Сарбазға сәлем! (+ФОТО)
Atr.kz/13 маусым, 2019 жыл. Облыс бойынша республикалық «Сарбазға хат» акциясы басталды.
Бұл жолы мектеп оқушылары керісінше, Отан алдындағы борышын өтеушілерге сәлем жолдады. Олардың ыстық ықыласын «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы сарбаздар оқыды.
«Бұл шара өскелең ұрпақ арасында әскери-патриоттық және Отансүйгіштік тәлім-тәрбиені қалыптастыруға бағытталды. Сонымен қатар, әскер қатарына жаңадан қабылданған сарбаздарға да психологиялық қолдау ретінде үлкен көмегі тиеді», – дейді Қорғаныс істер жөніндегі департаментінің баспасөз қызметінің бастығы, майор Урбайза Абитова.
Ал, жауынгерлер мектеп оқушыларының хаттарына жауап беріп, өздерінің өмірден көрген-түйгендерін, балаларға ақыл-кеңестерін айтты. Ұрпақ сабақтастығы арқылы жас ұрпақты бала кезінен-ақ елін-жерін сүюге тәрбиелеу ісі барлық аймақта жалғасын табады.
Бүгін қолына қаламын алып, Отан алдындағы міндетін атқарып жүрген сарбаздарға хат жазған балалардың арасында туған ағалары да әскер қатарында қызмет атқарып жүр екен. Балалардың хаттары еліміздің кез келген әскери бөлімшесіндегі нақты мекен-жайға, іні-қарындастарының сәлемдемесі ретінде ағаларына жолданады.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Назарбек Мырзақуат, оқушы:
– «Балдырған» лагерінде демалып жатырмын. Ата-анам сізді сағынып хат жіберіп жатыр. Мен де сізге хат жолдап жатырмын. Сізге армияда сәттілік тілеймін. Сондықтан сіз бізге тез келіңіз. Мен өскен соң сіз сияқты боламын. Сіз секілді армияға барып, Отанымды қорғаймын. Отаным аман болғанына шүкіршілік».
Арман Керей, №41433 әскери бөлім жауынгері:
— Бүгін мектеп оқушыларының хаттарын оқып, көңіл-күйіміз көтеріліп қалды. Отан алдындағы борышымыз бен жауапкершілігіміздің күшейе түскенін сездік. Міне, оқушылардың хаттарды адал ниетпен, шын көңілмен жазғандары көрініп тұр және олардың сенімдерін ақтаймыз деген үміттеміз.