«СӘЛЕМ, БАУЫРЫМ!»
Ұйымдастырушылар бұл арқылы мұсылмандарды бауырмалдыққа шақырып, өзара достық қарым-қатынас орнатуды көздейді. «IHWAN» сөзі «бауырлар» деген мағынаны білдіреді. Шара басында қатысушылар түрлі-түсті жейделер киіп, «Арман», «Қыран», «Муслим», «Бауырлар» топтарына бөлінді. Өткенге көз жүгіртіп, еркін пікір алаңында ой жарыстырды.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқай мен «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлы демалушылармен салиқалы әңгіме өрбітті. Осыдан кейін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы құрметіне «Сарайшық» мемориалды кешені мұражайының директоры Молдаш Бердімұратов ұлттық тарихымыз бен рухани құндылықтарымыз жөнінде дәріс оқыды.
Ал, демалыстың екінші бөлімінде ұлттық ойындардың көрігі қызды. Алғашқы сайыс садақ тартудан өтті. Бұл өнер құралайды көзге атқан батыр бабалардың бүгінгі ұрпағының біріне таныс, біріне таңсық болып шықты. Қазақ баласына етене таныс асық ату ойыны нағыз сұр мергендерді анықтады. Жалпы, асық ойынын күндіз де, түнде де ойнауға болады. Күндізгісі мергендікке, ал түнгісі ептілікке баулиды. Қалған қатысушылар да өз қалаулары бойынша шахмат ойнап, тоғызқұмалақ санасса, енді біреулері шаршы алаңда футбол ойнады. Келесі кезең – біліктілік пен тапқырлықты талап ететін интеллектуалдық ойындарға ұласты. Ислам діні мен шариғатқа және логикалық ойлауға байланысты сауалдар қойылды.
Демалушылар Шыңғыс Жұмабекұлына көкейде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін білдірді.
— Бірлік болса, ғана тіршілігіміз мәнді, өміріміз сәнді болатынын өткен тарихымыздың өзі дәлелдеп отыр. Мұсылман жамағаты болып бір мешітке барып, бір Аллаға сыйынуымыз керек. Бүкіл әлем мойындаған хақ дінімізден басқа жат ағымдарға ерудің қажеті қанша? Осы жағынан келгенде, мәселені жан-жақты қарап, абай болғанымыз дұрыс, — деді ол.
Соңында домбыра шанағынан күй күмбірлеп, көмейден әсем ән әуеледі. Ал, белсенділік танытқан қатысушылар Алғыс хатқа ие болды.
Тілекші РИЗУАНОВА,
Атырау қаласы.