Жарнама
Қоғам

Сен неткен құдіретті ең ерен еңбек!

Тақырыпты бүгінде 88 жастағы ауыл ақсақалы Теміртас Елеусіновтың өнегелі өмір жолы айғақтап тұр. Сұрапыл соғыс жылдарында жеті-сегіз жасында қозы баққаны, мектеп бітіріп үш жыл шопан болғаны, әскер қатарындағы үш жыл қызмет қол күші еңбегі болса, жоғары оқу орнындағы ой еңбегі – үлкен өмірдің баспалдақтары. Зейнетке шыққанша ұзақ жыл меңгерген мамандығының еңбек жемісін көрсетсе, зейнет жасында да 18 жыл Еңбекші ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарды. Көргені көп, түйгені мол қарияның әңгімесіне құлақ қойып, оны қаз-қалпында қағазға түсірген едік.

Бала шақтан болашаққа

«Менің әкем Елеусін Төпесов 1896 жылы туған. Анам Қален де сол жылы туған, отағасымен құрдас еді. Әкем үш жасында әкеден, тоғыз жасында анадан айырылып, бұғанасы бекімей жатып қабырғасы қайысады. Інісі Шекім екеуі немере ағасы Мырзағали Бекеновтың қамқорлығында өседі. Мырзағали ағасы Елеусінді Қаленге қосып, киіз үй тігіп, шаңырақ көтертеді. 1936 жылы ұжымшар жиналысында қой бағуға сенім білдіріледі. Ұжымдық шаруашылықтың жаңадан құрылып, тақтайдай тегіс, оқтаудай түзу қалыпқа түспеген кезеңі еді. Ортақтың малын бағу оларға оңайға соқпады.

1937 жылы 25 маусымда әкем Елеусін мен анам Қаленнің шаңырағында мен өмірге келіппін. Отбасында Каримаш, Нәбияш, Зинекеш апаларым, Рахметолла, Мақсот есімді інілерім үш ұл, үш қыз болып өстік. Елдегі тұрмыстың ауырлығы соғыс зардабына ұласып, таршылық пен тапшылық иектеп, жоқшылық қысқан кезең келді. Апаларым бастауыш білім алған соң, еңбекке ерте араласып кетті. Мен де сол кездің барлық балаларына тән бала болып ойнаған емеспін. 1944-45 жылдары қоздаған қой сауылып, қозылары бөлек бағылды. Қозыны таң бозынан бөлектеп, түс ауғанша мен бағамын. Соғыс кезіндегі осы екі жылғы еңбегім еңкейген шақта «тыл еңбеккері» екенімді айғақтады.

1946 жылы қырдағы бір бөлмелі тастан қаланған «Талап» бастауыш мектебіне оқуға бардым. Бір сыныпта сегіз-он баладан. Олардың бәрі мектепке алты-сегіз шақырым жерден жаяу келеді. Киімдері жұпыны, түйе жүннен тоқылған, қозы терісінен иленген сырт киімдер жылылық бергенімен, аяқ киім деген жоққа тән. Тамақтың тоқтығына келсек, әйтеуір құмаршық пен қияқ сұлысы аштықтан арашалап жан бақтырады. Колхоз еккен егіндерінен аздаған тары, күріш, асқабақ ауыстырады. Сөйтіп, Жұмағали Селеуов, Салауат Қанафин сынды мұғалімдердің алдынан өттім.

1950-51 оқу жылында Зормата ауылдық кеңесіндегі Сталин атындағы жеті жылдық мектепке оқуға келдім. Мұнда Жұмекен ақынның болашақ жары Нәсіп Мұстахқызымен бірге оқыдым. Сегізінші сыныпты Азғырдағы С.Киров атындағы мектепте жалғастырып, 10 сыныпты Нұржаудан бітірдім. Сол жылы мектеп бітірушілерге ұжымшар басқармасы Зейнетолла Мұфтахов пен комсомол ұйымының хатшысы Құрыш Елемесов келіп, жиналыс ашты. Шаруашылыққа шақырып, үш жыл еңбектенуді өтінді. Кейіннен қалаған мамандықтарымыз бойынша жолдамамен жоғары  оқу орнына жіберетіндіктерін айтты.

Сонымен заман ағысын, жүрек қағысын мақұлдап, комсомолдық қой бағуға барып, еңбекке араластым. Әкем Елеусінге көмекші  шопан болып, қолыма таяғын ұстадым. Үш жыл бойы отарды өріске шығарғанда, қойныма кітап қыстырып жүрдім. Биік қырат-қырға шығып, алыс көкжиекке көз тігемін. Шетсіз-шексіз даладан болашағым көрінбесе де, бір асудан бір асу, бір белестен бір белесті кезген көңілім мен жүрек лүпілі келешекті сезгендей.

Сағымдай құбылып, сағыздай созылған бір-біріне ұқсас күндердің бірінде әкем «үйлен» деген ұсыныс айтты. Тіпті Ноғайбайда дүкенші болып жұмыс істейтін Мәрияның Нұржамал деген қызын қалап, анасына құлаққағыс еткенін мәлім етті. Мен жоғары оқу орнына бару тоқтамымды айттым. 1959 жылы тамызда кеңсеге барып, оқуға бару жөнінде өтініш бергенімде, әскерге шақыру қағазы қоса келді. Оқуға деген арманымды әскери қызмет алыстатып, келер жылдардың еншісіне қалдырды».

Отан күзетінде

Әңгіменің ауаны үлкен өмірдің шыңдаған-шынықтырған бір белесі – алыс өңірдегі әскери қызмет еткен күндеріне ойысты. Мен омырау емген баладай құшырлана отырып тыңдадым.

«1959 жылдың қазан айында аудандық комиссариаттан 82  жігіт  әскер қатарына шақырылып, Калининград қаласына түстік. Танитындарым Зормата ауылдық кеңесінен Құрыш Елемесов, Жәрдемғали Досқалиев, Нұрым Ақмұханов, қалғандары – ауданның өзге жерлерінен. Сегіз тәулік жүріп барған Калининградта бізді жан-жаққа бөліп әкетті. Біз үстімізге әскери киім кигенде 32 жігіт қалдық. Үш қабатты корпустың екінші қабатында Серікқали Қыдырғалиев деген ауылдаспен бірге жаттым. Әр бөлмесі сегіз адамдық казарма жылы да таза. Неміс солдаттарынан қалған ғимарат екен. Еденді жумай-ақ сыпырып тазаласа, жылтырап шыға  келеді. Үйренісе келе жаңа таныс жерлестерімді таптым. Олар Бақтығали Нәбиев, Тұралы Хасанов, Бақыт Қазенов, балқұдықтық Байсымақ болып шүйіркелесіп кеттік. Әскерде танысқан жерлес жігіттермен азаматтық өмірде қайта табыстық қой. Мысалы, Құрыш – газет тілшісі, Жәрдемғали – қарауымда шопан, Бақыт – тракторшы, Серікқали – обаға қарсы күрес бөлімінде жүргізуші, Тұралы – техника саласында дегендей, бәрімен кездесіп жүрдім.

Мені алты айлық курсқа оқуға жіберді. Емтихандарды «өте жақсы» бағаға тапсырып, танкінің механик-жүргізушісі, «3 класс маманы» болып алдым. Иығыма кіші сержант әскери атағын қадап, бір танкті бекітіп берді. Экипажда төрт адам. Әскери қызметтің бір жыл алты айын өтегенде, КСРО Қорғаныс министрінен әскери борышын «өте жақсы» атқарған, техниканы білімді меңгергендерге өздері қалаған жоғары оқу орнына өтініш жазып, шақырту келсе, он солдатты оқуға жіберуге болады деген бұйрық келді.

 Мен Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқу үшін арыз жаздым. Он бес күнде шақыру қағазы келді. Бірақ әскери бөлім бізді бірден босата салған жоқ. Командалық-штабтық жиын өткізіп, оқу орнына емтихан тапсыратын пәндер бойынша үш ай кешкі мектепке оқитынымызды, сол пәннен емтихан болатынын ескертті. Емтихан бағалары «4» пен «5» қана болуы шарт. Тәртіпсіздік байқалса, бөлімде қалатынымыз қаперге берілді. Нәтижесінде барлығымыз да қуантарлық бағаларға тапсырдық. Осының өзі оқуға түсерде көп жеңілдік болды».

Армандарды тоғыстырған Алматы

Аттай алты жылғы еңбек өтілімен Алматыға келген Теміртас химия, физика пәндерінен «бестік» бағаға, орыс тілінен диктантты «төртке» жазып, оқуға қабылданады. Онымен әскерден бірге келіп ҚазМУ-дің журналистика бөліміне тапсырған Құрыш Елемесовтің де жолы болды. Бір қызығы, өндірістегі үш жылын өтеп келген баяғы әкесі келін еткісі келген Нұржамал да қыздар педагогикалық институтының биология-география факультетіне құжатын тапсырып, емтихандардан сүрінбей өтеді.

Солдаттың керзі етігін екі жыл киіп келген Темақаңды жеті топтан құралған зоотехникалық факультет студенттері өздеріне жетекші (староста) етіп сайлап алады. Кураторы болған көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың қызы Рита Рысқұлова «төрт жыл бойына оқыған газет, кітаптарыңды орыс тіліне аударасыздар, өзі ағылшын тілінен дәріс беретіндіктен өзара  ағылшынша сөйлесесіздер» деп нықтайды. Шарты орындалмаса, мемлекеттік емтиханға жібермейтіндігін қосып қояды. Оқу басталмас бұрын Теміртас студенттермен бірге Шымкент облысының Келес ауданына екі айға мақта теру жұмысына барып, ақша тауып келеді. Нұржамал болса бір ай жұмыс жасап келіп, оқуын бастайды. Ендігі баяндауды кейіпкердің өзіне берейік.

«Осылай темірдей тәртібі қатал әскери өмірден кейін жауаптылығы одан кем емес студенттік кезеңіміз басталды. Сол күндердің бірінде:

– Теміртас, мені бір ой көптен мазалап жүр, айтайын ба? — деді Нұржамал.

– Айта ғой! — дедім.

– Пәтер жалдап бірге тұрайық. Ата-аналарымыз әуелде құдаласты, біздер бір отбасы болу жөнінде келісіп, уәделестік. «Оқимыз, білім аламыз» деген ой-арманға да қол жетті. Алаңсыз оқып, бір тұрайық, — деді.

Мен ойланып келісім бердім. Сөйтіп, студенттік ашқұрсақ өмірді жұбайлық жұп болып бастап кеттік. Бірінші курстан кейін Павлодар облысының Ермак ауданына екі айға құрылыс отрядына жұмсады. Әр оқу орнынан жиналған екі жүз шамасы студент бар-ды. Аудан орталығынан 70 шақырым жерден кеңшар орталығы құрылады екен. Мидай меңіреу дала. Тігілген шатырлар мен бір құдығынан басқа ештеңе жоқ. Осы жерге кеңсе, балабақша, тұрғын үйлер салынуы керек болды. Біз далалық шатырларға орналастық. Құрылыс материалдары – таудың тасы. Он жігітке мені басшы қылып, тауға тас дайындауға жөнелтті. Таудың тасын алудың өзіндік сыры бар екен. Таста жіңішке сызықша болады. Сол жерге үшкір темірмен екі-үш рет соқса, тас опырылып құлайды. Сонымен екі айда бір пәтерлі он екі үй, екі пәтерлі төрт үй, елу орындық бір балабақша, шағын кеңсе  және клубтың қабырғасы тұрғызылды.

Екінші курстың бір ай каникулында елге, ауылға, қырдағы Ноғайбайға келіп, ата-анамызды қуанттық. Үлкендеріміз көңіл жеткен көрші-көлемді шақырып мәре-сәре болды. Қысқы он күндік каникулдарда елге барып үлгермейміз, сондықтан Алматыда қаламыз. Үшінші курстың қысқы демалысында топта бірге оқитын Жамбыл Жабаевтың немересі Бибіжар Өмірғалиева қонаққа шақырды. Абыз ақынның туған жерін Жамбыл ауданы, Жамбыл колхозы деп атаған екен. Каникулды сонда өткіздік. Атағы алысты шарлаған ақынның ауылында, өзі тұрған үйінде болуым есіме түссе, әлі күнге көкірегімді қуаныш сезімі кернейді. Жыр алыбының отырған ескерткіш бейнесі үй терезесі алдында тұр. Тірісінде  пайдаланған кішкентай УАЗ автомашинасын көріп, ауқымды мұражайын араладық. Музейге әр елден, жерден аптасына үш рет келетін саяхатшыларды кездестірдік. Арнайы журналға есімдерін жазып кетеді екен. Біз Нұржамал екеуміз де қолтаңбамызды қалдырдық. Біз көргенде Жамбылдың ұлы Тезекбай колхозда тракторшы еді. Келіні үйде келім-кетім қонақ күтеді. Бала-келіні әкелерін «ақкөке» дейді екен. Қарт Жамбыл атпен сейіл құрғанды ұнатып, тоқсан жасында да аттан түспепті. Сірә, атүсті шабыт беретін болса керек.

– Ақкөкем кәріліктен өлген жоқ. Алғадай баласының қайғысы қатты батты. Соғыстан «қара қағаз» келген соң, тұрмай жатып қалды. Түнде ұйқыға берілмей, жылап жүріпті. Алматыдан Сәбит, Ғабит, Ғабиден, тағы басқа ақын-жазушылар келіп тұратын-ды, солармен әңгімелесіп алданады. Артынан «Уһ, Алғадайым-ай!» деп жатып алатынды шығарды. Ақкөкем қайғыдан көз жұмды, — деді келіні.

Сол Жамбылдың ұрпағы Бибіжармен отбасылық достығымыз жалғасты. 1965 жылы 10 қараша күні ұл баламыз өмірге келді. Он күннен  кейін екі жақты студенттер тобы нәрестеге ат қоюға жиналды. Төрт түрлі ат ұсынылды. Әрқайсысы өзі ұсынған атты өткізбекке ынталы. Ата ұрпағы, бәрімізге құрметті  Бибіжардың екі көзін байлап, бөріктегі төрт қағаздың бірін алсын деген тоқтамға келдік. Бибіжардың қолына Нұрлан деген есім ілікті.

Сәбиге туу туралы куәлік берер кезде бір әйел адам:

— Мен бір ұсыныс айтсам,  қабылдайсыз ба? — деді.

— Болады, — дедім.

— Өмірге қыз баласы келсе, атын Раушан қойғайсыз, — деді. Құдай оңдап, сол әйелдің де тілегі орындалды.

Соңғы курста Сарысу кеңшарына барып тәжірибелік жұмыстан өттім. Төрт ай бойы отардан 30 бас қозыны туғаннан бастап өсіру тапсырылды. Диплом жұмысының  нәтижесін ректор М.Ермековке көрсеткенімде, «ғылым кандидаттығын қорғауға әзірлік жаса» деп кеңес берді. Мен елге қайтуды қаладым».

Ұрпақтар сабақтастығы

Темекеңнің әңгімесіне елітіп кеткенім соншалық, сөзін бөлгім келмейді. Ақсақал да айтар сөзін әдемілеп жалғай түседі.

«Біз Нұржамал екеуміз дипломмен ауылға келгенде, Киров ауылдық кеңесінің төрағасы Нығмет Жанқанов адамдар тобымен салтанатты қарсылап алды. Мен шаруашылықтың №1 фермасына зоотехник, Нұржамал Ы.Алтынсарин атындағы мектепке оқытушылыққа орналасты. 1968 жылдан 1980 жылға дейін аталған шаруашылықта ферма меңгерушісі болдым. Озат шопандар – А.Майтанов, О.Дәулетов, К.Имашев, Ж.Досқалиев, С.Мұхтаров, Қ.Рамазанов, Ө.Жұманиязов, Р.Елеусінов (інім), А.Ділмұхашев, С.Майхиев және басқалары қозы алу, үстеме салмақ жоспарларын асыра орындап, мерейлері үстем болды. Біразы «Еңбек Қызыл Ту», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарын өңірлеріне қадады.

Менің де абыройымды асқақтатты. Мен өзіммен жасымнан таныс шопандармен бірыңғай шаруа қуып кетпей, рухани әңгіме өткізуші едім. Алматыда оқып жүргенде ақын-жазушы, қоғам қайраткерлерімен кездесулер жиі болып тұратын. Әдебиет алыптары – С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, батыр, әскери қолбасшы Б.Момышұлы, композиторлар Ахмет Жұбановпен, оның қызы Ғазизамен болған кездесулерді жиын соңында айтып беретінмін. Бірде Алматыдан келген өнер майталмандары – С.Майқанова, Н.Мышбаева, А.Әшімов, Ж.Елебеков, Қ.Тастанбеков сынды әртістерді ферма аралатып, шопандардың көңіл күйін көтердім. Кешкілікте клубтағы «Досымның үйленуі» қойылымына малшыларды жинап келдім. Осылай еңбек адамдарының рухани өмірін байытуға да көңіл бөлінетін кезең еді ғой».

Иә, осындай қызыққа толы өнегелі жол иесімен мен де жұмыстас болдым. Аудандық партия комитеті 1980 жылы шаруасы шатқаяқтап тұрған «Партияның XXV съезі» атындағы кеңшарға бас зоотехник етіп жібереді. Теміртас ағаның ауылымыздағы еңбек жолы бізге етене таныс. Ұзақ жолда шалдықпайтын жорық атындай жұп-жұмыр болып қандай қиындықта да төзімділік танытатын. Шаруашылықта бас маман, ферма басқарушысы болып ойды орып, қырды кезіп зейнетке шықты. Жоғарыда айтылғандай, зейнетке шыққан соң да қарап отырмай ауылға, аймаққа ақсақалдық танытты. Бірнеше Алғыс хаттармен, «Еңбек ардагері», «Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов», «Құрманғазы ауданына – 90 жыл», «Ұлы Жеңіске – 75 жыл», Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына орай мерекелік медальдармен, «Ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төсбелгісімен марапатталды.

Еңбекші округінің «Құрметті ардагері» атағы берілді. Өмірлік қосағы болған Нұржамал Нұрмұханова 2005 жылы шілде айында бақилық болды. Екеуінен өрбіген Нұрлан–Бибігүл, Естөре–Маржан, Руслан–Гүлайым, Нұртаза–Ажар, Ерлан–Эльза, Тілекқабыл–Раушан әр тараптан жол тауып, өмір айдынында құлаш ұруда. Олардан өсіп-өнген немере, жиен, шөберелер ұрпақтар сабақтастығын жалғастырды. Ол балаларына әкелік, аталық ризашылық сезіммен қарайды.

Бүгінде Темақаң бала-келіні Нұртаза мен Ажардың қолында ақсақалдық дәурен кешуде. Ағамызбен болған осы әңгімені қағаз бетіне түсіруге оқталған сәттен тіл ұшыма «Сен неткен құдіретті ең, ерен еңбек!» деген сөз ойыма орала берді…

Есмұхан ЖАНИЗИН, Құрманғазы ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button