ШАБАҚТАР ШАЛҚАР ТЕҢІЗГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ
Балалар мен жасөспірімдерге табиғатты қорғауды насихаттау мақсатында өткізілген салтанатты шараны ашқан «Жайық-Атырау» бекіре балығын өсіру зауытының директоры Ғилман Сәрсемалиев: 1998 жылы пайдалануға берілген бұл кәсіпорын жыл сайын мемлекеттік тапсырысты артығымен орындап келеді. Осы жылдардың ішінде зауыт ұжымы сегіз миллион қорытпа, отыз бес миллион шоқыр, алты миллион орыс бекіресі, бір миллион жарым көлемінде пілбай шабақтарын Жайық-Каспий бассейніне жіберді. Биылғы жылдың өзінде екі миллионға жуық бекіре балықтарының шабақтары Каспий теңізіне жол тартты. Еліміздегі бекіре шабақтарын өсіретін екі зауыт бүгінде аздық етеді. Зауытымызды заман талабына сай қайта жабдықтау өзекті мәселенің бірі болып қала бермек» деді. Мекеме басшысы зауыт және Амангелді атындағы өндірістік кооперативінің бір топ қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, Алғыс хаттар табыс етті.
Облысымыздың балық өнеркәсібі саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен ардагерлер Бостан Сүлейменов пен Қайыржан Әлиев сөз сөйлеп, жас ұрпаққа облыстағы балық кәсіпорнының құрылған күннен бастап өркендеу жолына дейінгі арғы-бергі тарихын баяндады. Балаларды бекіренің болашағына жанашырлықпен қарауға, өңірімізге сыйлаған табиғаттың тамаша тартуын сақтап қалуға өз үлестерін қосуға шақырды.
Шара барысында ән мен биге, сондай-ақ, балаларға арналған тосын сыйға да кезек берілді. Содан соң балалар 10 000 дана бекіре балығының шабақтарын Жайық өзеніне жіберу шарасына қатысты. Шоршыған шабақтарды кішкентай алақандарында аялай ұстаған балалар өздеріне сеніп тапсырылған бұл жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарды.
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.