Сапалы кадр саланы өрге сүйрейді
Бұрынғы уақытта аймақтағы күрделі отаның көбі облыс орталығында жасалатын. Басы ауырып, балтыры сыздағанның ем іздеп келетін бастапқы нүктесі де Атырау қаласына айналды. Бұл үрдіс бір жағынан шаһардың саладағы салмағын білдірсе, көлеңкелі тұсы аудандардағы медициналық әлеует балансының бұзылуына әсер еткен еді. Олай дейтініміз, науқастар қалаға келуге шығындалып, аудандарда маман тапшылығы туындайтын. Міне, осы мәселені шешу үшін аудандардағы денсаулық сақтау саласын жүйелеу, қолжетімді медициналық қызметті қалыптастыру күн тәртібіне көтерілді. Түрлі жоба жүзеге асып, ілкімді бастама жарық көрді.
Жағымды жаңалық Жылыой ауданында да жетерлік. Әсіресе, биыл сапалы дәрігерлік қызметпен қамтамасыз ету үшін жасалған жұмыс көп. Жаңа бөлімше құру, ауыл-аймақтағы амбулатория құрылысы, маман тапшылығын шешу қолға алынды. Мұның сыртында құрал-жабдық түгендеу жұмысы да бар.
Атырау қаласынан басқа стенттеу, коронография сияқты кардиология саласындағы күрделі операциялар мен диагностика Құлсарыда да қолжетімді болды. Бұл бөлімшелер медициналық көмек көрсету мерзімін айтарлықтай қысқартады, жүрек-қан тамырлары ауруларына диагностика жасап, ем-домның сапалы әрі уақытылы көрсетілуін қамтамасыз етеді. Орталықта бір профессор, бір интервенциялық кардиолог, кардиологиялық реаниматолог және төрт орта буын қызметкері жұмыс істейді екен. Жаңа орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған, оның ішінде SIEMENS құрылғысы, дефибриллятор, кардиологиялық монитор және жасанды тыныс алу аппараты бар. Бұл орталықтың Құлсары қаласында ашылуы аудандағы медициналық қызмет көрсету деңгейін айтарлықтай жақсартады. Денсаулық саласындағы айтулы жаңалыққа куә болған тұрғындардың жүздері жадырады. Білікті мамандар мыңдаған адамның дертінен айығуына көмектесетініне сенімдімін.
Сала ардагері ретінде, көңіл қуантатын жайттар көп-ақ, алайда әттеген-ай, дейтін тұстар да баршылық. Негізінен дәрігерлер – қоғамдағы адамдардың денсаулығын күзетіп, мемлекеттің алға жылжуына үлес қосушы бірден-бір мамандық иелері. Дәрігерлік сала тек іспен емес, сөзбен де терең тамырласып жатады. Өйткені «дәрігер науқасты жартылай іспен емдесе, жартылай сөзбен емдейтіні» талассыз ақиқат. Қазір дәрігердің қабылдауына барсақ, компьютерден көзін алмай, «Қандай себеппен келдіңіз?», «Қай мекен-жайда тұрасыз?» деген жаттанды сөздерінен ешқандай жылылықтың лебі сезілмей жатады. Осындай ақ халатты абзал жандардың салыңқы қабағы мен тұнжыр, немқұрайлы көзқарасынан кейбір науқастардың дертіне дерт қосып, көңілі жараланып жататынын да естиміз.
Біз қызмет еткен тұста білікті дәрігерлер бұл қағидатты жадында ұстап, науқастармен тиісті дәрежеде сөйлесіп, қарым-қатынас құра білетін. Аурудың қаншалықты жеңіл түрде өтетіні, науқастың қасында қолдайтын адамдарының бар-жоғы, әлеуметтік жағдайы – осының бәрі психикалық түрде науқасқа әсер етеді. Мұндай науқастармен қарым-қатынас жасағанда ең бірінші сол науқастың дәрігерге деген сенімі артуы керек. Дәрігердің әрбір сөзі ем болуға тиіс. Яғни сол дәрігердің сенімділігін науқас сезінген кезде, ауруды жеңуіне көмек берген кезде ғана емделуші кез келген үрейді жеңе алады.
Сапалы кадр саланы өрге сүйрейді. Сондықтан еңбек нарығында біліктілігі жоғары, тәжірибесі зор, қабілеті айрықша мамандарға деген сұраныс қашан да жоғары болған, бола бермек те. Талай жылғы тәжірибемізбен тұрғындар денсаулығын көтерудегі еңбегімізді екшелеп, әсіресе жас мамандарды тәрбиелеуде талай биікті бағындыруға бағыт бергіміз келеді. Осы тұрғыда сала ардагерлері мен жас мамандар арасында жиірек кездесу ұйымдастырылса, ардагерлерді өткізілетін іс-шараларға шет қалдырмай, шақырып тұрса, сондай-ақ, аудандық емхана ішінен сала зейнеткерлеріне жайлы бөлме ашылса деген тілегіміз бар.
Мария ІЗМАҒАМБЕТОВА,
Жылыой аудандық орталық аурухана ардагерлер ұйымының төрайымы,
денсаулық сақтау саласының ардагері