Атырауда «Ургентті телемедицина» жүйесі іске аспақ
Atr.kz/11 наурыз, 2019 жыл.
– Алло, «жедел жәрдем»…
– Тыңдап тұрмын.
– Мерзімінен бұрын жаңа ғана туған егіз сәбиге шұғыл көмек қажет. Өкпесіне ауа жетпей, өміріне қауіп төнуде. Шұғыл жетіңіздер…
Қыстың аязды түндерінің бірінде облыстық «жедел жәрдем» стансасына Индер ауданынан түскен бұл қоңырауды санитарлық авиация бөлімінің меңгерушісі Жарқын Қадыржанова қабылдады. Түнгі сағат 02.50-де тіркелген қоңырау шағымына байланысты даладағы ұйытқыған қар, ақ түтек боран мен тұманға қарамастан шұғыл түрде бригада ұйымдастырылды. Санаулы минуттарда сала мамандары қажетті құрал-жабдықтарды жинап, жолға шықты.
Гиппократ антына адалдық
Бұл күні ауа райының қолайсыздығынан санитарлық авиацияның әуе жолын пайдалану мүмкін емес болатын. Сондықтан, боранға қарамастан сала қызметкерлері реанимобильді автокөлікпен Индерге жетті. Қос нәрестенің өмірін ажалдан арашалау бригада құрамындағы облыстың штаттан тыс неонатолог-дәрігері, облыстық перинаталдық орталықтың жан сақтау бөлімшесінің меңгерушісі Түрлен Бегееваға жүктелді. Бұған дейін шалғай аудандарға шұғыл барып, талай баланың өмірін құтқарып қалған ол ауданға жете салысымен, бұл жолы да жедел әрекетке көшті.
Екі балаға да тыныс алдыру үшін арнайы аппарат қажет. Алайда, кувез-инкубаторда мұндай құрылғы біреу-ақ. Баланың біреуіне көмек көрсетіп, облыс орталығына алып кеткенмен, сәбидің сыңарының өміріне қауіп төніп тұрғаны анық. Осынау сын сағатта Түрлен Бегеева бірнеше жылдық тәжірибесінің нәтижесінде батылдық танытып үлгерді. Дем бергізетін құрылғының түтіктерін қиып, екіге бөліп, бір аппаратқа екі түтікті қатар жалғады.
Сөйтіп, екі балаға бірдей өкпесіне жасанды дем жіберіліп, денсаулықтарына ешбір ақау келместен, дін-аман облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді. Бұл тұста Түрлен Мұздықызының өз ісін бар ынтасымен атқарып, өлім мен өмір арасында жатқан қос сәбиге бірдей көмек көрсетуде ойлап тапқан кәсіби шеберлігін ескермеу мүмкін емес. Дәрігерлердің айтуынша, алғашында жансақтау бөлімінде жатқан сәбилер қазір анасының қасында. Толық дәрігерлік бақылауда.
Осы секілді жағдайлар ақхалаттылардың қызметінде күнделікті кездесіп жатады. Медициналық көмек көрсетуді өзінің ең басты парызы санайтын Түрлен Мұздықызы осыдан үш жыл бұрын Жылыой ауданынан түскен қоңырау шағымына орай ай-күні жетіп өмірге келсе де, халі өте ауыр баланың өмірін арашалап қалды.
«Өкпе қабынуының салдарынан құрылғының көмегімен тыныс алып жатқан бала реанимобильдің ішінде түтікшесі бітеліп, тұншықты. Баланың іштен бөлінетін сұйықтығы ауыз қуысына толып, жағдайы күрт нашарлады. Дәрігерлер ауыздағы сұйықтықты қанша сорғанымен, қолқасына жиналғандарын сыртқа шығара алмай әлек. Бұл тұста қол қусырып қарап отырған болсақ, бала қайғылы жағдайға душар болар еді. Сол сәтте баланың аузына дәкені қойып, қолқасына жиналған сұйықтықты ауызыммен сорып шығардым. Сөйтіп, тыныс алу аппаратын қайта жалғап, облыстық перзентханаға жеткіздік. Қазір бұл сәбидің жасы үште» деді Т.Бегеева.
«Сондай-ақ, Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылына шұғыл жетіп, ұшақтан түсе сала ауыр халдегі балаға көмек көрсету үшін батпақты жалаң аяқ кешіп өткен кездер де болды. Алыс ауылдарға ұшып барғанда бала саулығы жолды көтере алмайтын жағдай да болса, бірер күн баланың қасында болып, жан-жақты көмек көрсетеміз. Жағдайы жақсарғаннан кейін алып кететін кездер де болады. Бұл – біздің Гиппократ антына адалдығымыз, өз міндетіміз» деген кейіпкеріміз санитарлық авиацияны жандандыруға қатысты өз ұсыныстарын да жеткізді. «Шала туған шақалақтарға медициналық көмек көрсетуде кувез аппараты жеткілікті, жарамды болғанымен, оның төрт бірдей медициналық қызметті атқара алатын заманауи жетілдірілген нұсқасы болса игі» дейді ол.
«Ургентті телемедицина» іске асады
Ендігі уақытта алыс аймақтағы науқастардың саулығымен қашықтықтан алдын ала танысу мақсатында «103» қызметінде «Ургентті телемедицина» деп аталатын жүйе енгізіледі. Республикада биыл алғаш рет қолға алынатын жүйенің тиімділігі өте жоғары. Бұл арқылы науқастың жағдайы қашықтықтан алдын ала бақыланып, соған сай дәрігерлер әрекет етеді. Яғни, шұғыл көмек қажет науқасты ажалдан арашалап қалуда арнайы бригада жеткенше дер кезінде көмек көрсетіледі.
P.S. Әрине, апат қашан да айтып келмейді. Ал, адам өмірі – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан, санитарлық авиацияның дамығаны, оның талапқа сай болғаны маңызды. Бұл ретте саладағы арнайы автокөліктерді, құрал-жабдықтарды жаңарту – бүгінгі басты мәселе. Ендігі уақытта бұл проблемалар шешімін тапса игі.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Өте керемет,осындай білімді’білгір’алғыр дәрігерлеріміз көппп болсын.
Өмірімен күресіп жатқан сәбилерге араша түсіп себепкер болған Бегеева Түрлен апайымыз аман жүрсін,денісау болып.Жұмысының жемісін көрсін.
Болашақ Жас мамандарға Үлгі болатындай ерлік жасады десекте артық емес.
Осындай үлгі болатын дәрігерлеріміз Аман жүрсін,алғысымыз шексіз.