі:

Әкімнің айтары – ауылдастар базынасы

–  Мәжілісмен Әділ Орынбасарұлының Көлік министріне жолдаған депутаттық сауалында атап көрсетілген мәселелер өңіріміз үшін өте өзекті. Өкініштісі сол, бұл проблема осыған дейін де сан мәрте көтерілгенімен, әлі күнге шешілмей келеді. Әсіресе жанымызға қатты батып, қинайтыны – Құрманғазы-Асан-Балқұдық-Сүйіндік жолының жайы. Көктемде осы жолда қар суының еруіне байланысты мамыр айына дейін көлік түгілі жаяудың жүруіне де мүмкіндік болмайтыны ащы да болса ақиқат. Ал, жазда құм сұйылып, көрер қиындығымыз одан әрі ауырлай түседі. Күз келісімен жауын-шашын жиілеп, тағы да қозғалысқа қолайсыздық туғызады.

Бір ғана мысал келтірсем, өткен жылдың желтоқсан айында жергілікті емханаға берілген жаңа «жедел жәрдем» автокөлігі жолдың нашарлығынан бұзылып, пайдалануға жарамсыз болып қалды. Қайткенде де жағдайдан шығып, науқасқа көмек көрсету үшін Балқұдықтағы шекара бекеті арқылы Ресей аумағы арқылы айналып, аудан орталығына қатынауға мәжбүр болатын кездер де жиі кездеседі. Мұны әрине, түпкілікті болмағанымен мәселенің уақытша шешімі деп есептейміз.

Тағы бір айтарым, ауылымыз аудан орталығынан 260 шақырым шалғайда орналасқандықтан жүкті әйелдерді басқа амалдың жоқтығынан көршілес Ресейдің Харабали қаласына апаруға мәжбүр болдық. Ал, ол жақта дүниеге келген шақалақтардың туу туралы куәлігінде туған жері сол елде деп көрсетіледі. Шұғыл оталар да сонда жасалады.

Жергілікті халық негізінен мал шаруашылығымен шұғылданады. Бізде шабындық жер жоқ, тек жайылымдық алқап қана. Мәселен, Сүйіндік ауылының аумағындағы 264 745 гектар жердің 134 мыңы немесе тең жартысынан астамы «Сүйіндік» асыл тұқымды қой зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (директоры В.Розметов) иелігінде. Арнайы шабындық алқаптың тапшылығынан қысқы мал азығын дайындау үлкен проблемаға айналып отыр. Ол аздай, қазір ауыл маңында киік көбейіп, жайылымдық алқаптарды бүлдіріп жүр. Бұл да тұрғындарды толғандыратын маңызды мәселелердің бірі.

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button