Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Сарайшық – хандар мекені

Atr.kz/4 тамыз, 2020 жыл. Бір кезде Азия мен Еуропаның арасын біріктіруші алтын көпір болған ортағасырлық Сарайшық қаласы қазақ хандығының астанасы, Ұлы Жібек жолының маңызды ірі сауда орталығы болған. 2018 жылдың 4 сәуірінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан осы киелі мекенді тыңғылықты зерттеу жұмыстарымен айналысатын «Сарайшық» мемлекеттік тарихимәдени музей-қорығы» құрылды. Тарихи-мәдени ескерткіштердің қорғалуы мен сақталуын қамтамасыз ететін бұл мекеменің бүгінге дейін атқарған жұмыстарын білу мақсатында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музейқорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт МҰҚТАРҒА бірнеше сұрақ қойған едік.

– Әбілсейіт Қапизұлы, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына ғылыми негіз беріліпті. Не үшін?

– Ортағасырлық Сарайшық қаласын зерттеумен айналысатын «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының жұмыс істей бастағанына биыл екі жыл толды. Біздің музей-қорық осы мерзім ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен келісілген жұмыс жоспарына сәйкес қызмет атқарып келді. Яғни, мекеменің жұмыс жоспары Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына және министрліктің қойған талаптарына сәйкес жасалды. Былтыр жоспарлы бағыттарды саралап, толықтырып отыру үшін музей-қорық жанынан ғылыми кеңес құрылды. Қазіргі таңда ғылыми кеңес құрамында 17 адам бар. Олардың төртеуі – ғылым докторы, екеуі – ғылым кандидаты. Кеңес мүшелерінің көпшілігі – жергілікті өлкетанушылар, тарихшылар. Өткен жылы ғылыми кеңес төрт отырыс өткізді. Аталмыш кеңес жыл бойына музей-қорық қорындағы жәдігерлерді сақтау және толықтыру жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени мұраны насихаттау, ғылыми зерттеу, ұйымдастыру бағытында біраз еңбектенді. Орта ғасырлық Сарайшық қаласының қорғау аймақтарын анықтап, болашақта оны қоршап, туризм орталығына айналдыру турасында нақты ұсыныстарын берді. Музейқорықтағы қауіпсіздік мәселелерін зерделеді. Осы ұсыныстар Атырау облыстық әкімдігіне, министрлікке жолданды. Осылайша музей-қорық жұмысына ғылыми негіз берілді.

– Музей-қорық министрлік тарапынан ғылыми және ғылымитехникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттеліпті. Бұл осы ғылыми кеңес жұмысының бір көрінісі болар?

– Әрине, аталмыш ғылыми кеңес жұмысының нәтижесінде тағы бірнеше маңызды құжаттарға негіз қалап, қол жеткіздік. Алдымен, музей-қорық тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыруға рұқсат беретін лицензияны иемденді. Одан соң, былтырғы 31 шілдеде ҚР «Ғылым туралы» Заңының 23-бабына сәйкес «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК ғылыми және ғылымитехникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелді. Бұдан бөлек, Сарайшық қаласының тарихы турасында көп мағлұмат білетін Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов, Семей мемлекеттік университетінің профессоры, ноғайтанушы Амантай Исин, алматылық ғалым, профессор, ортағасырлар тарихының маманы Нұрлан Атығаев, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ұлжан Ахметова, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің географ ғалымы, PhD докторы Эдуард Имашев сынды білгір ғалымдар музей-қорықтың ғылыми-зерттеу жұмыстарына ғылыми кеңесші ретінде белгіленді. Осы жұмыстар қорытындысында алғаш рет музей-қорық атынан 2020-2022 жылдарға арналған Ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа төрт жоба тапсырылды. Оның бірі – Қазақстанның батыс өңіріндегі көне керуен жолдары және алтынордалық керуен-сарайларын зерттеу және оларды есепке алу жобасы, екіншісі – Ресей, Түркия, Иран және Қытай деректеріндегі ортағасырлық Сарайшық қаласы туралы жазбаларды зерттеу жұмысы. Сонымен бірге, Сарайшық қаласы қамалын (цитаделін) қалпына келтіру бойынша археологиялық жұмыстар жүргізу және «ЕділЖайық өзенаралық аймағындағы Алтын Орда кезеңіндегі қалалардың (Сарайшық, СарайБату, Сарай-Берке мысалында) тарихи-географиялық және мәдени құндылығының туристік әлеуеті» жобаларын жүзеге асыру ниетіндеміз.

– Былтыр «Сарайшық» музейінің құрылғанына 20 жыл толған екен. Қасиетті орынға жұртшылықтың қызығушылығы бұдан ертерек басталған сияқты ғой.

– Рас, бұл қасиетті мекеннің халқымыздың тарихындағы алатын орны өте зор. Көне қаланың негізгі іргетасы Атырау қаласынан 55 шақырым жерде. Махамбет ауданына қарасты бүгінгі Сарайшық ауылында 1960-жылдардаақ өлкетанушы Мұстажап Намазғалиевтің бастауымен музей қалыптаса бастаған. 1999 жылы Атырау облысының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың бастамасымен «Хан Ордалы Сарайшық» мемориалдық кешені тұрғызылды. Оның ашылу салтанатына Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Бүгінгі күні осы музейге республикалық статус берілді. Ал, былтыр музейқорықтың ашылғанына 20 жыл толуын атап өттік. Мұндағы мақсатымыз – музейдің ел ішінде танымалдылығын арттыру және оның мәселелеріне ел назарын аудару. Алдымен облыс орталығында мектеп оқушылары мен ұстаздарға арналған «Туған өлкені зерттеу: оның маңызы мен басым бағыттары» атты облыстық конференция ұйымдастырдық. Одан соң, қазан айында Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Жошы ұлысы және Сарайшық: Қазақ мемлекеттілігінің бастауында» атты халықаралық конференция өткіздік. Бұл ауқымды конференция облыс әкімдігі қолдауымен ұйымдастырылып, оған еліміздің әр өңірінен келген тарихшығалымдардан бөлек Германия, Ресей, Түркия, Қытай елдерінен 18 ғалым қатысты. Сонымен бірге, 2019 жылы 1-5 қазан аралығында Алтын Орданың 750 жылдығына арналған «Жошы Ұлысы – Алтын Орда астаналары: Сарайшық, Сарай-Бату, Сарай-Берке қалалары ізімен» атты экспедиция ұйымдастырып, тарихшы, археолог, географ ғалымдарды ертіп, Ресейдің Астрахан, Волгоград облыстарында орналасқан Жошы Ұлысының астаналары – СарайБату, Сарай-Беркені ғылыми түрде зерделедік. Сөйтіп, Ресей туристік фирмаларымен келісімге қол жеткіздік. Ал, жыл аяғында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесе «Өлке тарихы және оның өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өткізілді. Осы жиында институт пен музей-қорық басшылары ғылыми зерттеулерді бірлесе жүзеге асыру туралы екіжақты келісім-шартқа қол қойды.

– Музей-қорық археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін құжатты иемденіпті. Бұл бағытта жүргізген жұмыс нәтиже бере бастады ма?

– Тарихи орынды зерттеп, қазуға рұқсат беретін құжат қолымызға тиген соң, біз де көне шаһардың кей тұстарын зерттеп, қазба жұмыстарын жүргізе бастадық. Бұл жұмыстың толыққанды атқарылуына Атырау облыстық әкімдігі қолдау көрсетті. Былтырғы шілдеде басталған қазба жұмыстары қазан айына дейін созылды. Қазба барысында топырақ астынан Сарайшық қаласы қамалының (цитаделінің) солтүстік қақпасының орны, өндірістік цех орындары мен толық сақталған көрхана табылды. Атап айтар бір жайт, археологиялық зерттеулер кезінде қала орнынан табылған адам сүйектерімен астаналық антрополог жұмыс істеп, жәдігерлерге ғылыми қорытынды берді. Соңында қазба орындарына сақтау-тұмшалау жұмыстары жасалды. Қараша айында «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің реставраторы Салима Жолдасова қамал (цитадель) қақпасының орны мен бұрын ашылған Сарай кешені нысандарымен танысып, оларды қалпына келтіру туралы мәселені көтерді. Осыған орай Мәдениет және өнер істері департаментіне нақты ұсыныс берілді.

– Ел тарихшылары Сарайшық қаласын Жошы ұлысы билеушілерінің, даңқты тұлғалардың пантеоны деп жатады. Оны дәлелдейтін нақты дерек  бар ма?

– Тарихшылар өз ойын әрдайым бір негізге сүйеніп айтады. Тарих қойнауына үңілген сайын Сарайшықтың Алтын Орданың астанасы болғаны айқындалып келеді. Осыны нақты деректермен негіздейтін уақыт жеткен тәрізді. Бұл – күрделі мәселе. Бұған әлі де терең зерттеулер жүргізу қажет. Сондай-ақ, Сарайшық ел билеушілерінің мәңгілік мекені болғаны да расталып келеді. Бұл дерек венециялық монах Фра Мауроның 1459 жылғы салған картасында бейнеленіпті. Италиялық саяхатшы өз құжатында Жайық өзенінің оң жағалауын күмбезбен белгілеп, сол орынды «Билеушілер қабірстаны» деп көрсеткен. Кейін осы атауды нақтылайтын деректер топограф А.Е.Алексеевтің 1861 жылғы жазбаларында, П.И.Рычков, П.С.Паллас, А.И.Левшин сынды ғалымдардың еңбектерінде анық көрініс тапқан. 1937 жылы Сарайшықта археологиялық қазба жүргізген ғалым Н.Арзютов өз жазбаларында бұл орынды «Алтын орда хандарының жерленген жері» деп көрсеткен. Ал, көне қаланы 1950 жылы зерттеген археолог Г.И.Пацевич «Сарайшықта Жошы ұлысының астанасы және алғашқы Алтын Орда хандарының жерленген орны болған» деген жазба қалдырған. Сол жылы академик Әлкей Марғұлан жетекшілік еткен Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы (БҚАЭ) да Сарайшықта жұмыс істеген. Белгілі ғалым сапарнамалық жазбасында: «1524 жылы Сарайшықта қазақ ханы Қасымның қаза тауып, жерленгені қайнар көздерден белгілі» деген тоқтамға келеді. Осы деректерге қоса, әйгілі Қадырғали Жалайыри «Жылнамалар жинағы» еңбегінде Қасым хан жөнінде: «Оның хикаясы әр жерде айтылады, сондықтан мәлім, мәшһүр болды. Ақырында Сарайшықта дүние салды. Бұл күндері оның қабірі Сарайшықта жатыр» десе, ХVІІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Әбілғазы «Түрік шежіресі» кітабында Алтын орда ханы Тоқтағу турасында: «Оның патшалық өмірі алты-ақ жыл болды, Сарайшық шаһарында жерленді» дей келе, Жәнібек хан Өзбекұлын: «Ол он жеті жыл патшалық құрды. Сарайшықта жерленді», — деп жазады. Бұлардан бөлек, Өтеміс қажының, Абдулғаффар Қырымидің жанама деректеріне сүйенсек, Сарайшықта Жошы ханның ұлы Бату ханнан тарайтын ұрпақтары Тоқтағу, Мөңке Темірұлы, Жәнібек Өзбекұлы, Бердібек Жәнібекұлы, Тоқай Темірінен тарайтын Тоқтамыс Тайқожаұлы, Жошының Орда Еженінен тарайтын қазақ хандарының атасы Ақ орда ханы Барақ Құйыршықұлы, Қазақ хандығының билеушісі Қасым Жәнібекұлы сынды Алтын Орда хандары жерленген. Бұл бағытта түрлі тұжырымдар болғанына қарамастан болашақта зерттеулер әлі де жалғасын табады.

– Қасым ханның Сарайшықта жерленгенін растайтын құжат табылғаны туралы сөз бар. Осы құнды деректер қайдан алынды?

– Қалың қазаққа қасқа жол нұсқаған Қасым ханның Сарайшықта жерленгенін дәлелдейтін бұл құжатты атыраулық зерттеуші-тарихшылар 2017 жылы Москва қаласына барған сапарында сондағы архивтен тапты. Олар еліміз турасында жазылған құжаттарды ақтарып отырып, 1861 жылы топограф А.Алексеев жасаған Сарайшық қаласының сызба картасын тауып алды. Орыс ғалымының құжатында көне қаланың 60 пайызы ғана сақталғаны бейнеленіп, оның бір бөлігінде ел билеушілері отырған қамалдың (цитадельдің) орны көрсетілген. Қамалдың (цитадельдің) ортасында «Аулие склеп», ал, карта астында «қоршауды 1836 жылы Жәңгір хан тұрғызған» деген жазу жазылған. Біздің анықтауымызша, бұл – Жәңгір ханның ата-бабасы атақты Қасым ханның жерленген орны. Болашақта бұл жерге толық зерттеу жүргізіліп, қазба жұмыстары атқарылатын болады.

– Сарайшықта Алтын Орда хандарының атынан теңге соғылып, шаһарда ақша сарай орталығы болған деседі. Осы турасында не айтасыз?

– Иә, көне қалада теңге соғатын орындардың бірнешеуі болған. Оның дәлелі – қазба жұмыстары кезінде табылып жатқан теңге мен тиындардың сан алуандығы. Бүгінде қасиетті орыннан табылған теңгелердің алдыңғысы Менгу-Темір ханның (1266-1282) тұсындағылар болса, ал, кейінгісі – 1515-1600 жылдары сауда-саттық жасаған ақшалар. Алтын Орда нумизматикасының негізін салушы Х.М.Френнің анықтауынша, Сарайшықтың өзінде соғылған тиындардың ең көнесі Елбан ханның тұсында шыққан. Тіпті, Дервіш хан тиындарына дейін соғылған. Сонымен қатар, 1359-1361 жылдары Қызыр ханның тұсында «Сарай әл-Жадид» атымен теңге шығарылған. Ал, 1370-1374 жылдары Сарайшық шайбанилық Айбекке бағынған тұста ақшалар Әли-қожа мен Елбан хан есімдерінің жазылуымен белгілі. Алтын орданы Тоқтамыс хан билеген жылдары оған бағынған барлық тиын соғатын орындар қайтадан билеуші хан атымен тиын шығара бастаған. Мыс және күміс тиындар Хорезмнен тыс мемлекеттің барлық жерлерінде 1,30 грамм салмақпен, ал, Хорезмнің өзінде 1,50 граммен соғылған екен. Бұдан соң, 14001417 жылдардағы Шайбан, ТоқаТемір, Орда-Ежен ұрпақтарының өзара күресі кезеңінде де Сарайшықта тиын соғу үрдісі үзілмеген. Соғылым сапасы нашар болғанымен, оның көптеп табылуы ханның экономикалық әл ауқатын анықтайды. Тиындар одан әрі Болат хан (1406-1411), Дервіш хан (1413-1420) дәурен құрып тұрған кезеңдерде де дайындалған.

– Енді музей-қорықтың алда атқарар жұмыстары және алдағы жоспарлармен бөліссеңіз…

– Осы кезге дейін ортағасырлық Сарайшықтың мемлекеттік қорғау аймағы анықталғанымен, бұл арнайы бекітілмей келген. Былтыр осыған орай «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің мамандары жасаған қоршау аймағының жобасы облыс әкімдігіне жіберілді. Биыл осы мәселе шешіледі деген үміттеміз. Сонымен қатар, көне қаланың орнын бөгде адамдар мен мал кірмеуі үшін  қоршап, бақылауға алу бағытында жұмыстар жүргізуіміз керек. Бұл тарихи ескерткіштің бұзылмауын қамтамасыз етер еді. Ал, ұлы тұлға — Қасым ханға ескерткіш орнату мәселесін де, Жайық жағалауынан табылған цитаделдің солтүстік қақпасын қалпына келтіруді де жоспарымызға енгізіп отырмыз. Әрине, жұмыстар легі бірінен кейін бірі шығып жатыр. Солардың қатарында Сарайшықта Сапар орталығын тұрғызу жоспары жүзеге асса, нұр үстіне нұр болар еді. Бәрін ғылыми негізде жүргізуді көздеп отырмыз. Сәтін салса бәрі ретке келеді.

Әңгімелескен: Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button