«Сарайшық» сапар орталығын сәуір айында ашу жоспарланып отыр
Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыру 2022 жылы басталып, жыл соңына дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда Атырау облысы әкімдігі Қазақстанның өзге өңірлеріндегі осындай нысандарды ерекшелендіру үшін сапар орталығының сыртқы келбетіне өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасады. Сондықтан құрылыс жұмысының мерзімі ұзартылды.
Бүгінде сапар орталығының құрылысы аяқталды деп айтуға болады. Қазір іргелес аумақты абаттандыру — тас төсеу, көшет отырғызу, сыртқы жарықтандыру, орындықтарды орнату секілді жұмыстар жасалуда. Мердігер мекеме күн райы жылына бастағанда абаттандыру жұмысын бастайды.
Жоспар бойынша наурыз айында аяқталуы тиіс. Сапар орталығының ашылуы және жұмысын бастау сәуір айына жоспарланған. Біз құрылыс жүріп жатқан нысанға жиі барамыз. Жұмыс барысын қадағалаймыз және ең алдымен орындалу сапасына назар аударамыз. Алдыңғы сапарымда мердігерге құрылыс бойынша ескертулер жасалды. Нәтижесінде кеткен қателік орындалды, — деді Н. Құсайынов.
Оның айтуынша, сапар орталығының құрылысы жобасын жүзеге асыруға 780 млн теңге бөлініп, бүгінде 90 % игерілген. Қалған 10% нысан толық тапсырылғаннан кейін мердігерге аударылады.
Сапар орталығының ішіне музей экспозицияларын жасау бойынша жұмыстарды «Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС жүргізеді. Серіктестіктің даму жөніндегі директоры Ринат Кутдусовтың айтуынша, «Сарайшық» сапар орталығы — Алтын Орда кезеңіне арналған еліміздегі бірегей нысан.
Сарайшық – Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қала. Сапар орталығында бірнеше экспозициялық аймақтар болады – моңғолға дейінгі кезең, моңғол кезеңі, сондай-ақ Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығы кезеңдері.
— Ал сапар орталығының экспозицияларында бірқатар құнды дүние қойылады. Сондай-ақ елімізде алғаш рет Қасым хан мен Бату ханның бейнелері осында көрсетіледі. Ғалымдармен бірлесе отырып, бұл бейнелерді жасау үшін көп жұмыс атқарылды. Бұл экспозицияларда Сарайшық қалашығының материалдық мұралары, дәл осы жерде әр уақытта табылған жәдігерлер, Алтын Орда туы немесе бүгінде кейбір елдердің мемлекеттік елтаңбаларында бар қос басты бүркіт белгісі қойылады. Сарайшықта екі басты бүркіт бейнеленген белгі табылды, — дейді Ринат Кутдусов.
Ол сондай – ақ мұнда ғылыми негізде қайта жасалған Сарайшықтың бірегей макеті ұсынылатынын атап өтті. Алтын Орда кезеңіндегі Сарайшықтың бейнесін жасауға ғалымдар көмектесті. Р.Кутдусовтың айтуынша, барлық экспозициялар мультимедиялық болады. Бұл сапар орталығының қонақтарына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Сапар орталығында алты экспозициялық зал, сондай-ақ көрме павильоны бар.