Жарнама
Жаңалықтар

Серік Шәпкенов Есбол ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті

Облыс әкімі Серік Шәпкенов Индер ауданы Есбол ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Серік Шәпкенов Есбол ауылдық округіндегі құрылысы аяқталған және салынып жатқан әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен 2023 жылы күрделі жөндеуден өткен әкімдіктің ғимаратына барды. Мұнда 6 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. 4 кабинет және «Ашық әкімдік» терезі жасақталған. Мекеменің алдағы жоспарында округ тұрғындары аудан орталығына барып жүрмес үшін Halyq bank терминалын орнату мәселесі тұр.

imgl2951

Сондай-ақ, Серік Шәпкенов «Индер орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барды. Мекемеде 48 адам жұмыспен қамтылған. Барлық техникалық құралдармен жабдықталған. Яғни, 4 трактор, 3 УАЗ көлігі, 1 су тасу көлігі, өртке қарсы 4 тонналық және 3 тонналыө трактор тіркемесі, 7 мотопомпа, 14 мотопель және қызметтік көлік бар. Ал мемлекеттік орман қорының аумағы барлығы — 17 908 га. Соның ішінде орманды алқап — 7 604га. Бұл Индер және Қызылқоға аудандарын қамтиды. Мұнда шаған, қарағаш, үйеңкі, жиде, көктерек пен сексеуілдің әр түрі өседі. Жылына 164,5 гектар тал егу жоспарда бар.

Серік Шәпкенов мекеме басшысына орман қорындағы ағаштар санын көбейту үшін теректерді белгіленген жоспардан көп егуді тапсырды.

Сонымен қатар аймақ басшысы Есбол ауылдық округінде салынып жатқан 320 орындық мектептің құрылысымен танысты. 2021 жылдың сәуір айында басталған құрылыс сол жылы қазан айында тоқтап қалған. Себебі жер асты суы шығуына байланысты құрастырмалы ірге тасы монолитке өзгертілді. 2022 жылы 20 қаңтарда сараптама қорытындысы алынды. Спорт залының бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде құрылыс жұмыстары 60%-ға аяқталған. Мұнда 25 жұмысшы бар. Мектептің құрылысы 2023 жылы тамыз айында аяқталады деп күтілуде. Қазіргі уақытта ғимараттың екінші қабатының ішкі және сыртқы тас қалау жұмыстары аяқталды.

Аймақ басшысы «Оңдасын Строй» ЖШС мердігер мекемесінің өкіліне бірқатар ескерту беріп, жұмыс күшін көбейтуді, «Мұзтау» ЖШС-ның техникалық бақылаушысына жұмысты сапалы жүргізуін қадағалауды жүктеді.

Кейін облыс әкімі Серік Шәпкенов Есбол ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

imgl3036

Алдымен Серік Шәпкенов Есбол ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Кейін ауыл тұрғындарының мәселесін тыңдады. Есбол ауылында ауыз сумен қамту мәселесі өзекті.

— Есбол ауылындағы ең басты мәселе — таза су. Тұрғындарға ауыз суды тұрақты әрі сапалы беру үшін ауылдың су тазарту қондырғысы жөндеуден өткізіліп, толықтай іске қосылды. Алайда Жайық бойындағы таза су қондырғыларын күтіп ұстау мәселе болып тұр. Бұл Махамбет және Индер аудандарында бар. Өткен жылы сәуір айында қызметке тағайындалғаннан бастап аудандарды аралағанда көптеген жерде прокуратураның ұсынымымен кейбір жерлерде су беруді тоқтатуға дейін барды. Ол жерде істеп жатқан жұмыстардың сапасыздығы, келіспеушілігі, дұрыс күтпегеннен істен шығуы деген мәселе болды. Сондықтан бұл жұмыстарды жүйелі түрде әлі де қарайтын боламыз. Тапсырма берілді, жұмыстар жасақталуда,- деді С.Шәпкенов.

Жиында тұрғындар ауыз сумен қамту, ауылішілік автокөлік жолын, ойын алаңын, спорт кешенін салу, жұмыспен қамту, көше жарығын жүргізу сынды әлеуметтік мәселелерді талқылады.

imgl2837

Аймақ басшысы жиында көтерілген мәселелер бақылауында болатынын, олар заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Серік Шәпкенов тұрғындармен кездесуден соң азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Есбол ауылдық округінде 5 135 адам тұрады. Мұнда 4 мектеп, 2 бөбекжай, 1 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт және өзге де әлеуметтік нысандар бар.

Серік Шәпкеновтің Есбол ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі Индер ауданы әкімдігінің Facebook, Instagram желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button