Шағын және орта бизнес: Мемлекет ұсынған мүмкіндіктер
Атырау – еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 11,5 пайызын өндіретін қарқынды дамыған аймақтардың бірі. Өңірдің экономикалық дамуындағы дәстүрлі және негізгі бағыт – мұнай өндіру мен мұнай-сервис саласы. Сондықтан, мұнда ірі және орта бизнес өкілдері көптеп шоғырланған. Соңғы жылдары шағын және орта бизнесті дамытуға барлық жағдай жасалып жатыр. Нәтижесінде ауылшаруашылық өндірістік кешенінде, көлік-логистикалық және құрылыс салаларында ілгерілеушілік байқалады.
Кәсіпкерге – қайтарымсыз грант
Қазіргі нарық жағдайында мұнай-химия саласымен бірге кәсіпкерлік те кең етек жайып келеді. Соңғы алты жылдың өзінде ауыл кәсіпкерлерін қолдауға жергілікті бюджеттен бөлінген 1657,0 млн. теңгеге 553 жаңа жұмыс орны құрылып отыр. Облыста шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мақсат – тұрақты жұмыс орындарын құру. Ең бастысы, ел экономикасының шикізаттық емес секторындағы аймақтық кәсіпкерлікті дамыту.
Ал, қайтарымсыз грант ауылдық жерде бұрын іске аспаған ерекше немесе инновациялық жобаларға беріледі. Әдеттегі шаштараз, дүкен ашқан кәсіпкерлерге берілмейді. Мәселен, Қызылқоғада бір тұрғын мемлекеттен грант алды. Сол қаржыға бидайды ұнтақтап, мал азығын дайындайтын шағын элеватор құралын сатып алды. Мұндай жоба мүмкін облыс орталығында болар, бірақ, ауданда жоқ. Енді ауыл тұрғындары алысқа бармай, жемді сол кәсіпкерден арзан бағамен алады. Тағы бір мысал, исатайлық кәсіпкер жиһаз цехын ашуға 1,5 млн. теңге грант алды.
Өз ісін ашқан жеке кәсіпкерлердің дені Атырау қаласында (жалпы санынан 68 пайыз), Жылыой (12,8), Құрманғазы (4) аудандарында шоғырланған. Ал, шаруа (фермер) қожалықтарының көпшілігі Құрманғазы (27,1), Махамбет (19,1) аудандарында және облыс орталығында (12,8) тіркелген. кәсіпкерлер «Бастау-бизнес» бағдарламасы арқылы 19 млн. теңге қаражатқа ие бола алады. Ал, ауылдық жерде – 4 млн. теңге, біріккен кооперативтер үшін 10-12 млн. теңгеге дейінгі қаржы алты пайызбен беріледі.
Инвестиция – игергенге игілік
Аймақ экономикасына құйылып жатқан шетелдік кәсіпкерлердің инвестициясында айтарлықтай өсім байқалады. Атырау – республика көлемінде инвестиция тарту жағынан ең көп соманы құрайтын өңір. Қазір мұнда 11 млрд. доллардан асатын 7 шетелдік инвестициялық жоба жүзеге асуда. Оның екеуі – Қытайдан. Қалғаны – АҚШ, Сингапур, Жапония, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей мемлекеттерінен бір-бір инвестициялық жоба бар.
Инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетуде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазинвест» ұлттық компаниялары маңызды роль атқарады. Айтпақшы, инвестициялық жобалар енді әкімшілік кедергілер мен сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен заңмен қорғалатын болады. Екіншіден, ел қазынасын еселеп отырған кірістің көп бөлігі индустриялық бағдарламалар арқылы жүзеге асып жатқан инновациялық игіліктерге тиесілі. Әсіресе, Елбасының тапсырмасы бойынша өндірісті өңірде шетелдік инвестиция қаржысымен іске қосылған жарқын жобалар жетерлік.
Несие еселеген несібе
Облыстық кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізовтің айтуынша, инвестициялық жобаларға үнемі мониторинг жүргізіледі. Облыста шағын несиелеу бойынша бірнеше мемлекеттік және жергілікті бағдарламалар жүзеге асуда. Соңғы алты жылда қыруар қаржы бөлініп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бағдарламаға қатысушылардан бюджетке 100 млн. теңге салық және шығарылған өнімнен 1 млрд. теңгеге жуық табыс түсті.
Бұл қаражат «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы игеріліп отыр. Оның да өз талап-шарттары бар. Мәселен, несие төрт жылға 7 пайызбен беріледі. Бір қарыз алушыға белгіленген ең төменгі сома – 500 мың теңге, максималды – 19 млн. теңге. Соның ішінде, биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, жалпы несие сомасы 167,2 млн. теңгені құрады. Нәтижесінде, 38 кәсіпкердің жобасы қолдау тауып, 19 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл – шағын және орта бизнесті дамытуға қосылған үлкен үлес.
Соңғы екі жылда «Даму» қорымен жаңа бағдарлама енгізіліп, 1 млрд. теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде, жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге, «Даму» қорынан 500 млн. теңге және қайтарылған қаражат есебінен 64,0 млн. теңге несие берілді. Сөйтіп, 42 жоба қаржыландырылып, жүз жаңа жұмыс орны құрылды. Қаражат «АТФ банк» және «Нұр банк» АҚ арқылы игерілуде. Несие жеті жылға 8,5 пайызбен беріледі. Максималды қарыз сомасы – 50 млн. теңге.
Бизнестің байыпты бастамалары
– Біздің басқарма, «Даму» қорының бөлімшесі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының филиалы және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» мамандары көмек беруге қашан да дайын. Биыл (1 шілдедегі көрсеткіш) сервистік қолдау бойынша 886 кәсіпкерге 1013 қызмет көрсетілді. «Бизнес-Кеңесші» жобасы аясында 368 адам білім алып, алты кәсіпорын басшысы топ-менеджмент негіздеріне оқытылды, — деді Айқын Елеусізов.
Былтыр «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты – «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» шеңберінде өңір кәсіпкерлерін несиелеуге 840 млн. теңге бөлініп, 148 жоба несиелендірілді. Сонымен қатар, 27 млн. теңгеге 25 жоба кепілдендірілді. Ал, биыл шағын несиелеуге 1,6 млрд. теңге және кепілдендіруге 97,5 млн. теңге бөлінді.
Бүгінде облыс кәсіпкерлері үшін Атырау қаласы мен барлық ауданда «біз терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету орталығы жұмыс жасайды. Онда кәсіпкерлік субъектілеріне қажетті барлық қызмет көрсетілуде. Ал, 2013 жылдың мамыр айынан бері кәсіпкерлікті қолдаудың мобильді орталығы қызмет көрсетеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Биыл бірінші жартыжылдықта іске қосылған жобалар:
Тауарлы бетон – «New Ascent» ЖШС
Бір реттік қолдануға арналған қағаз стакандар – «АНТА» ЖШС
Полиэтилен пакеттері – «Plasticcom» ЖШС
Екінші жартыжылдыққа жоспарланған жобалар:
Фармацевтикалық зауыт құрылысы – «Lumpan Caspian Pharmaceuticals LLP» ЖШС;
Ет бағытындағы құс фабрикасы – «MEKEN CHICKEN» ЖШС;
Диірмен құрылысы – «Карат» ЖШС;
Коррозияға қарсы қорғағыш қаптама өндірісі – «Атыраумұнаймаш» ЖШС;
Темірбетон бұйымдарын шығару – «Атырау бетон 24» ЖШС.
Кәсіпорындардағы технологиялық жаңғыру жұмыстары:
«Жігермұнайсервис» ЖШС – роботты дәнекерлеу әдісімен металл құрылымдар өндіру;
«Қожан» АҚ – электрлік центрифугалық сорғыларды орнату қондырғысымен ұңғымаларды бөлек қосу;
«Сазанқұрақ» ЖШС – мұнай қайтару коэффициентін көтеретін технологиялар енгізу;
«Ембіведьойл» ЖШС – ұңғыма жұмыстарын оңтайландыру мен энергия үнемдеу үшін тербелмелі станоктарды басқару стансаларын іске қосу.
Кәсіпорындарды цифрландырудың жол картасы (2018-2025 жж.):
«Өнерпаз» ЖШС – сұранысқа сай автоматты тігін машинасын іске қосу;
«Рауан Налко» ЖШС – сандық зертхана ашу;
«Studbolt Manufacturing» ЖШС – сандық бағдарламаларды басқаруды енгізу;
«Lumpan Caspian Pharmaceuticals» ЖШС – цифрландыру элементтерін қолдану;
«Атыраумұнаймаш» ЖШС – коррозияға қарсы қорғағыш қаптамалар өндіру.