Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Шеберліктің түп атасы – талғам

бұл Рахымжан Отарбаев драматургиясынан анық көрінеді

Бүгінгі таңда қаламгерлік шеберлігімен, өзіндік жазу стилімен, сөз саптауымен дараланып, драматургия әлемінен үлкен орын алатын жазушы-драматургтердің бірегейі – Рахымжан Отарбаев.

%d0%b0%d0%b4%d0%b5%d0%b1%d0%b8%d0%b5%d1%82

Рахымжан Отарбаев «Бейбарыс сұлтан», «Жәңгір хан», «Бас», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» секілді тарихи драмалық туындылары арқылы көмескі тартқан тарихты өзгеше қырынан жаңартып, тарихи кейіпкерлердің болмысын, характерін толықтай ашып көрсетеді. «Рахымжан драматургиясы – Сұлтан Бейбарыс, Хан Жәңгір, Сырым батыр, Мұстафа Шоқай сияқты аяулы тұлғаларды тірілткен ұлттық драматургия» (Бағдәулетқызы Ә. Театр: Көркемдік. Суреткерлік. Сергектік. adebipor-tal.kz. 2015 жыл, 11 қараша) деген пікір осының дәлелі.

«Бейбарыс сұлтан» деген пьесасы 2000 жылы жарыққа шықты. Ол Бейбарыс сұлтанның 875 жылдық тойына арналды.  Бұл пьесаны М.О.Әуезов театр әртістері театры тарихында тұңғыш рет ағылшын тілінде қойды. Сонымен қатар, Астанадағы М.Горький атындағы орыс драма театрында жеті-сегіз  жылдан бері орыс тілінде қойылып келеді.

Драма Кіші Азиядағы Сиуас қаласының құл базарындағы қызу құл саудасын баяндаудан басталады. Ашкөз саудагер қазақ даласынан тұтқындалған екі баланы намысшыл, ержүрек, асқан жауынгер халықтың ұрпақтары екендігін айтып қымбатқа бағалайды. Саудаға түсіп тұрған балалардың бірі өзін былайша таныстырады: «Жасым он екіде. Есімім – Бейбарыс. Жайық бойында моңғолдар тұтқынға алды. Ұлтым – қыпшақ, нәсілім – беріш. Жамақ ханның ұлымын» (Отарбаев Р. Айна-ғұмыр. Пьесалар. – Астана: Фолиант, 2013. 6-бет). Екі баланы да Мысыр билеушісі Сұлтан Салық Наджи-ад-диннің уәзірі сатып алады.

Драма желісіндегі Бейбарыстың одан кейінгі өмірі Мысыр жерінде әскербасы болуымен, ұлы дария Нілдің суын бөгеп басқа арнаға ағызу арқылы француз жауларын жеңуімен, король ІХ Людвикті қолға түсіруімен жалғасады. Одан әрі билеуші Иса Тұран Шаһ қаза тауып, патшаның әйелі мансапқұмар Фатима, жалақор, қызғаншақтық, көреалмаушылық қасиеттері басым Хуан уәзірдің арасында таққа талас басталады. Бұл билікқұмарлар елді жаудан қорғап, жер үшін жанын беруге әзір батыл да ержүрек Қалауын, Құтіз, Бейбарыс сынды қыпшақтардың таққа отырмауы үшін түрлі амал-айла тауып, қолдан келер опасыз қылықтарын жасап бағады.

Драма соңы сағыныштың шырмауына шырмалған Бейбарыс сұлтанның шаһар әкімінің ұсынған у қосылған қымызын ішіп, сұм ажалдың келгенін сезіп, болашақты иманды ұлдарға аманаттауымен аяқталады.

Рахымжан Отарбаевтың «Жәңгір хан» драмасы Бөкей Ордасының ханы Жәңгір Бөкейұлының тарих қойнауындағы игілікті істерін насихаттап, қазақ халқын білімді, мәдениетті етуге, таза дінді, ұлттық намысы бар қасиетті қазақты тәрбиелеуге ақылы мен барлық күш-жігерін сарп еткен қайраткер болғандығын баян етеді. Драма Жәңгір хан ордасын, ханның бөлмесін асқан шеберлікпен суреттеуден бастау алады.

Одан әрі Жәңгір ханның өзі ашқан «Жәңгір мектебінің» мұғалімі Ольдекон және мектеп бітіруші шәкірттерімен  кездесуі оқырман көңілін өзіне аудартып сүйсіндіреді. Жағрафия, орыс тілі, математика, физика, діни сабақ сынды пәндерден білім алған шәкірттер Жәңгірдің қойған сұрақтарына мүдірмей жауап береді. Жәңгір хан еңбегінің зая кетпегенін көріп көңілі жадырайды, қуанады.

Драманың соңы Жәңгір ханның өмірге өкпе айтуымен, ызаға булығып, жиған-тергенін есептеуімен аяқталады. «Түйежапырақтың көлеңкесіндей қысқа күнге қырық құбылған дос-жаран жиыппын. Көз аясына сияр жерден әріні көрмейтін қас-дұшпан жиыппын. Күйектей сақалы мен атадан қалған мақалынан басқа дәнеңесі жоқ бай мен би жиыппын. Қызыл өрттей шарпыған қызғаныш жиыппын. Көзін күлмеңдетіп қыз-қатын жиыппын. Оңған бөздей атақ-абырой жиыппын. Жиған-тергенің осы болса!..» (Сонда, 128-бет).

Драматургтың «Бас» драмасы қазақ халқының азаттығын көксеген күрескер, ел қорғаған батыр, қазақтың өр рухты ақыны Махамбет Өтемісұлының жендеттердің қолымен шабылған басының Кеңес тұсындағы жағдайын баян етеді.

Антрополог-ғалым Ноэль Жұмабаевич ұлы ақын Махамбеттің басын қазып алып, бас мүсінді қайта қалпына келтіреді. Өзі Мәскеуге кетпекші болып, ақынның бас сүйегін сақтауға тапсыратын орын іздеп әуреге түседі. Республикалық мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының басшысы Ықылас Төлеевич «сонда мәдени… тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы қу бас жинайтын орын ба?» (Сонда, 135-бет) деп ызаға булықса, әдебиет пен өнер инситутының басшысы Қайыпқали Есімович «бастың әдебиет пен өнерге қандай қатысы бар? Тіпті, байланысы жоқ қой… Кәдімгі қу бас» (Сонда, 136-бет)  деп қарсылығын білдірсе, мәдениет министрі Баймағамбет Айшуақұлы  да  бас мүсінді сақтаудан бас тартады.

%d0%b0%d0%b4%d0%b5%d0%b1%d0%b8%d0%b5%d1%822

«Осы кезде ішке осы мекеменің қарауылы Дәурен кеп кіреді.

Дәурен (әрі қаймығып, әрі ызалы): Ағалар, кешіріңіздер, ақынның басын маған бересіздер ме, мен сақтайын. Жастайымнан өлеңіне де, өзіне де табынып өскем…» (Сонда, 138-бет). Ақыры қазақ халқының мақтанышы, ер жүректі ақын Махамбеттің бас сүйегінің мүсіні мекеме қарауылы Дәуренге тапсырылады. Жертөледе күн кешіп, көше сыпырса да, ақын поэзиясының қасиетін түсіне білген Дәуреннің іс-әрекеті қуантады.

Ақынның бас сүйегінің қазылып алынып, қайта жерленбегенін білген Махамбеттің туысы, жанашыры Құрақ шалдың үлкен басшыға жазған хаты, үлкен басшының бас сүйегін тауып әкелгендерге жүз мың доллар ақшалай бәйге жариялауы оқиғаларды одан әрі шиеленістіре түседі. Бас сүйегін сақтауда немқұрайлылық танытқандар, бұл хабардан кейін ақынның басын жан ұшыра іздей бастайды. Бұл оқиғадан Ықылас, Қайыпқали, Баймағамбет сынды ашкөздердің сатқындығы, ақшақұмарлығы, жағымпаздығы айқын көрінеді.

«Махамбеттің басына деген немқұрайлылық ұлттық бол-мысқа, қазақы қасиетке, шынайылыққа, әділетке, мызғымас құндылықтарға деген немқұрайлылық» (Ә.Бағдәулет-қызы  Театр: Көркемдік. Суреткерлік. Сергектік. adebipor-tal.kz. 2015 жыл, 11 қараша) деген пікір бұлтартпас шындық. Себебі, ел үшін жанын пида еткен ақынның бас мүсінін қорғамау, сыйламау – қазақ ұлтына жат іс.

Автордың «Сырым батыр» тарихи драмасы Кіші жүздің Байұлы тайпасының Байбақты руынан шыққан, Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, ержүрек батыр, тілге жүйрік, от тілді шешен Сырым Датұлының өмірінің соңғы жылдары, отарлаушылардың озбырлықтарына қарсы күресіп, жайылымдық жерінен айырылған, патша үкіметінің тонауынан, жаншып таптауынан күйзелген қазақ халқы үшін күресуімен қатар қалмақтармен, тіпті башқұрттармен тайталасуы, Кіші жүз ханы Нұралымен де  қарсыласуы жайынан баян етеді.

Драма соңы қазақ халқының алдында тұрған екі-ақ жол, бірі – орыс, бірі – хиуа мен түрік болса, өз таңдауын қандастарымыз деп хиуа мен түрікке жасаған Сырым батырдың Хиуа еліне аттануымен аяқталады.

Автордың «Мұстафа Шоқай» драмасының басты мақсаты әлемге танымал қоғам қайраткері, ақиқат үшін алысып, азаттық үшін таласқан Мұстафа Шоқай бейнесін ұлт болашағын ойлайтын қайраткер тұрғысында таныту, оның баға жетпес құнды еңбектерін, тұжырымды ойларын бүгінгі жас ұрпақтың санасына ұялату болып табылады.

Драма тыңшылар мен құйыршықтардың, алашордашылар мен ішкі халық жауларының істерін тінтуші, тергеушінің сөзінен басталады. Одан әрі драма желісі Мұстафа үйінен дәм татты деген желеумен Әміре Қашаубаевты тергеу ісімен, ұзақ уақыттан кейінгі Шоқайдың жұбайы Мария Яковлевнамен кездесуімен жалғасады.

Опасыздардың Мұстафадан ала алмаған өштерін інісі Нұртазаның отбасынан алуы, Нұртазаны ату жазасына кесуі, жұбайы Мария Яковлевнаны қамауға алуы – кер заманның айқын бір дәлелі.  Мұстафаның қандастарымыз қамалған тұтқындар лагерінде болуы, ондағы аштықтан күйзелген, ауру, құр сүлделері қалған жадау тұтқындардың көрінісі жан түршіктіреді. Отандастарын бостандыққа шығаруға, тар қапастан алып шығуға жанталасқан Мұстафа ақыры у қосылған су бергеннен кейін қаза табады.

Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев драматургиясы тарихқа жан бітіріп, тарихи тұлғалардың ұлт бостандығы үшін сіңірген толассыз еңбектерін, біз білмейтін жаңа қырларын ашуға септігін тигізді десек,  «Бейбарыс сұлтан», «Жәңгір хан», «Бас», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды тарихи драмалары бұған дәлел.

«Шеберліктің түп атасы – талғам. Талғамы биік жазушы ешқашан арзанға алданбайды» (Исабеков Д. Қара сөздің ерікті тұтқыны. Кітапта: Р.Отарбаев. Аспандағы ақ көбелектер. – Астана: Фолиант, 2009. 5-бет) дейді жазушы Д. Исабеков автор туындылары хақында. Оның әр шығармасындағы әрбір сөзін талғам таразысынан өткізіп барып, сол арқылы жанды образ жасап шығарғанына туындылары дәлел. Тарихтағы табандылық пен тамырдағы тектілікті ұштастыра отырып, тұлға мен тобыр тартысқан замана шындығы бүкпесіз суреттеліп, тарихи тұлға бейнесі жаңашыл көзқарас тұрғысынан  бейнеленіп, көркемдік шешімін тапқан драматургтың әр туындысы қалың оқырман мен көзі қарақты көрерменге ой салары сөзсіз.

Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан

мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button