Жарнама
Жаңалықтар

Сарайшықты зерттеу кезеңі басталды

Хан ордалы Сарайшықтың ұлт тарихында алар орны ерекше. Заманында Алтын Орда хандарының құтты қонысы, Қазақ хандығының белді шаһары болған қаланы  сақтау, ұрпаққа аманаттау – өмір талабы. Ақ Жайықтың суы шайып, қаланың біраз бөлігінен айырылып қалғанымызбен, соңғы жылдары Атырау облысы басшыларының тарихи орынды сақтап қалуға бел шеше кіріскені, орталық атқарушы органдармен тізе қоса қимылдай бастағаны бұқараның көңіліне  медет болып отыр.  Ал, қала тарихын зерттеу одан әрі жалғаса бермек. Оған Астанада Атырау облысы әкімдігі мен  Мәдениет және спорт министрлігі бірлесе ұйымдастырған «Сарайшық: ұлы қала тарихы» атты  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда көзіміз жетті.

мәдени мұра

Тарих пен археология  ғылымдарында  айтар ойлары,  өз орындары бар   белді-белді отандық және шетелдік ғалымдардың басын қосқан  конференцияға  Атырау  облысының әкімі Нұрлан Ноғаев,  ҚР Мәдениет және  спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы,  сенаторлар, Мәжіліс депутаттары мен  қоғам қайраткерлері де қатысты. Басқосуда Сарайшық қаласын сақтап,  туристерді қызықтыратын  нысанға  айналдыру,  қаланың  тарихи  ғана емес, идеологиялық маңызына баға беру, Жібек жолы бойында  орналасқан өзге  нысандарға да  археологиялық қазба  жұмыстарын  жүргізіп,  ұрпаққа аманаттау мәселелері сөз  болды. Сонымен қатар,   қалың бұқараны  алаңдатқан  мәселе – қаланы сақтап  қалу  төңірегінде де  құнды ойлар ортаға салынды.

Жалпы, көне қалалардың орнын туристер қызығатын  мекенге айналдыра білген жұрттар әлемде аз емес. Жерорта теңізінің жағалауындағы көне өркениет орындары, әйгілі Трояны, грек қалаларын, Римді айтпағанның өзінде Ұлы даладағы тарихи орындарды да туристік бренд қылып алған елдер бар. Қазақпен көрші отырған  өзбек ағайын да  біраз ірі қалаларды жақсы сақтап отыр. Рас, Самарқан мен Бұқара, Хиуа секілді шаһарлар біздің  ескі қалалар  тәрізді  топыраққа  көміле  қоймаған шығар,  бірақ, бұл істе бірінші кезекте тарихи-мәдени жәдігерлерге деген қамқорлық пен сәтті  жарнама  рөл атқарғаны даусыз. Ал, моңғол жұрты  Шыңғыс хан заманынан қалған Қарқорым қаласын туристер қызығатын тамаша орынға айналдыра білді. Демек, қазақ даласындағы көне қалаларды сақтап, оларға туристердің назарын аудару өз қолымызда болса керек.

мәдени мұра2

Сарайшық  та сондай – туристерді тартатын  брендке айналуға толық мүмкіндігі бар мекен. Себебі, бұл қала  – әлем тарихында айырықша орны  бар Алтын Орданың астанасы  болған  шаһар. Біраз халықтың  мемлекеттілігінің бастауы, ұлт болып ұйысуы осы Сарайшықтың гүлденген дәуірінен бастау алады. Яғни, алыс шет елдердің тұрғындарына болмаса да, Алтын Орда тарихынан хабардар,  өздерінің тарихи танымын сол империямен  байланыстыратын көрші қолаң үшін де  Сарайшықты тартымды  туристік  орын жасауға болатыны анық. Ол үшін, әрине, бірінші кезекте қаланың сақталғаны, зерттелгені керек. Астанада өткен конференцияда осы зерттеу мәселесіне  көп көңіл бөлінді.

Конференцияға қатысқан  Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы  Сарайшық қаласын ашық аспан астындағы музейге айналдыруға күш салатындықтарын айтты. Сонымен бірге,  қала туралы  деректі  фильм  әзірленбек екен. Әрі  болашақта   Сарайшыққа қатысты көркем  фильм де түсірілуі мүмкін екендігін айтты. Ал, зерттеу  жұмыстары жалғаса бермек. Қала орнының  сақталуы мәселесіне келсек,  Жа-йықтың жағасын бекіту, өзге де техникалық шаруаларды  Атырау облысы әкімдігі атқара беретін  көрінеді. Орталық атқарушы  билік  облыста жасалып жатқан жұмыстарға араласа қоймайды. Керісінше, ортақ істе бір-біріне кедергі  болмау үшін  Мәдениет және спорт министрлігі мен Атырау облысы әкімдігінің арасында  бірлескен меморандум  жасалды.

мәдени мұра3

Демек,  енді  қаланы сақтап қалу  ісі жүйелене  түспек.  Министрлік  ғылыми зерттеу, реставрация  жұмыстарына  көп көңіл бөлсе,  әкімдік  техникалық мәселелерді шешеді. Қазірдің өзінде  Атырау  облысының  бюджетінен  бөлінген 1,6  млрд. теңге  Жайықтың Сарайшық қаласына  тиіп тұрған жағалауын бекітуге  жұмсалып жатыр.  Ұзындығы  1,5 шақырым  болатын жағалауды бетонмен бекіту  биыл аяқталып қалуы да мүмкін. Археолог Зейнолла Самашев  бұл жұмыс   мамырға дейін  бітетіндігінен  үмітті. Өйткені,  оған дейін аяқталмаса,  мамыр айына  қарай  Жайықтың суы көтеріліп кетуі де мүмкін екен. Сондықтан, әкімдік пен  министрліктің   бірлесе қимылдағаны   жұртшылықтың көңілінен  шықты.

Негізі Атырау  облысында  тарихи  жәдігерлер аз емес. Сарайшықтан бөлек те біраз  тарихи орындар бар. Бұл орындар   облыста туризмді дамытуға, жаңа туристік бағыттар  қалыптастыруға  зор мүмкіндік  бермек. Бір сөзбен айтқанда, Сарайшық Атырау  облысы  үшін туристік  брендке айналуы керек.  Өйткені, өз заманында араб  саяхатшысы Ибн Баттута әлемде Бағдаттан кейінгі ең әсем қала  ретінде бағалаған Сарайшықты  өзгеге жақсы таныстыра білсек,  мұнда  ағылатын турситер де аз  болмас. Бүгінде  жаһан жұрты Шыңғыс  ханға қызығатыны белгілі. Бірақ, оның ұрпақтарынан  әлемге танылғаны Құбылай хан ғана. Өйткені, Құбылайды қытай  жұрты да, моңғолдар да  жақсы насихаттады. Ал, Жошы хан,  оның  ұлдары Бату мен Беркені насихат қылу біздің  міндетіміз  болса керек. Әрі солардың есімдері арқылы азды-көпті  қаржы табуға да  болады. Сарайшықты Бату хан  салдырған деген дерек  кездесетінін ескерсек,  бұл қала іс жүзінде  идеологиялық һәм  туристік  мәнге  ие  болғалы тұр.  Мұны  облыс әкімдігі бағамдап отырғанға ұқсайды. Әйтпесе,   халықаралық конференцияны  Атырау қаласында да  өткізе салуға  болар еді. Бірақ,  орталық атқарушы  биліктің,  ел зиялыларының  назарын аудару үшін  Астанада ұйымдастырған тәрізді. Құптарлық іс.

мәдени мұра4

Астанада  өткен ғылыми басқосудан  көкейге түйген  тағы бір мәселе бар. Ол – Сарайшықты зерттеудің  жаңа кезеңі басталғаны. Жайық суының  көне қаланы  тұтастай  шайып кетуінен  қауіптенген  бұқараның  көңілі  биыл орнына  түсті.  Дарияның  жағасы  бетонмен шегенделер болса, іс жүзінде қауіп сейіледі. Демек,  қаланы  жүйелі зерттеуге мүмкіндік бар. Сонымен  бірге,  Каспий өңірі мен Жайық жағалуындағы өзге де қалаларды кешенді зерттеу қажеттілігі туып тұр. Тек Атырау   облысы аумағындағы Сарайшық,  Қызылқорған,  Қорғанша, Ақтөбе,  Ақтөбе-Лаэти қалаларының орындарына қазба жұмыстарын жүргізіп, туристік бағдарға қосар болсақ, бұл тарихи орындар бір-бірін толықтырып  тұрар еді. Сонымен қатар, оғыз-печенег заманынан келе жатқан Сақсын қаласының орнын табу да маңызды. Содан соң  археологиялық жұмыстар  жүргізілген жерлерді консервациялап,  сақталуына  көңіл аудармақ  керек. Яғни, ғалымдардың алдында  зор міндет тұр.

Амангелді ҚҰРМЕТ,

суреттерді түсірген: Советбек Мағзомов,

Арнайы «Атырау» газеті үшін,

Астана.

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, ҚР Парламенті  Сенатының депутаты:

– Сарайшықты сақтап қалу,  оны туристер қызығатын мәдени орынға айналдыру мәселесі ақпан айында  Атырау  болысы әкімі Нұрлан Ноғаев мырзаның халыққа есеп беру  жиналысынан кейін  түбегейлі шешілді деуге  болады. Халыққа есеп беруден кейін   Мәдениет және спорт министрінің қатысуымен облыста  жиын өткен болатын.  Сол басқосуда  Астанада халық-аралық конференция  өткізу мәселесі көтерілген еді. Міне, сөз бен істің  үйлесімі  деген – осы.  Облыс әкімі уәдесін орындады. Астанада Сарайшыққа арналған  үлкен конференция  ұйымдастырылып отыр.

Негізі қаланың атауы халықтың санасынан өшкен жоқ еді. Қаланың бір бөлігі су астына кеткенімен   мұрамызды сақтау үшін биліктің бір қадамға барарынан үмітті едік. Көп қаржы кететінін де баршамыз білеміз. Дегенмен,  облыс әкімі   тарихи мұраны  сақтау  үшін  сол қаржыны бөлгізді.  Яғни,   ұлт мұрасын  сақтауға айырықша еңбек сіңіріп отыр.  Ал,  зерттеу  жұмыстарына, консервациялауға  ерекше  көңіл бөле бастаған Мәдениет және  спорт министрлігіне де  ризамын.

 

Алексей КОВАЛЕВ, Ресей ғалымы, тарих ғылымдарының докторы:

– Сарайшық  – бәріміз үшін қымбат.  Өйткені, Алтын Орда көбіміздің мемлекеттілігіміздің бастауында тұр. Сондықтан,  Сарайшық қаласын  сақтап қалу ісін  құптаймын. Бірақ, мені  алаңдататын дүние басқа. Ол – «қара археология» мәселесі. Археологиялық  жұмыстар  жүргізілген жерлерден табылған  дүниелерді саудалаушылар бар. Заңдарымыз  осал. Мәселен, Ресейде 100 жылға  жетпейтін тарихы бар дүниелерді археологиялық  мұра  деп бағаламайды. Сарапшылардың бірі «мұның тарихи-мәдени  құны жоқ» деген бір жапырақ анықтама  берсе  болды, қалаған адам  ел мұрасын шет елге  алып кетуі мүмкін. Сондықтан,  заңнамалық тұрғыда   археологиялық,  тарихи мұраларды  сақтау мәселесін реттеу қажет.

Бірақ,  мұндай қадамға  Еуразиялық экономикалық одаққа  кіретін елдердің бірі барып, екіншісі  бұл іспен айналыспаса бәрібір нәтиже  болмайды. Ресейде заң күшейсе, біздің  коллекционерлер  Қазақстанға келеді де, мына Сарайшықтан, өзге тарихи орындардан табылған  дүниелерді  жинап кетеді. Тіпті, шет елдерге де Қазақстан арқылы шығаруы мүмкін. Сол сияқты Қазақстанда заң мен бақылау  күшейсе, керісінше  болады. Сондықтан,  тарихи-мәдени  құндылықтарды бағалау,  оларды сақтау мәселесіне  көңіл бөлуіміз керек. Өз басым Сарайшықтан  табылған талай мұраның  қолды болғанынан  хабардармын. Бала-шаға  қала орнынан табылған  тиындарды,  құмыралар мен  түрлі  жәдігерлерді  келген-кеткен  туристерге сатып жатады. Бұл дұрыс емес.  Олардың барлығы – сіздердің бабаларыңыздан  жеткен мұралар. Оларды  сақтау керек.

 

Зейнолла САМАШЕВ, археолог:

– Сарайшықтың  нақты орны  100 гектар деп көрсетіліп жүр. Одан  үлкен  болуы да мүмкін.  Қаланың су шайған   орнына келсек, өкінішке қарай, біраз  мұра келмеске кетті. Тіпті, өзім  қазба  жүргізген кезде ашқан  үлкен сарай  бар еді. Ол жағалаудан 20 метр  жерде   орналасқан болатын. Кейін  жағалау құлап, сол ғимарат суға кетті. Қаланың бір жағындағы керуен сарайлар,  шеберханалар,   моншалар және басқа да  ғимараттар  су астында қалды. Бірақ,  қаланың келесі бөлігінде де сондай  ғимараттар  болуы мүмкін. Ол жағы белгісіз, қазба жұмыстары   жүргізілген жоқ. Қалада  теңге сарайы  болған. Соның орны әлі бар тәрізді.

Сонымен бірге, Қасым хан жерленген орын қаланың бір бұрышында сақталып қалды ма, жоқ әлде  сумен шайылып кетті ме,  ол жағы әзірге  белгісіз  болып тұр.  Зерттеу жасалуы керек. Үмітіміз бар. Біз  қазба  жұмыстарын  жалғастыра береміз, ал, реставраторлар  мұраларды қалпына келтіре береді. Осылай келістік. Реставраторлар біздің ізімізді ала жүріп отыратын  болады. Сонда ғана  қаланы сақтап қана қоймай,  ашық аспан астынадағы музейге айналдыра аламыз.

 

Карл БАЙПАҚОВ, археолог:

– Бүгінгі  жиын тек Сарайшық қаласының  тарихи-мәдени маңызына ғана арналды десек, қателесеміз.  Жайық-Каспий  өңірінде  көптеген Жалпақтас,  Ақтөбе-Лаэети  сынды қалалар бар.  Қазба  жұмыстары соларға да жүргізіліп, зерттелуі керек. Тек Атырау ғана емес, Маңғыстауда да талай  мұра жатыр. Батыс Қазақстанда да  солай. Бәрі  үлкен туристік бағдардың құрамына кіріп, халықаралық және  ішкі  туризмнің  нысандарына  айналуы керек. Екіншіден,  Сарайшықты су  шайып кетуден сақтау  үшін  өзен арнасын бекіту  жұмыстары  мені айырықша қуантты.  Бұл  тарихи мұраны  консервациялаудың басы деп білемін. Енді  археологиялық  жұмыстармен қатар  консервация да жалғаса береріне  сенемін. Салалық министрліктің  бұл қалаға  көңіл аударуы  да – құптарлық іс.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button