Сарайшықты сақтау – маңызды мәселе

Сарайшық – тек Атырау өлкесінің емес, ұлтқа ортақ тарихи-мәдени бірегей ескерткіш. Орта ғасырда әлемдік өркениеттің бел ортасында гүлденген шаһар шежіресі кім-кімге де қызықты. Алыс, жақын шетелден келетін туристер үшін де тың тақырып саналатын көне қала арқылы туризмді дамыту – көптен бері айтылып келе жатқан мәселе.

Күні кеше Ғұмар Дүйсембаев және Сағындық Лұқпановтың бастамасымен бір топ Парламент Сенатының депутаттары Премьер-Министр Асқар Маминнің атына хат жолдап, тарихи мұраны жаңғырту ісіне қатысты біраз мәселені талқыға салды.

sarajshyq

Жалпы әлемдегі дамыған елдер өз тарихына қатысты естелік-мұраларын сақтауда, оны болашаққа жеткізу мақсатында қаржыны да аямайды. Өйткені, бұл артефактар мемлекет тарихының, мәдениет деңгейінің қаншалықты тереңнен басталатынының куәсі. Тарихи құндылықтарды сақтауға жасалған қадам арқылы туризм дамып, қазынаға да зор пайда түсері анық. Демек Қазақ хандығының астанасы болған саяси нысанның мемлекеттің іргесін бекітуде мәні зор екені айтпаса да түсінікті.

«Сарайшық Ұлы Жібек жолындағы Еуропа мен Азияны байланыстырған экономикалық көпір болды. Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы билеушілерінің пантеоны. Алтын Орда хандары Мөңке Темір, Тоқты, Жәнібек, Бердібек, Тоқтамыс ханның басы, қазақ хандарының атасы Барақ хан, Қасым ханның мәңгілік мекені осы қала болыпты. Түркі халықтарына белгілі тұлғалар Жүсіп бидің қызы, Қазан ханшасы – Сүйінбикенің, қазақ-орыс дипломатиясының басында тұрған Оразмұхаммед сұлтан Онданұлының, Бөкей Ордасының ханы – Жәңгір Бөкейұлының туған жері» деп, депутаттық сауалда Сарайшық шаһарының мән-маңызын атап көрсеткен сенаторлар ортағасырлық қаланың терең зерттелуіне, оның туризм аймағына айналуына мемлекеттік деңгейде назар аудару қажеттігіне басымдық берген.

Түйткілді тарқатудың бір тетігі – ескерткіш аумағында меншік құқығын өзгерту. 2017 жылы «Қазаққайтажаңарту» мекемесі жасаған «Ортағасырлық Сарайшықтың қорғау аймағы» құжатына сүйенсек, оның көлемі – 51,2 гектар. Қала үстінде мұсылман зираты және ескі Сарайшық ауылының 90 үйі бар. Жиі көтеріліп жүрген ауылды көшіру мәселесі әлі жүзеге асқан жоқ. Өйткені, оған бюджетте қаржы қарастырылмаған.

Белгілі археолог Зейнолла Самашевтың жетекшілігімен 1996-2006 жылдары жүргізілген қазбалар барысында ашылған ХІV ғасырда салынған 40 шақты бөлмеден тұратын кешенді сарай ғимаратын музейлендіру жұмысы әлі күнге дейін қолға алынбай келеді. Сондықтан, сенаторлар аталған ғимаратты сақтап қалу, қазба жұмыстарымен қатар реставрациялау жұмыстарының жүруі көне Сарайшық үшін аса маңызды екенін атап көрсеткен. Сондай-ақ сауалда қазба жұмыстарына қажетті қаржыны бұған дейін Атырау облысының әкімдігі бөліп келгенін келтіріп, енді республикалық бюджеттен жоспарлы түрде қаржы бөлу қажеттігін қаперге беріп және Сарайшықты сақтап қана қоймай, оны туристік аймаққа айналдыру үшін арнайы бағдарлама дайындау ұсынылды.

Аталған тақырып кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте де негізгі мәселе ретінде көтерілді.

Түйінді мәселенің тиімді шешілеріне үміт мол!

Гүлжан  ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз