Жарнама
Жаңалықтар

Сарықамыстықтар әкімнен тығырықтан шығар жол сұрады

Қаладағы «Сарықамыс-2» шағынауданының тұрғындарын жерасты суы мен кәріз суының жайы әбден титықтатып, мазасын қашырып отыр. Сабыры сарқылған бір топ тұрғын өңірлік БАҚ өкілдеріне хабарласып жергілікті атқарушы органға наразылығын жеткіземіз дегенде, күтпеген жерден елгезектік танытқан қала әкімдігі «кезектен тыс» кездесуге шақырғанымен олардың мұңын тыңдағысы келген журналистерді басқосуға кіргізбеді. Ал кездесуге келген тұрғындар да қамсыз емес екен, әкіммен кездесуді бастан-аяқ бейнежазбаға түсіріп алған. Олар «Егер осы мәселе шешілмесе, ішкен асымыз бойымызға сіңер емес» деп отыр.

Қайтқан жобада қайыр бар

Шынында да біз қала әкімінің тұрғындарды «кезектен тыс» қабылдауына кіре алмадық. Бірақ бір сағатқа жуық бейнежазбаны түгел қарап шықтық. Онда қала әкімі Шәкір Кейкин Жайық өзенінің оң жақ бөлігіндегі «Лесхоз», «Самал», «Нұрсая», «Балауса» шағынаудандарында да осындай мәселе бар екенін айтқан. Бұрын кәріз жүйесінің жобасы жасақталып, жұмыс істеуі керек болғанмен дер кезінде қаржы бөлінбей уақыты асқандықтан жобаны қайтадан жасатуға тура келеді, жаңа жобаны жергілікті «Шыңдау» ЖШС қайта қарап, жасағалы жатыр екен. Шаһар басшысының сөз ләмінен ұққанымыз, жерасты суы мен кәріз суынан құтқаратын құрылыс жұмыстары кем дегенде бір жылсыз басталмайтынға ұқсайды.

– Құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы бірнеше айға созылады. Сосын қаражат бөлінеді. Алдымен жер астын тексеріп, судың көтерілу себебін анықтау керек. Барлық шағынаудандардың жоспарын бірге жасасақ үлгермейміз, сондықтан бөлек-бөлек жасауды қолға аламыз. Оны сараптамадан өткізген соң мемлекеттік тапсырыс арқылы құрылыс жүргізетін компанияны анықтаймыз, өйткені барлығы құрылыс қағидаларына сай жүргізілуі қажет. Қалай болғанда да бұл істі атқаратын қалалық әкімдік. Екі аптадан астам уақыттан бері ғылыми институттарды да тартып жатырмыз. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің мамандарымен бірлесіп, гидрогеологиялық институттың мамандарын шақырып, шешімін табуға тырысып келеміз. Тұрғын үйлерді кәріздік сорғы станциясына қосу арқылы мәселе шешіле ме, жерасты суы мен септик суы қаншалықты деңгейде әсер етіп отыр, оны да анықтау керек. Бізде тап басып айта алатын мамандар болмай тұр. Сондықтан бұған уақыт қажет. «Сарықамыс-2» ауданының барлық көшесі қамтылады. Осы жоба арқылы мәселе шешіліп жатса құба-құп. Сондай-ақ септик құдығын үйінің әр бұрышынан жүргізген тұрғындар да бар. Кәріз жүйесіне қосатын кезде құбырлар қалай жүргізіледі, осы мәселе де қиындық туғызуы мүмкін, — деді қала әкімі.

Ш.Кейкиннің айтуынша, алдымен өте қиын жағдайдағы «Жұлдыз-1» мен «Сарықамыс-2» шағынаудандарында жобалау жұмыстары басталғалы отыр.

Құмырсқа да үйге тығылады

Әрине, ахуал дәл осылай шиеленіскен кезде уақыт жоғалту жөн емес. Осы уәжді алға ұстап келген тұрғындар, «суға кеткен тал қармайды» демекші, өздері ақша жинап, кәріз жүйесін жүргізуді де ойлапты. Олар қаланың ішінде сол жүйені жүргізген тұрғындардың бар екенін естіген, бірақ оған қыруар қаражат пен мүмкіндік керек.

Айына үш-төрт рет кәріз суын сорғызу үшін 40 мың теңгеге жуық шығындалатыны «Сарықамыс-2» тұрғындарының қалтасына әбден салмақ салып отыр. Тұрғындардың басым бөлігі бұл жағдайдың басталғанына он жылға жуық уақыт өткенін айтып мұң шақты. Облыс орталығының бірнеше шағынауданындағы жағдай жақсы таныс болғанмен, жергілікті атқарушы орган өкілдері мұның шешімін таба алмай тығырыққа тіреліп отыр. Әу баста жекеменшік тұрғын үй салуға берілген аумаққа орталықтандырылған кәріз жүйесінің жүргізілмеуі қала тұрғындарына зардабын тигізіп келеді.

saryqamys 3

Тұрғындар 14-15 жыл бұрын судың жер бетінен екі метрге дейінгі тереңдікте болғанын айтады. 2015 жылдың көктеміндегі нөсер жауынның салдарынан үйлерді су басып, жерасты суының деңгейі көтерілген. Содан бері әуре-сарсаңға түскен олар, тіпті, құрт-құмырсқа да ылғалдан қашып, үйдің ішіне тығылады екен. Әбден ылғалданған үй қабырғасы да үгітіліп құлап жатыр. Суға толған аулаға отырғызған жеміс ағаштары қурап қалған. Септик құдығын сапалы етіп жасаған кейбір тұрғындар соның өзінде табиғи тұз бен ақаба су жеп, құдықтың тесілуге жақындағанын айтады. Ауладағы мұз боп қатқан су жіпсіп, ери бастағанда жүріп-тұруға қатты қиындық туғызады. Соны ойып, ауласынан шығарып тастамақ болған бір тұрғын тайып құлап, саулығына зақым келтіріпті. Мұның барлығы жағдайдың күрделі екенін көрсетіп отыр.

Септик құдығын бір айда он рет сорғызған

Амалы таусылған тұрғындар әкімдіктегілерге тығырықтан уақытша болса да шығудың жолын ұсынып келеді. Мысалы, шағынауданның №12 көшесіндегі 14-үйдің тұрғыны Әмин Бисімов қала бойынша қордаланған бұл мәселені шешуге көп қаржы мен ұзақ уақыт кететіндіктен, халықтың септик соруға кетіп жатқан шығынын жеңілдету қажеттігін ұсынды. Оның сөзінше, кезінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі арқылы вакуум көлігі септикті екі мың теңгеге сорып жүріпті. Неге екені белгісіз, сол қызмет түрі көрсетілмеген соң жекеменшік вакуум көлігінің иелері оның бағасын бес-алты есеге көтеріп жіберген. Тіпті Ә.Бисімовтің көршісі септик құдығын бір айда он рет сорғызған.

– Егер әкімдік бюджет немесе демеушілік қаржы есебінен 20-30 вакуум көлігін алдырып, бағасын бес мың теңгеден сорғызса бірнеше миллион теңге қала қазынасына құйылар еді де, жекеменшік көліктерге бәсекелестік туындар еді. Бұл халыққа да, қазынаға да тиімді. Егер кәріз жүйесін күтіп жүре берсек, бір-екі жылда апатты мәселеге айналуы мүмкін. Вакуум көліктері қай кезде де қалаға қажет болатыны, жұмыссыз қалмайтыны түсінікті. Баға түссе септик сорғызу жеңілдеп, қаладан су шығару бірнеше есе артар еді. Әкімдіктің отыз көлігі бір күнде екі мың тонна су әкетсе, жекеменшік вакуум көліктерінің саны әлдеқайда көп. Екеуін қосқанда бір айда үш жүз мың тоннаға жуық су далаға шығарылар еді. Қазір сол су он есе аз сорылуда. Оның басты себебі – қызмет құнының қымбаттығы. Миллиондаған тонна су бірер жылда қаланы баспағанда, қайда кетеді… Осы пікірімізді саралап, оң шешім шығарса екен. Сондай-ақ жергілікті әкімдікке септик құдығы бар жеке үйлер саны мен олар тұтынған судың мөлшері белгілі, сол суды шығаруға еш көңіл бөлмеуі осындай күрделі жағдайға әкеліп соқтырды, — дейді Ә.Бисімов.

Ал, жерасты суының деңгейі жылдан-жылға көтерілгендіктен, №11 көшедегі 7-үйдің тұрғыны Ернат Жиенбаев үйдің едені мен қабырғасы сыз тартып, түсқағаздар көтеріліп, бетонит үгітіліп жатқанын айтады. Мұндайда үйден жөндеу жасау проблеманы шешудің жолы емес екенін тұрғындар жақсы біледі. Халықтың өз күшімен отырғызған тал-көшеттері де аллеядағыдай сән беріп тұратын еді, бүгінде олардың тұқылы да қалмаған.

saryqamys

Қала әкімінің орынбасары Ерболат Омаров әкімдікке қарасты мекеменің көліктері орталық көше мен әлеуметтік нысандарды соруға арналғандықтан, қаладағы әр үйді соруға мүмкіндігі жоқ екенін айтты.

«Халық қаласа хан түйесін сояды», соған сүйенген тұрғындар «ақ жағалылардан» әлі де болса тиімді шешім күтеді. Тым болмаса ұсынысқа оң көзбен қарайтынына үмітті.

Қала әкімімен кездескен жұрт 500-дің үстінде үй салынған шағынауданда жарық, көше шамы, аялдама, мектеп, ойын алаңы, балабақша мәселелері де шешілмегенін айтып, мұң шақты. Тұрғындар осы округтен сайланған депутаттардың халыққа берген уәдесінде тұрып, жағдайға өз құзыреттері негізінде тезірек көңіл бөлгенін қалайды.

Төтенше жағдай не үшін?

Атырау қаласында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланып, жерасты және кәріз суының зардабын көріп отырған «Жұлдыз-1» шағынауданы тұрғындарының талабы орындалды. Қала әкімінің бұл шешімі 22 қаңтар күні шықса да, қалың бұқараға бір апта өткен соң белгілі болды. Ұсынысты қалалық әкімдікке төтенше жағдайлар департаменті берген. Жергілікті атқарушы орган күрмеуі қиын мәселені шешудің жолын іздестіріп, үйлесімін тапқандай болды. Бір учаскеге ине сүзгісін орнатып, суды соруға кірісіп те кетті. Енді әкімдік осындай учаске санын 30-ға дейін көбейтпек. Жергілікті басшылар ине сүзгісі әдісімен 2 ай жұмыс істеп көруге бекінген. Әзірге әкімдікке кәсіпкерлер хабарласып, коммерциялық ұсыныс беріп жатқан көрінеді.

– Қазір тәулігіне шығарылатын судың көлемін анықтап жатырмыз. Ауылдық округ арқылы қаражат сұрау жұмыстары жүргізіледі. Қаржы бөліміне ұсыныс беріліп, соның нәтижесін күтіп отырмыз. Гидрогеолог немесе басқа да мамандардың пікіріне сүйеніп, екі айдың көлемінде тиімді нәтижеге жетуді көздейміз. Сонда одан арғы жұмыс бағыты белгілі болады. Мәселені облыс және қала әкімдері жіті бақылауда ұстап отыр, — деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайрат Хабиев.

Бөлім басшысының айтуынша, қалалық әкімдік 670 миллион теңге көлеміндегі қаржының бір бөлігін «Жұлдыз-1» ауданындағы күрделі түйінді шешуге бөлінбек. Алайда қазір нақты қажетті соманың көлемін кесіп айту қиын.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген автор және Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button