Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Шаңырақ» балалар ауылының бүгінгі тынысы қалай?

Atr.kz/3 мамыр, 2020 жыл. Қазақстан халқының Бірлігі күні – патриотизмнің, достық пен татулықтың жарқын дәлелі. Өйткені, татулық – қашан да ең асыл байлығымыз. Оны жас ұрпақтың бойына толық дәрежеде сіңіре алып жүрміз бе? Бұл ретте Атырау қаласындағы отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының бүгінгі тынысымен таныстық.

 Аталған балалар ауылы негізінен тәрбиеленушілерге әлеуметтік қамқорлық көрсету, олардың заңды мүдделерін қорғау, педагогикалық-психологиялық сауықтыру жұмыстарын жүргізу, кәсіптік бағдар беру, медициналық көмек көрсету, оңалту, жан-жақты дамыту бағытында жұмыс жасайды.

– Бүгінгі таңда «Шаңырақта» 57 бала тәрбиеленуде. Коронавирусқа байланысты балалар ауылында өзін-өзі оқшаулау тәртібі қатаң сақталып отыр, бұл жағдайға толықтай икемделдік. Екі бала Алматы облысында интернатта оқуда. Біреуі Алатау ауданы Лепсі ауылында спорттық бағытта, екіншісі Жыланды елді мекеніндегі физика-математика мектебінде білім алуда.

Тағы бір бала денсаулығына байланысты өкпе ауруларын емдеу орнында сауықтырылуда. Қалған 54 бала «Шаңырақта» тәрбиеленіп жатыр. Мұнда негізгі жұмыс отбасы үлгісінде қалыптастырылған. Бұл ретте әрқайсысында тәрбиеші-аналары бар сегіз отбасы бар. Қырық төрт бала – мектеп жасындағылар. Олар қашықтан оқу режимінде тиісті сабақтарын оқуда. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Бес бала – студент. Біреуі жоғары оқу орнында, қалғаны колледждерде оқиды. Олар да қазіргі жағдайға бай­ланысты қашықтан білім алуда, — деді мекеме директоры Гүлсара Ботатаева.

Бір ерекшелігі, мұнда әртүрлі ұлт өкілдерінің балалары тату-тәтті өмір сүруде. Олардың арасында 24 қазақ, 24 орыс, 2 татар, 2 әзербайжан, 1 неміс, 2 марей, 2 украин ұлтының баласы бар. Әрқайсысына кең құшағын ашып, күлімдей қарап, анасындай бола білген Гүлсара Аманғалиқызы олардың ешқашан ұлтқа, жас ерекшелігіне қарай бөлінбейтінін ерекше мақтанышпен айтты.

– Кең байтақ Қазақ елінде татулық туы асқақ желбіреп тұр. Дархан даланың төсінде 130-дан астам ұлт өмір сүруде. Бұл – қазақтың қонақжайлылығының бірлік пен тұтастықты алға қоя білген жомарттығының нәтижесі. Ендеше, қазақтың қанына сіңіп, сан ғасырлар бойы қалыптасқан осынау құндылығы мәңгі жасауы тиіс. Біздің балалар да бұл асыл қасиеттің қадірін кеңінен бағалай біледі.

Бүгінгі сындарлы кезең тәрбиеленушілерді бір атаның баласындай ұйыстыра түсті. Төтенше жағдайға байланысты балалардың күйзеліске түспеуі қадағаланып, оның алдын алуда бірқатар шаралар қолға алынды. Сегіз ана-тәрбиеші өз отбасыларында түрлі жұмыстар жүргізуде. Ал, балалардың ұлтына, жынысына, жас ерекшелігіне қарамастан бір-біріне деген қамқорлығы ерекше. Осы бағыттағы жүйелі жұмысымыз көпке үлгі болып, біздің мекеме республика бойынша балалар үйі арасында алғашқы орындарда келе жатыр, — деді Гүлсара Аманғалиқызы.

Тағы бір сүйсінгеніміз, мұндағы өзге  ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілінде сөйлейді. Қазақтың салт-дәстүрлерін жетік білетіндері де байқалады. Марей ұлтының өкілі Лаура есімді қыздың бойынан қазақ қызына тән қасиеттің барлығы табылады. Инабатты, тәрбиелі. Өзі мектепте оқыса да, артынан ерген інісіне ерекше қамқор болып жүр. Ал, әзербайжан ұлтының өкілі Илона Джаббарова спортқа бейім. Таэквондомен айналысатын ол қалалық жарыстарға белсене қатысады. Балалар ауылының ұжымы болашақтаИлонадан спорт шебері шығады деп үміттенеді.

Орыс ұлтының өкілі Денис Михаильцев – балалар ауылының көшбасшысы. Спортты жанына серік еткен ол футбол ойнағанды ұнатады. Бүгінге дейін бірқатар жарысқа қатысқан. Атырау қаласына келген шетелдік бапкерлер де оның футболға бейімділігін жоғары бағалап, әрі қарай шыңдауға үлес қосты. Денис бүгінде «Шаңырақтағы» балаларға футбол ойнаудың техникасын меңгертіп жүр.

Мекеме басшысының айтуынша, балалардың түрі басқа болғанымен, олардың жүрегі қазақ деп, Отаным деп соғады. «Олар бір үйдің баласындай болып «Шаңырақта» тату-тәтті өмір сүруде. Педагогикалық-психологиялық бағыттағы ұжым оларға әр сәт сайын шаттық сыйлау үшін бар күш-жігерін аяп жатқан жоқ. Әр отбасындағы тәрбиеші-аналар қанша уақыт өз үйлеріне бармастан қызмет етуде?!

Балаларға бейбітшіліктің, тұтастықтың қадірін ұғындырып қана қоймай, әр ұлттың өзіндік тарихы, ерекшелігі барын да меңгертеміз. Осы орайда 1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлігі күніне орай әрбір отбасы әр ұлттың этномәдени қырларын ашып көрсетеді. Тәрбиеленушілер осынау іс- шараға дайындық үстінде» деді мекеме басшысы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

 «Шаңырақта» жанұя үлгісіндегі жұмыстарды ұйымдастыра отырып, балаларды отбасына орналастыру – басты мақсат. Осы орайда 2018 жылы – 15, 2019 жылы 18, биылғы жылдың бүгінгі күніне дейін 6 бала өз отбасыларымен қайта қауышты.

***

 «Шаңыраққа» орналасу динамикасына тоқталсақ, 2018 жылы – 28, 2019 жылы – 23, биыл қазіргі уақытқа дейін 7 бала қабылданды. Қазақ – жетімін жылатпаған халық. Бұл ретте бір жетімнің көз жасын сүртемін деп, бала асырап, бауырыма басамын немесе қорғаншылық- қамқоршылыққа аламын деушілермен мекемеде «Қабылдаушы ата-аналар» мектебі жұмыс жасайды. «Жанұя» қоғамдық қоры да осы қайырымдылық іспен айналысуда.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button