СӘЛЕМ САЛУдың сыры неде?
Аtr.kz/28 сәуір, 2020 жыл. Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету қасиеті қанында бар халқымыздың әдептіліктің белгісі саналатын дәстүрлері көп-ақ. Соның бірі – келіннің ата-енесі мен қайын жұртына сәлем салуы. Сыйластық ортаны қалыптастырып, үлкенді құрметтеудің ерекше әдебі саналатын бұл үрдістің қазіргі орындалысы қалай? Сонау ғасырлардан бері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан бұл дәстүрге бүгінгі қоғамның көзқарасы қандай?
Этнографтардың айтуынша, бұл – ықылым заманнан бері келе жатқан жас келінге жүктелер салт. Әулеттегі жарасымды сыйластықтың жібін үзбеу үшін қалыптасқан дәстүр. Үлкендерге иіліп сәлем салғандар «Көп жаса!», «Бақытты бол! Өркенің өссін!» деген секілді ақ тілекпен бата алады. Бұдан жақсы сөз еститін келіннің бағы артады деп бағамдалған. «Сәлем салу – ертеден келе жатқан игі дәстүр. Қазақ келіндері үлкендерге, келген жеріне деген сый-құрметін сәлем салу арқылы білдіреді.
Ал, ертеде аяғы ауыр келіндерге сәлем салғызбаған. Сәлем салу – ұлттық тәлімтәрбиесі мол дәстүр. Бұл салттың ар жағында үлкен ілтипат, ерекше сыйластық жатыр. Сәлем салу арқылы инабаттылық, ибалылық, ізеттілік, адамгершілік қағидалары қалыптасады деп ойлаймын. Бір ерекшелігі, бұл дәстүрде өзінен кішілерге сәлем салдырмаған. Өкінішке қарай, бүгінде беташарларда асабалар дос-құрбылар мен жұмыстастарға да, өзінен кіші жас балаларға да иілтіп сәлем еткізеді.
Мұның барлығы – дәстүрді бұзушылық» дейді ардагер ұстаз, Мақат ауданының Құрметті азаматы Дәмен Алтаева. Сондай-ақ, бұрыннан келе жатқан сәлем салу үрдісі бүгінде еліміздің барлық өңірінде сақталып жатқан жоқ. Бұл пікірді «Алтын алқалы ана» Роза Қожамбергенова да қостап, өз ойын білдірді. «Қазақ тойларында келін ең алдымен беташарда елге сәлем салудан бастайды. Бұл үрдістің өзі еліміздің әр түкпірінде әрқалай орындалып жүр. Кейбір аймақтарда мүлдем сәлем салу әдебі сақталмаған. Бұл, әсіресе Оңтүстік облыстарда және Маңғыстау аймақтарында ерекше қалыптасқан.
Беташар рәсімі тойдан бөлек күндіз келіннің келген шаңырағында жасалады. Бұл – өте дұрыс. Мұнда осынау дәстүр ең алдымен өмірден өтіп кеткен атабабаларды еске алып, өліаруақтарға сәлем етуден басталады. Ата-бабаларға сәлем етіп жатқанда сол әулеттің мүшелері жас келінге сыйсияпат ұсынады. Одан әрі әулеттегі үлкендерге сәлем етуге жалғасады. Бұл аймақтарда осы салтты әрбір отбасы үкілеп өсіріп жатқан қыздарына меңгертіп отырады.
Сәлем салғаннан ешкім қорланып, кем болып қалмайды. Керісінше, бұл отбасындағы сыйластыққа ерекше жол ашып, оны одан әрі күшейте түсетін үрдіс» дейді ол. Көпті көрген жанның айтуынша, өкінішке қарай, бұл әдемі дәстүрдің бақытын көре алмай жатқандар да бар. Өйткені, қазақ халқы қосағынан айырылған келіндерге иілтіп сәлем салдыртпаған. Тек мұны басы бүтін, жары қасында жүрген келіндерге ғана бұйырған бақ деп білді.
Қазақта ұлынынан айырылған ана келініне «Ей, қарағым, құлынымнан айырылдым. Қанатымнан қайырылдым. Саған қонған бақытың төбеңнен ұшып кетті ғой, сәлем салудан айырылдың» деп хабарды жеткізген екен. Осы күннен бастап оны сәлем салудан босатады. Негізінен сәлем салу, келінге тілек білдіру, сәлемін қабыл алу – Пайғамбардан қалған сүндет. Бұл туралы «Салт-дәстүрлер сөйлейді» кітабында айрықша жазылыпты. Мұнда бір соғыста Ханафия есімді қыздың тұтқынға түсіп, Пайғамбарға айтқан даты келтіріледі.
«…Менің үш шартым бар. Соны орындасаңыз мұсылман боламын. Әрі сізден қызметімді аямаймын, — дейді. – Шартыңды айт, — дейді Пайғамбар. – Бірінші шартым, мені соғыста қолға түсірген батырыңыз Әлиге некелеп қосасыз. Екінші шартым, менен туған балаға өзіңіздің есіміңіз бен менің атымды қосақтап қоямын. Соған рұқсат етесіз. Үшіншісі, сізді көргенде иіліп сәлем етемін. Бұл Құдайдың сүйікті Пайғамбарына деген құрметім мен ізетім болсын, — дейді.
Бұдан соң Пайғамбар қыздың барлық тілегін қабыл көреді. Оны Әзірет Әлиге некелеп қосады. Арада бір жыл өткен соң, одан туған балаға МұхамбетХанафия деп ат қойып, азан шақырады. Пайғамбарымыз Ханафия қыздың иіліп сәлем салуын мақұл көреді. Тіпті, оның құрметіне риза болып «бақытты бол!», «ғұмырлы бол!», «көп жаса!» деп бата беретін болыпты». Міне, осыдан бастап жаңа түскен келіннің жаңа ортада үлкендерге сәлем салатын дәстүрі пайда болған деседі.
Қазақ халқының арасында бұл – ең берік орныққан дәстүрдің бірі. Алайда, бүгінде толыққанды орындалып жүрмегені рас. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» десек те, сәлем салудың астарындағы тәлімдік мәні қашан да құнын жоймайды. Олай болса, бұл дәстүр бүгінде тек тойдағы беташар рәсімімен шектеліп қалмауы тиіс. Әр қазақтың келіні бұған бейжай қарамаса екен. Ал, сіз сәлем саласыз ба?
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Зәуреш МҰХАМБЕТЖАН, Маңғыстау облысы:
– Бұл дәстүр Маңғыстау өңірінде кеңінен сақталған. Мұнда сәлем салуға айрықша мән беріледі. Менің бұл аймаққа келін болғаныма – 23 жыл, Атырау өңірінің тумасымын. Атырауда келіннің сәлем салуына баса мән берілмейді ғой. Ал, мен Маңғыстауға келін болып түскен алғашқы сәтте сәлем салуды ұмытып кетіп жүрген кездерімнің де болғаны рас. Кейін күн сайын таңертең шаңырақтағы ата-енеме, үлкендерге сәлем етуді әдетке айналдырдым. Бүгінде бұл дәстүрді қатаң сақтаймын. Атам – тоқсанда, енем 83-те. Олардың алдында әлі күнге дейін сәлем етемін.
Сәлем салудың астарында үлкен мағына барын ұмытпаған жөн. Абыз ақсақалдар мен ақжаулықтылардың батасын алу – қашан да мәртебе. Бұл сыйластық қарым-қатынасқа бастар үлкен жол. Осынау әдемі дәстүр Қазақ елінің барлық аймағында сақталса қандай ғанибет! Өкінішке қарай, бүгінде төркіндетіп Атырауға немесе басқа қалалардағы туыстарға барғанда мұндай сәлем салудың көріністерін көрмейміз. Бұл ретте барша қазаққа тән салт-дәстүрлер дархан даламыздың қай тұсында бірдей орындалып, сақталса игі.