Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Үш тіл білгеннен ұтарымыз көп»

Ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 пайыз ақпарат ағылшын тілінде жарияланатынын өз Жолдауында баса айтқан  Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Ал, Атырауда ашылған Назарбаев Зияткерлік мектебінде бұл тәжірибе бұрыннан бар. Жаратылыстану бағыты бойынша 7-8 сыныптарда оқу процесі ағылшын тіліне біртіндеп көшіріледі. Яғни, әр пән қазақ және орыс сыныптарда ағылшын тілі пәні мамандарының бірігіп оқытуымен жүргізіледі. Бұл пән мұғалімдеріне тіл үйренуге де тигізер септігі зор. Ал, 9-12 сыныптар аралығында оқушыларға білім тек ағылшын тілінде беріледі.

«Үш тіл білгеннен ұтарымыз көп»

Жаңа реформаның басты басымдықтары неде? Жалпы білім беретін орта мектептер бұл жүйеге ілесіп кету үшін не істеу керек? Осы сұрақтарға жауап іздеп, біз Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Саламат ҚАБДОЛОВҚА хабарластық.

Бастамаға мұқият қарау керек

— Сіздің ойыңызша, биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі неде?

— Елбасымыз Жолдауында институционалды реформалардың бес басымдығын атап өткен. Адами капиталдың сапасын жақсарту басымдығында білім беру жүйесіне өзгеріс енгізу, нақтырақ айтсақ, үштілділік мәселесі қарастырылған. Жоғары сыныптарда кейбір пәндер тек қана қазақша-орысша жүргізіліп, ал, ғылыми пәндерді ағылшын тілінде оқыту турасында бұрынырақта да әңгіме болған. Қоғамымыздың бір бөлігі бұл өзгеріске қолдау көрсетіп жатса, мүлдем қарсылық танытып немесе күмән келтіріп жатқандар да бар.

— Ал, сіз қалай ойлайсыз? Қазақстандық оқушылар химия-физика сынды ғылыми пәндерді ағылшын тілінде оқуға дайын ба?

— Меніңше, үш тілді қатар меңгеруден барлығымыз да ұтамыз. Бұл реформа келешекте азаматтарымыздың жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына септігін тигізеді деп сенемін.  Алайда, үштілділікті орта білім беру деңгейінде енгізу барысында өте мұқият болуымыз қажет. Көптілділікті іске асыруда қазақ-түрік лицейлері мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің мол тәжірибелері бар. Дегенмен, бүкіл республикада шарттар өзгеше келуі мүмкін. Өйткені, аталмыш мектеп жүйелерінің зияткер оқушыларды үш тілде оқытуда жетістігі болса да, жалпы орта мектептерде бұл тәжірибе қаншалықты тиімді іске асатындығы туралы нақты дерек жоқ.

Егер, ұстаздар қауымдастығы мен білім беру басқармалары ғылыми пәндерді ағылшын тілінде оқытуда асығыстыққа жол бермей, өте мұқият болса,  оң нәтижелерге бірте-бірте  жетуге мүмкіндік туады.

— Сонда сіз айтып отырған орта жол қандай?

— Пән мұғалімдері оқыту барысында ең әуелгі кезекке сабақ мазмұнын жеткізуге тырысуы қажет. Содан кейін ғана ағылшын тілін оқытуы керек. Яғни, математика сабағы ағылшын сабағы болып кетпеуі тиіс. Сонда ғана  сабақтарды өз тілінде оқып келген оқушы үлкен ауыртпалықсыз бейімделіп алады.

Мұғалімге оңай болмайды

— Бұл мәселеде оқушыдан бұрын қиындықты мұғалімдер сезінетін секілді…

— Иә, ең алдымен, үлкен жүк мұғалімдерге түсері сөзсіз. Өз пәнінің мазмұны бойынша өмір бойы ұштала беру қажеттілігімен қатар, енді ағылшын тілін меңгеру талабы туындап отыр. Мұның бәрі тұлғалық дамуға әкеледі десеңіз де, кез-келген мұғалім мұндай жүктемеге шыдас бермейтіні анық. Осы жайттың алдын алмаса,  кадрлар  тапшылығы  орын алуы  мүмкін. Мысал ретінде, жоғары оқу орындарын жақсы нәтижемен аяқтаған, үш тілді де еркін меңгерген бір жасты алайық. Алдында екі таңдау болады дерлік: үнемі ізденіс пен шығармашылықты, дайындықты, жақсы ұйымдастыруды талап ететін мұғалімдік мамандығы бір жақта, екіншісі – табысы бес-жеті есе көп, өнеркәсіптік  саласындағы қызмет. Отбасының болашағын ойлаған жас үшін таңдаудың қайсысы басым екені айқын сияқты.

— Ал, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесінен алатын болсақ, пәндерді кіріктіру және шет тілде оқыту неден басталды?

— Біздің бағдарламамыздың ерекшелігі – бір тақырыпты қайта-қайта оқыта бермей, бар білімнің үстіне білім қосу, одан әрі қарай тереңдету. Шет тілде оқыту термин сөздердің ағылшынша берілуінен басталады. Содан соң, оқушылардың жоғары сыныпта ағылшынша жеткілікті мөлшерде үйренуімен халықаралық оқушыларға арналған Кембридждің пән оқулықтарымен жұмыс істеу басталады.

— Қазір өз тәжірибеңізде бұл үрдіс қалай іске асуда?

— Біздің мектептің оқу бағдарламасы бойынша пәндер оқу тілі бойынша бөлінген. Қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, қазіргі замандағы Қазақстан, география сынды пәндер барлық оқушыларға қазақ тілінде оқытылса, информатика, орыс тілі, орыс әдебиеті, дүние жүзі тарихы пәндері тек қана орыс тілінде үйретіледі. Ал, математика, физика, химия, биология, экономика сынды пәндер алғашында өз тілінде оқытылса, жоғарғы сыныптарда ағылшын тілінде білім беру  қарастырылған. Көргеніңіздей үштілділік жалпы мектеп бағдарламасы бойынша іске асуда. Дара сабақ аумағында үштілділік арнайы ашық сабақ өткізген кезде жүзеге асып жатады. Ондай сабақ көбіне қазақ және орыс сыныптарының шетелдік әріптеспен біріге оқытуы  арқылы өткізіледі.

Нәтижеге жете бастадық

— Яғни, Назарбаев Зияткерлік мектептері бүгінде үштілділіктің нәтижесін  көріп отыр дейсіз  ғой…

— Иә, Назарбаев Зияткерлік мектебіне түскен уақытта бір немесе қос тілді болған оқушылардың мектеп аяқтар кезде үш тілді де емін-еркін қолдана алатынын көресіз. Оқушылардың бір бөлігі шетелдің жоғары оқу орындарында оқып жатыр, қиын мамандықтарды да меңгеруде. Жеке тәжірибемде тарихи жағдайларға байланысты Африканың түрлі елдерінен келген бес, алты, тіпті одан да көп тілді меңгеріп өскен студенттерді  де көргенмін.

— Үштілділік мәселесіне қоғамда көзқарастар әртүрлі. Әсіресе, бұған, ең алдымен, ата-аналар алаңдаулы. Бұл, әрине, түсінікті. Осы орайда, сіз не айтар едіңіз?

— Бұл жаңа қадам оқушыға да, ата-анаға да қиындық туғызары түсінікті. Алайда, оған байланысты ұстанымды таңдамас бұрын «балам бұдан не ұтады?», «қандай мүмкіндіктерге ие болады?», «неден ұтылады?», «қандай қауіптер болуы мүмкін?» деген сауалдарға мейлінше көп жауап тауып алғаны дұрыс. Содан соң, отбасылық немесе жеке құндылықтарына сәйкес жақын адамдарымен және құзыретті мамандармен талқыға салуы абзал. Сонда  жай ғана алаңдау емес, нақты ой қалыптасады.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Cұхбаттасқан: Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button