Жарнама
Жаңалықтар

«Сен де жасай аласың!»

XXI ғасыр – техникалық дағдылар ғасыры. Бұл аксиомаға айналған тұжырым бүгінгі еңбек нарығында өмірдің шындығына айналып отыр. Технология дамыған сайын, жаңа мамандықтар пайда болып, жұмыс берушілердің талаптары да өзгеруде. Енді техникалық білім ІТ мамандарына ғана емес, барлық сала қызметкерлеріне қажет бола бастады. Осы жағдайда Атырау облысында жүзеге асып жатқан JasUp жобасының рөлі ерекше.

9cf4ad9f 9934 4824 b19d 68f803af305a

Айтқандай, әлеуметтік бастама өңір жастарына техникалық білім мен дағдыларды үйрету арқылы олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруды мақсат етеді. Жалпы, облыстағы техникалық пәндер бойынша білім деңгейі республика бойынша төмен көрсеткіштердің қатарында қалғаны жасырын емес. Атап айтсақ, математика, физика, информатика сияқты пәндер бойынша көрсеткіш көңіл көншітпейді. Ал аталған пәндер – болашақ инженерлер, ІТ мамандары және техникалық салада еңбек ететін жастар үшін ең маңызды іргетас. Жоба бұл мәселені шешу үшін оқыту ғана емес, орта қалыптастыруды да көздейді. Әртүрлі олимпиадалар, хакатондар, робототехника жарыстары мен шеберлік сабақтары арқылы жастар мен ұстаздар қауымын біріктіріп, техникалық білім мен шығармашылықты ұштастыратын қоғамдастық құруда.

Заманауи болашаққа қадам

Қазіргі таңда өңірде техникалық мамандарға сұраныс жоғары. Өкінішке қарай, бұл бос орындарға басқа өңірлерден немесе шетелден мамандар шақырылады. Осы орайда «өзіміздің жастарды неге даярламасқа?» деген заңды сауал туындайды.

Жоба авторларының айтуынша, түрлі зерттеулер нәтижесінде Атырау жастарына техникалық және өмірлік дағдылардың жетіспеуі өзекті мәселе ретінде бірнеше жылдан бері байқалып келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өткен жылы JasUp жобасы «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында грант жеңіп алып, алғашқы жылында-ақ барлық межеден асып түсті. Биыл бұл жұмыс одан әрі жалғасын тауып, жобада тың бағыттар пайда болды.

f5736405 9acb 4103 a58a f0b4e6c3255b

  «ҚазРоботикс» қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясының Атырау облысы бойынша филиал директоры Асқар Алдан аталған жоба осы олқылықтың орнын толтырып, оқушыларға және мұғалімдерге ІТ мен STEM саласында жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын баяндады. Қатысушылар веб-бағдарламалау, Python тілінде код жазу, мобильді қосымшалар жасау, тіпті жасанды интеллект пен деректерді талдау сияқты күрделі бағыттарды меңгеріп шығады.

ЖИ мен инженерия –  мектеп қабырғасынан бастап JasUp курстарының ішінде ерекше сұранысқа ие бағыттар бар болып шықты. Мәселен, робототехника – тек техника емес, креатив, логика мен командалық жұмыс қабілетін дамытуға таптырмас құрал. 3D және 2D моделдеу курстарында оқушылар өз идеяларын нақты жобаға айналдырып, 3D-принтермен басып шығара алады. Бұл – мектеп оқушысы үшін нағыз ғылыммен бетпе-бет келу.

  Жасанды интеллект енді тек ғылыми фантастикадағы ұғым емес. JasUp командасы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетімен (IITU) бірлесіп, мектеп оқушыларына арналған алғашқы AI курсын жасап шықты. Айта кетелік, бұл – Қазақстан бойынша сирек кездесетін тәжірибе.

Мұғалімдер де назардан тыс қалмапты

 Білгеніміздей, жоба мұғалімдерді де қамтиды екен. Себебі бір ұстаздың үйренгені – жүздеген оқушыға тарайтын білім. Осы орайда JasUp ұстаздарға арналған курстар арқылы оқу әдістемесін жаңартып, жаңа технологияларды білім беру процесіне енгізуге көмектесіп жатыр.

  Жоба курстарында  жыл бойы хакатондар, олимпиадалар, робототехника чемпионаттары, шеберлік сыныптары, тіпті дрондар мен зымыран жасау сынды қызықты бағыттар қамтылады. Мәселен, өткен жылы 3033 адам JasUp шараларына қатысқан. Оның ішінде 1051 адам – облыс аудандарынан. Биылғы жоспар – 2700 қатысушы, қазірдің өзінде бұл көрсеткіштің жартысынан көбі орындалды. Бұл – бір жобаның емес, тұтас қоғамның ортақ жеңісі.

 «ҚазРоботикс» қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясының Атырау облысы бойынша филиал директоры Асқар Алдан JasUp жобасының маңыздылығын ерекше атап өтті.

­   – JasUp жобасы – бұл өңірдегі техникалық білім берудегі үлкен серпіліс. Біз федерация ретінде көптеген жылдар бойы жастарды робототехникамен айналысуға шақырып келеміз. Бірақ дәл осындай жүйелі, кең ауқымды, терең білім беруге бағытталған жоба Атырау облысында алғаш рет іске асып отыр. Бұл жоба арқылы біз жастардың ғана емес, ұстаздардың да кәсіби дамуын көреміз. Робототехника мен STEM саласын дамыту арқылы біз жаңа буын инженерлер мен өнертапқыштарды дайындап жатырмыз, — дейді ол. 

Жас өнертапқыштар – JasUp табысы

«JasUp Академиясы» – білім алып қана қоймай, өз жобаңды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін алаң. Бұл бастама көптеген талантты жасқа қанат бітірді. Солардың қатарында Атырау қаласы мен Жылыой ауданынан шыққан өнертапқыш оқушылар Арсен Аманжолов пен Бекарыс Ерікұлы бар.

Арсеннің «ақылды» құрылғысына тоқталар болсақ, ол өзінің SICI атты құрылғысын «JasUp Академиясы» аясында жасап шығарды. SICI – ақылды үйдің жүрегі бола алатын инновациялық құрылғы.

SICI Wi-Fi желісі арқылы интернетке қосылып, LCD-экранда нақты уақыт пен ауа райын көрсетеді, ал мәліметтер автоматты түрде жаңарып отырады. Бөлмеде ауа температурасы белгіленген межеден асып кетсе, желдеткіш автоматты түрде іске қосылады. Бұл үйдің жайлылығын арттырып қана қоймай, электр энергиясын да үнемдеуге көмектеседі. Арсеннің айтуынша, болашақта құрылғыға дауыстық басқару, түрлі сенсорлар мен жасанды интеллект элементтерін қосу жоспарда бар.

– Жақын арада құрылғыға инфрақызыл таратқыш орнатып, теледидар, салқындатқыш жүйесі, жарық шамдар сияқты құрылғыларды қашықтан басқаруды іске қоспақпын. Бұл жүйе Яндекс Алиса сияқты виртуалды көмекшілермен де жұмыс істей алады,-дейді жас өнертапқыш.

Ал Бекарыстың зияткерлік роботы – білімге жол ашатын нағыз көмекші. Жылыой ауданындағы IT-мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Бекарыс Ерікұлы JasUp жобасы аясында қашықтан оқуға арналған зияткерлік робот жасап шығарды. Робот Bluetooth арқылы смартфонға қосылып, қозғалысты басқаруға мүмкіндік береді, ал Wi-Fi арқылы планшетпен бейнебайланыс орнатады. Бұл құрылғы мұғалім мен оқушы арасында нақты уақытта онлайн байланыс орнатып, оқуды әлдеқайда жеңіл әрі ыңғайлы етеді.

Робот оқуды жеңілдетіп, тиімдірек ететінін айтқан Бекарыс жобаны 1 қыркүйек күні іске қосуды жоспарлап отыр. Болашақта бұл робот білім беру саласынан бөлек, медицина мен қызмет көрсету салаларында да қолданылуы мүмкін. Қазір құрылғының 80%-ы дайын, ал қызмет ету мерзімі 5–10 жыл деп жоспарланған.

Байқағанымыздай, жоба білім мен болашақ арасындағы көпір. Әрбір жасқа «Сен де жасай аласың!» деген сенім ұялататыны бөлек әңгіме. Журналист қана емес, ұрпағының болашағына бейжай қарамайтын ана ретінде бұл жобаның тек технология үйретіп қана қоймай, өмірлік бағыт беретіні де қызықтырғанын жасырмаймын.    

Атыраудың жас буынына үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Ендігі сөз – жастарда.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button