«Серпіннен» жүлдемен оралды
Атырау қаласындағы №18 балабақша бүлдіршіндері Ұлы Отан соғысының ардагері Айдын Айбаровпен кездесті. Тағылымды шара барысында балдырғандар соғыс жылдарындағы ән-билерді орындап, қарияның қызықты әңгімесін тыңдады.
Аталған тәрбие орны өңірде ұйымдастырылып жүрген мәдени-көпшілік іс-шаралар аясындағы сайыстарға талантты бүлдіршіндерді дайындап, қатыстырып жүр. Мысалы, жақында өткен «Серпін» республикалық байқауына балабақша атынан 35 бүлдіршін қатысып, «вокал», «хореография», «оркестр» номинациялары бойынша өнерлерін көрсетті.
Сайыс барысында бүлдір-шіндер қазылар алқасы мен көрермендердің ықыласына бөленді. «Вокал» номинациясы бойынша Шәріпхан Нұрғиса сайыстың жүлделі екінші орын иегері атанды. Аймұрат Инабат бірінші орынды жеңіп алды. «Балалар музыкалық оркестрі» бірінші орынға, «хореография» бағыты бойынша «Жұлдыздар» би тобы екінші орынға ие болды. Жеңімпаздар сайыс кубогымен марапатталды.
Дана ТӨЛЕШЕВА,
Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының оқушысы,
Атырау қаласы.