Атырауда «самалдықтарға» арнап жаңа мектеп ашылды (+ФОТО)
Атырау қаласындағы «Самал» шағынауданында 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында самалдықтарға тарту етілген нысанға жалпы білім беретін №29 орта мектеп атауы ұсынылды. Жаңа білім ордасының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысып, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
— Есігін айқара ашқан заманауи осы мектеп бұдан былай 830 оқушы білім алады. Бүгінге дейін олар қаладағы басқа мектептерде оқыған болатын. Бұл білім ошағынан ел қамын ойлайтын талай мықты азаматтар түлеп шығады деп сенемін. Тұрғын үйлер мен тұрғындар саны артқан «Самал» шағынауданына жаңа білім ошағы ауадай қажет еді. Құрылысы былтыр басталған 600 орындық мектеп биыл жоспарланған мерзімінде тапсырылып отыр, — деген облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы бүгінде білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға да кеңірек тоқталды.
— Тәуелсіздік жылдары білім беру саласына айрықша назар аударылды. Өйткені мықты мемлекет құру үшін білімді ұрпақ тәрбиелеу маңызды. Сондықтан, педагогтардың мәртебесі көтеріліп, жалақысы жыл сайын арттырылды. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы тұрақты түрде жаңартылды. 1991 жылдан бері Атырау қаласының өзінде 23 мектеп салынған. Күн санап өркендеп келе жатқан қалада бүгінде 2 мектеп пайдалануға берілді, 5-еуінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатырса, 3-еуінде аяқталды. Қазір Береке шағынауданында — 1200, Дамбы ауылында 300 орындық білім ордасы салынуда. Ал келесі жылы Жаңаталапта – 300, Балауса шағынауданында 600 және Ақжарда 600 орындық мектептер пайдалануға беріледі. Қала мектептеріндегі орын тапшылығын шешу үшін бірқатар жұмыс жасалуда. Төрт мектеп жанынан қосымша 120 орындық жапсаржай салынды. Ал, апатты жағдайдағы М.Жұмабаев атындағы №1 орта мектептің орнына алдағы уақытта 160 орындық жаңа білім нысанын салу жоспарланды. Мұның барлығы Тәуелсіздік тірегі – жас буынның сапалы білім алуы үшін жасалып жатқан жұмыстар. Өйткені сапалы білім ғана саналы ұрпақты қалыптастыруға ықпал етеді. Осы мақсатта облыста Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлескен жол картасы да әзірленуде. Мұның барлығы — тұғырлы Тәуелсіздіктің жемісі. Қазақстан алмағайып өтпелі кезеңдердегі барлық қиындықтарды жеңіп, әлемдік сахнаға шықты. Ынтымақты – ұран, татулықты ту еткен елдің Тәуелсіздігі мәңгі жасай берсін, — деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Салтанатты шарада білім саласында жарты ғасырдан аса еселі еңбек еткен ардагер-ұстаз Қамза Ғабдолла сөз сөйлеп, мектеп ұжымының жұмысына сәттілік тіледі. «Қай жерде мектеп бар, сол жерге тұрғындар көбірек шоғырланады. Себебі, оқусыз –білім, білімсіз күніңнің жоқ екені баршаға аян. Олай болса, осы білім ордасы жастардың талантын шыңдап, даналардың түлеп ұшар тұғыры болсын» деді Қ.Ғабдолла.
«Самал» шағынауданының тұрғындары атынан көп балалы әке Альберт Нұғыманов осындай заманауи үлгідегі мектеппен қамтамасыз еткені үшін облыс басшылығына шексіз ризашылығын білдірді. Білім ордасының құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме «НұрКапСтрой» ЖШС директоры Әділбек Каримов жаңа ғимараттың символикалық кілтін мектеп директорының міндетін атқарушы Қайырғали Әзіловке табыс етті. Ал, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен ардагер-ұстаз Қамза Ғабдолла білім ұясының лентасын салтанатты жағдайда қиып, мектептің ішін аралап, жасалған жұмыстармен танысты.
Үш қабатты мектеп ғимаратында физика, химия зертханалары, акт зал мен 2 спорт залы бар. 130 орынға арналған асхана қызмет етеді. Сондай-ақ, жаңа үлгідегі технология, информатика кабинеттерімен жабдықталған. Дәрігер бөлмесі мен психолог кабинеті де жасақталған. Екі ауысымда 1200 балаға дейін қабылдауға мүмкіндік бар. Бір ерекшелігі, мүмкіндігі шектеулі жандардың жоғары қабаттарға еш кедергісіз көтерілуі үшін де жағдай жасалып, электронды жылжымалы пандустар орнатылған.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА