Сарайшықтың ортағасырлық тарихы талқыланған ғылыми конференция өтуде
Махамбет ауданы Сарайшық ауылында республика мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен Жошы ұлысының 800 жылдығына орай «Сарайшық және Еуразияның ортағасырлық әлемі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.
Конференцияның басты мақсаты – ортағасырлық Сарайшық қаласы туралы ғылыми білімді жүйелеу және осы қаланың Еуразияның ортағасырлық тарихындағы, сондай-ақ қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы маңызды рөлін анықтау.
Іс-шараның ашылуында сарайшықтанушы, белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашевтың жеке құжаттары көрмесі ұйымдастырылып, «Ортағасырлық Сарайшық: тарихи деректері, археологиясы, нумизматикасы, картографиясы» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері өтті. Бұл еңбекте ортағасырлық қаланың әртүрлі аспектілері мен оның тарихи маңызы жан-жақты қарастырылады.
Конференция пленарлық және секциялық отырыстармен жалғасын тапты. Қатысушылар ортағасырлық Сарайшық қалашығымен танысып, қаланың мәдени-тарихи мұрасын зерделеуге қатысты ұсыныстар айтып, талқыға салуда.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген автор