Шаруагердің мәселесі қашан шешіледі?
Соңғы кездері өңір шаруагерлерін жиі мазалағанымен оң шешімін таппай келе жатқан, ақиқатын айтқанда, фермерлердің жанайқайына айналған екі өзекті мәселе бар. Біріншісі – атакәсіппен айналысушы шаруашылық субъектілерінің ірі сабақты шөпті (қыстық мал азығы) дайындауға немесе сатып алуға кеткен шығындарын субсидиялау. Екіншісі – көктемгі су тасқынының салдарынан қыстақ үйлері мен қора-жайлары, егістік алқаптары судың астында қалып, материалдық-моральдық зардап шеккен шаруагерлердің шығындарын өтеу.
Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған бұл мәселелердің шешімін тауып, шаруа адамдарының талабын қанағаттандыру бағытында жасалынып жатқан қарекеттер де жоқ емес. Алғаш рет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймақтық филиалында Қазақстан фермерлер қауымдастығы Атырау облыстық өкілдігі ұйымдастырған алқалы жиында көтерілді. Жақында «Ақиқат» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Абай орталығында тағы бір басқосу өтті.
Ал, осының алдында ғана Атырауға іс-сапармен Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалинмен кездесу кезінде осы мәселелер қозғалған болатын. Алайда, бұл жолы да шаруалардың көкейіндегі сауалдар жауапсыз, «жабулы қазан» күйінде қалды. Кезекті жиынға облыс әкімі Серік Шәпкеновтің өзі келіп, уәжін айтар деп күткен көптің үміттері де ақталмады. Шаруалардың басын қосқан жиынға аймақ басшысының атынан (өкілі ретінде) облыс әкімінің аппарат басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Серік Нысанбаев және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат, халық қалаулылары, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алғашқы болып мінберге көтерілген облыстық мәслихаттың депутаты, аграрлық мәселелер, жерді пайдалану және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Айбар Ерекешов күн тәртібіне шығарылып, жергілікті атқарушы биліктің ғана емес, Үкімет пен Парламенттің назарына ұсынылып отырған мәселенің маңыздылығына тоқталды. Ең алдымен оның өңірдің, қалабердің елдің азық-түлік қоры жасақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі болып табылатының, сондықтан оған мемлекеттік деңгейде мән берілу керектігін алға тартты. Бей-жай қарап, шешімін кейінге қалдыру болмайтынын, бұған атқарушы және өкілді билік өкілдерінің мүдделілік танытуы қажеттігін қаперледі. Осындай мақсатта облыстық мәслихат депутаттары атынан Парламенттегі әріптестеріне депутаттық сауал мен Үкімет басшысына хат жолданғанын мәлімдеді.
Өз кезегінде жергілікті атқарушы билік құрылымдарының басшылары өз құзыреттері шеңберінде қойылған сұрақтарға жауап қайтарып, Шаруагерлер де де мәселені мейлінше оңтайлы әрі көп кешіктірмей шешудің тиімді жолдарын қарастырып, талаптарын қанағаттандыруға болатыны төңірегінде ойларымен ортақтасып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Дәулетқали АРУЕВ,
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ