Саида мен Эльмира – самбодан әлем чемпиондары
Румынияның астанасы Бухарест қаласында самбодан жастар арасында өткен әлем чемпионатынан атыраулық Саида Қапсалихова мен Эльмира Самиғоллаева жүлделі оралды. Қазақстанның көк байрағын дүниежүзілік додада желбіреткен атыраулық спортшыларды облыс орталығындағы темір жол вокзалында жанкүйерлері зор қошеметпен қарсы алды.
Самбошыларды күтіп алуға жиналғандардың қарасы көп болды. Олардың қатарында балуандардың жаттықтырушылары, туысқандары мен бауырлары, достары да бар. Чемпиондардың ата-аналары қыздарының жеңісіне дән риза екендіктерін айтты.
– Қызым он екі жасынан бастап самбомен, дзюдомен айналысуда. Алғашында оның спортпен шұғылдануына қарсы болдық. Дегенмен, өзі таңдаған жол болған соң қолдау білдіруге тура келді. Бүгінде оның жеңісіне марқайып отырмыз, – дейді Саиданың анасы Ләйлә Ілиясова.
Ал, спортшылардың бапкері, облыс бойынша самбодан аға жаттықтырушы
Мейіржан Есмағанбетовтың айтуынша, Атырау қаласындағы №4 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері сегіз жылдан бері самбо мен дзюдоның қыр-сырын меңгеруде.
«Жиырма жастағы Эльмира Қапсалихова самбодан әлем чемпионатына үш рет қатысты. Алғашында жүлде болмағанымен, екінші сында күміс медальді қанжығаға байлады. Ал, бүгінде отыздан аса мемлекеттен спортшылар қатысқан жарыста жеңіс тұғырынан көрінді. Қазір ол спорттың бұл түрінен жаттықтырушы болып, болашақ самбошыларды өзі даярлау үстінде. Қазақстан құрамасында бақ сынағандардың арасында 85 кг салмақта 18 жасар Саида мен 72 кг салмақта күрескен Эльмира намысты қолдан бермеді» дейді М.Есмағанбетов.
Ал, спортшылар ерекше құрметпен қарсы алған жанкүйерлеріне алғыс білдіріп, бұл жеңістерін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайтындықтарын жеткізді. Олардың ендігі арманы – дзюдодан әлем чемпионы атану.
Жиналғандар спортшылармен естелік суреттерге түсіп, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Бәрекелді! Жерлес спортшы қыздарымызды құттықтаймыз! Осылай Қазақ елінің, Атыраудың даңқы асқақтай берсін!
Бұл самбошы құрбыларымды жақсы білемін. Өте мықты спортшылар. Олар осы жеңіс тұғырын бағындыруға әбден лайық. Саида мен Эльмираны алдағы жарыстарда да биіктерді бағындыра түссін дейміз.
ҚР Тәуелсіздігінің арқасында осындай жоғары жетістіктерге жетіп, спортымыздың түрлерін дамытып келеміз. Эльмира мен Саидаға рахмет айтамын. Тек Атырау ғана емес бүкіл Қазақстан мемлекетінің намысын қорғап, шетелден әлем чемпионына қол жеткізіп, өз таза еңбегінің арқасында елінің үмітін ақтады. Алға қарай, талай үлкен жетістіктерден көреміз деп сенемін. Осы қыздарымызды тәрбиелеп осы жеңіске жеткізген спорт жаттықтырушыларына, ата-аналарына алғыс айтамын. Жеңіс құтты болсын, атыраулықтар!!!
барекелді, кутты болсын батыр кыздар!