Серік Шәпкенов: сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарына қоғам белсенділері араласу қажет

screenshot 6 13 Жаңалықтар

Бүгін аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Атырау облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде ведомоствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.

Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары, басқарма басшылары мен қала, аудан әкімдері селекторлық режимде қатысты.

Күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселе – сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы Ерлан Досанов баяндама жасады. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде «Тухлая балка» буландыру алаңы мен «Ерік Мостовой» дренаж жүйесінің проблемасы анықталған. Департамент басшысының айтуынша, заң нормасында көзделген талаптар мен бекітілген жоспардың мерзімі сақталмайтындығы, шешім қабылдау барысында түрлі әкімшілік кедергілердің орын алатыны, салдарынан бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаражатты тиімсіз пайдалану қаупі бар екендігі анықталған.

 Экология департаментінің мәліметіне сәйкес, соңғы бес жылда Атырау облысында экологиялық ахуалмен байланысты 47 оқыс оқиға орын алған. Соған байланысты уәкілетті органдармен шаралар алу нәтижесінде 2,5 млрд теңгеден астам сомаға айыпұл салынса, 700 млн теңгеден астам қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшері анықталды. Соңғы бес жылда қоршаған ортаға зиян келтіру оқыс жағдайлары орын алған ТОП-5 компанияның тізімінде «АМӨЗ» ЖШС, «Ембімұнайгаз» ЖШС, «North Caspian Operating Company N.V» филиалы, «Теңізшевройл» ЖШС бар. Атырау қаласындағы экологиялық ахуалдың нашарлауына, жағымсыз иістің үздіксіз орын алуына осы буландыру алаңында ағынды сулардың жиналуы себеп болып отыр. Қазіргі уақытта «АМӨЗ» ЖШС-нің мәліметтеріне сәйкес, буландыру алаңының 3 және 4 бөлігінде жиналған сарқынды сулардың құрғатылған 1 және 2 бөлікке қайтадан төгілу қаупі туындап тұр. Салдарынан Атырау қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мәселесі әлі күнге дейін шешілмеуде және «АМӨЗ» ЖШС тарапынан қыруар қаражат жұмсап жасаған жұмыстардың зая кету қаупі туындауда,-деді Е.Досанов.

Сондай-ақ аталған мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин баяндама жасады. Оның мәліметінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы тұрудың» №4 Үлгілік базалық бағыты бекітілген.

– №4 Үлгілік базалық бағытты өңірлерде жүзеге асыру бойынша тоқсандық есеп аясында бағалау жүргізілуде. Атырау облысының жергілікті атқарушы органдарымен аталған бағытта атқарған жұмысы көңіл көншітпейді. Жоба жүзеге асырылып жатқан 17 өңірдің ішінде соңғы орында тұр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және оларды жою бойынша 40 балл берілген,-деді Н.Жахин.

Сонымен қатар «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық Кеңес төрағасы Сайын Қуанышев облыстағы қалыптасқан сыбайлас жемқорлық ахуалы және ағымдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру туралы баяндама жасады.

– Қоғамдық Кеңестің соңғы жылдары жүргізген жұмыстары жөнінде цифрмен айтсақ: соңғы үш жыл мен осы жылдың он айын қоса есептегенде 158 отырыс өткізіліп, 473 ұсыныс берілді. Оның 410-ы орындалса, 63-і орындалу үстінде. Аймақтық кеңеспен аталған мерзімде 27 отырыс өткізіліп, 218 ұсыныс берілді. Ұсыныстардың 187-сі орындалып, 31-і орындалу үстінде,-деді С.Қуанышев.

Жиын барысында қозғалған мәселелер жөнінде комиссия мүшелері сауалын жолдап, ұсыныс-пікірін білдірді. Ал облыс әкімі Серік Шәпкенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарға немқұрайлылық танытпауды ескертті.

– Сыбайлас жемқорлық бар жерде әділетті қоғам орната алмаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстанды құру үшін адам құқығы мен заң үстемдігі мәселесін алға қойды. Осыны басты назарға алып, жұмыс істесек сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оны жеңе аламыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз