СЕРГЕК: әзірге айыппұл салынбайды
Аtr.kz/21 мамыр, 2020 жыл. Өңірде өткен жылдан бері «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі орнатылуда.
Жаңа жүйе жол қозғалысы ережелерін бұзу, жылдамдық режимін асыру және тоқтау сызығын басуды тіркейді. Таяуда «Сергек» бейнебақылау жүйесі пилоттық режимде пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта жүйенің, ахуал орталығының және басқа құрамдас бөліктердің жұмысқа қабілеті тексерілуде. Бұл туралы «Сергек» жүйесін орнатумен айналысатын «Көркем-Телеком» ЖШС-нің баспасөз қызметіне хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрадық.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған жоба тәжірибелік пайдалануға берілді. Әзірге жол ережесін бұзғандарға айыппұл салынбайды. Жергілікті билік жүйенің жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды қашан тіркей бастайтынын қосымша хабарлайды. «Ақылды» бейнебақылау жүйесі инфрақызыл көмескі жарықтың көмегімен түнгі режимде де ереже бұзушылықтарды көреді. Бейнежазбалар серверде отыз күн сақталады. Оны тек өкілетті органның рұқсатымен қарауға болады.
«Ресми түрде бұл жоба «Атырау қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнетіркеу және бейнеталдау жүйесін құру және пайдалану» деп аталады. Жобаның мақсаты – жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін азайту, қозғалыс мәдениетін және жолдардағы қауіпсіздікті арттыру. Аппараттық-бағдарламалық жүйе қалада жұмыс істеп тұрған 759 бақылау камерасын қосымша орнатылатын «Сергек» жүйесінің 774 камерасымен біріктіруді көздейді» деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметінен.
Атыраудағы жобада 3 мыңға жуық камера қамтылған: оның 774-і қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету камерасы және 750-і интеграцияланған камера, сонымен қатар, 1224 камера жол қиылыстары мен жолдың желілік учаскелеріне орнатылады. Сауда орталықтары мен басқа да халық көп жиналатын орындардағы бейнебақылау камералары біріктіріледі.
Жалпы, «Сергек» камерасының деректері алдымен ахуал орталығында тіркеледі. Ал, жол қиылыстарында және жолдың желілік учаскелерінде орнатылған аппараттық- бағдарламалық кешендердің құрамына кіретін камералар да қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, «Сергек» жүйесі бойынша жұмыс басталғалы бері қаладағы жол белгілері мен жолақтар жаңартылды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА