Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Сенаторлар Сарытоғай ауылының тұрғындарымен кездесті.

Сенаторлар Қайрат Ищанов пен Сәрсенбай Еңсегенов Махамбет ауданында болып, Сарытоғай ауылының тұрғындарымен кездесті.  

Әңгіменің арқауы – ауылдың жайы

— «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жаңа дәуір қарсаңындағы кемел келешегімізді айқындайтын тарихи маңызы зор құжат, — деді алғашқы сөз кезегін алған Сенат депутаты Қайрат Қыдырбайұлы.

Жолдауда айтылған бірінші басымдық-экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, — деді сенатор сөзін одан әрі сабақтап. – Сондықтан, цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Екінші кешенді міндет-жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін берілуі. Бұл – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар. Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор. Бұл саланы экономиканың жаңа локомотиві ретінде қабылдап, әлемдегі ең ірі экспорттаушы елге айналуымыз керек.

Осылай түйінделген әріптесінің сөзін одан әрі жалғаған Сенат депутаты Сәрсенбай Құрманұлы негізінен Елбасының бастамасымен халықтық талқыға ұсынылған Конституциядағы өзгеріс енгізілетін жаңа заң жобасы туралы ойын тарқатып айтты.  Оның пайымдауынша, меншік құқығына, жер пайдалану құқығына байланысты пікір қарама-қайшылығы болуы мүмкін. Заңда: «әркімнің заңды жолмен алған мүлкі болса, кепілдік алуға құқы бар» делінген. Жер ешқашан шетелдікке сатылған жоқ, сатылмайды да, — деп ойын жинақтаған сенатор Конституциядағы кейбір заңнамалық өзгерістерге байланысты ұсыныс-пікірлерді жергілікті әкімдік арқылы Парламент сайтына жолдауға болатынын жеткізді.

Ішкі істер органының ардагері, Махамбет ауданының Құрметті азаматы Н.Сәменов, мәслихаттың депутаты, Есбол орта мектебінің директоры Ф.Тюрина Жолдауда қазіргі кездегі ақпараттың 90 пайызы ағылшын тілінде жарияланатындығы айтылғандығын алға тартып, оқыту бағдарламаларын қазіргі талапқа сай түбегейлі өзгерту, үш тілді қатар оқытуға кезең-кезеңімен көшу жөніндегі өзіндік ой-пікірін ортаға салды. Ал, сарытоғайлық еңбек ардагері В.Д.Стамов бірнеше рет өзгеріске түскен зейнетақы реформасы төңірегіндегі түйткілді мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, кезінде алма бағымен атағы шыққан Сарытоғайдың жері құнарлы, неге біз алыс-жақын шетелден тасымалданған сапасыз өнімді тұтынамыз, сондықтан Елбасы Жолдауына үн қосып, ауыл шаруашылығы саласын жандандыруымыз керек, деген ұсынысын айтты. Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің облыс бойынша 90 пайызын Махамбет ауданы қамтамасыз етіп отырғандығын айтып өткен аудан басшысы А.Құттұмұрат-ұлы бұл ұсынысты  қолдайтынын білдірді.  Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы У.Рахымжанов та Сарытоғай мен Махамбет ауылдары қосылғалы бері бұл елді мекеннің елеусіз, ескерусіз қалғандығын құлаққағыс етті.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ.

Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button