Серік Шәпкенов Жаңа жылмен құттықтады
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов аймақ тұрғындарын Жаңа жылмен құттықтап, мерекелік лебізін білдірді.
Құрметті жерлестер!
Баршаңызды жаңа 2025 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Жыл мен жылдың тоғысында өткенге ой жүгіртіп, сабақ алып, келер күнге көз тігеміз. Тарихтың қойнауына бойлаған 2024 жылдың күмілжіткен қиындығы да, көкіректі кернеген қуанышы да жетіп артылды. Көктемде тасқынға қарсы қарусыз майданда күресіп, бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында сынақта сағымыз сынбай, өлкемізді апаттан аман алып қалдық.
Жылдың сүйіншілер жаңалығы да аз болған жоқ. Жаңа білім нысандары шәкірттерге есігін айқара ашты. Әлеуметтік салада тұрғындар игілігін көксеген келелі істер тындырылды. Өндірісіміз өрістеп, өлкеміз бұрынғысынан да ажарлана түсті. Халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жаңа жылда да жалғасын табады.
Сіздерді осынау жарқын мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа бақ-береке ұя салсын деп тілеймін!
Әр үйде сәбидің шат күлкісі сыңғырлап, татулық пен береке мәңгі салтанат құрсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, еліміздің еңсесі биіктеп, халқымыздың қазынасы молая берсін!
Жаңа жыл құтты болсын!
Атырау облысының әкімі С.Шәпкенов