САҚТЫҚ ҮШІН ҚОР ҚАЖЕТ
Atr.kz/28 шілде, 2020 жыл. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, гуманитарлық көмек негізінен емдеу мекемелерінің сұранысына сай, арнайы комиссияның бақылауымен таратылуда.
Атырау қаласы бойынша емдеу мекемелеріне келген гуманитарлық көмек немесе демеушілік қолдау аясындағы заттардың барлығы орталықтандырылған Геолог емханасының қоймасына жинақталып отыр. Бұл жүйе дер кезінде есеп жүргізіп, көмекті мақсатты жұмсау үшін керек. Оның үстіне, облыс бойынша басқа емдеу орындарында әкелінген көмекті сақтайтын орын да жоқ.
– Қазіргі уақытта қоймада бетперде, көзілдірік, антисептикалық заттар, қорғаныс киімдері және қолғаптар сақталып отыр.
Екіншіден, пандемия жағдайына байланысты екі апталық қор міндетті түрде сақталуы керек. Бүгінде карантинге байланысты науқастар саны азайып келеді. Бірақ, алда қандай жағдай күтіп тұрғаны белгісіз. Яғни, қор сақтық шаралары үшін керек. Емдеу мекемелерінің қажеттілігі сұранысқа сай қамтамасыз етіліп отырады. Облысқа қарасты жеті аудандағы медициналық орындарда бір айлық қор бар, — деді Нұрлыбек Қабдықапаров.
Азамат БАЗАРБАЕВ