Саяжайың сайлы ма?
Atr.kz/21 шілде, 2020 жыл. Қатерлі вирус кең тарағалы қалалықтар далаға қаша бастапты. Әлем елдерінде сырттан ұлтарақтай жер немесе шағын саяжай алу кезегінде тұрғандар қатары күрт көбейген. Төрт қабырғаға қамалып, терезеден телміргенше, жер тырмалап, таза ауада жүрген артық, әрине. Әйтсе де, сондай мүмкіндік бәрінде бар ма? Қазір бізде бұл шаруаның жайы қалай?
Бүгінде жергілікті өнімнің сырттан келгенге қарағанда табиғи екендігіне көптің көзі жеткен. Базарда өтімді болып тұрғаны да содан. Рас, қазір бағасы бұрынғы уақытпен салыстырғанда біршама қымбат. Бірақ, қайткенде де сұраныс бар. Ал, соған саяжай иелері лайықты үлес қосып отыр ма?
Сонау кеңестік кезде, әсіресе, басшылар жағы саяжай ұстайтын. Кейін қауқары бар кәсіпорындар қызметкерлеріне де осындай орын ұсынып, сонда бау-бақша дақылдары мен жеміс-жидек өсіруіне жағдай жасалды. Көне Гурьевте «Химик», «Нефтяник», «Строитель», «Энергетик», т.б. саяжайлар болғанын байырғы тұрғындар ұмытпаған шығар. Сенбі-жексенбіде барып, көпшілік қол еңбегімен шұғылданатын. Оларды әрі- бері тасымалдайтын автобус ұйымдастырылатын. Шаһардың шуынан тыс таза ауадағы екі күндік еңбек зауыт жұмысшыларына қосымша күш беретін-ді.
Қазір ше? Қаншама саяжай күтімсіз қалғанын ешбір құзырлы орын айтып бере алмайтын шығар. Қалалық жер қатынастары бөлімі бірнеше сотық учаскелердің кәдеге аспай жатқандығын біле ме екен? Нендей ықпал жасай алады? Рас, мұның бәрі әркімнің жеке меншігі болғандықтан, қалай қолданса да еркінде. Әйтсе де, саяжай тұрғызу үшін жер телімін сұрайтындар бүгінде бар ма? Мұны тұрғын үй салумен шатастырмайық. Екеуі бөлек мәселе. Әлде, күнде қырық құбылатын заң біріктіріп жіберді ме?
Саяжай әңгімесінің күрт көтерілуі қазіргі пандемияға байланысты болып отыр. Жасыратыны жоқ, ахуал алда асқынып кетсе, азық-түлік қауіпсіздігі проблемасы кенет қиындауы ғажап емес. Онсыз да әлемде миллиондаған адам аштықтан бұралып жатқанда қатерлі дерт елдер арасындағы сауда қатынасын күрделендіріп жіберді. Алыс- беріс тоқтаса, әркім өзінде бармен күн көреді емес пе? Ал, саяжайдағылар мемлекетке масылдық танытпай, өз дастарханын дәмді асқа толтырса, бұл да – көңілге демеу. Тіпті артылғанын саудаға шығарса, шаһардағылар таласып алмас па?
Қазір Атырауда қанша саяжай қоғамдастығы бар? Олар түрлі мәселесін қалай шешіп жатыр? Сонау жылдары Геолог елді мекеніндегі осындай бірлестікті егде жастағы адам басқарған-ды. Біраздан бері жинаған тәжірибесі бар, істі ілкімді ұйымдастыратын. Сонда да шаршап жүретін. Бірде электр энергиясымен қамтушылармен, келесіде су таратушылармен, әйтеуір, таусылмайтын тығырыққа тап болатын. Оның үстіне, саяжай мүшелері ақшасын төлемей, коммуналдық кәсіпорындар ақы талап ететін. Бұл кісі бұдан бірнеше жыл бұрын өмірден өтіп кетті. Қазір мұндағы саяжайдың жағдайы қалай екен?
Мұны айтып отырған себебіміз – қазір осындай нысандарға сұраныс жайын білмек ойымыз. Шынында да, қажеттілік бар ма? Біріншіден, олардың көбі әлдеқашан күрделі құрылыс жүргізілген орынға айналған. Шаһар тұрғындары екі-үш бөлмелік пәтерлерін тастап, алты-сегіз сотық жерлеріне баспана тұрғызып алған. Кейбірі коттедж көтеріп қойыпты. Бірқатары көршілерінің телімін өзіне қосып, иелігін ұлғайтып үлгерген. Енді ол саяжай ма, әлде жеке үй ме? Мұндай сауалдың туындауына оларды бағалау тетігі түрліше екендігі итермелейді. Мәселен, саяжайдағы құрылыстың құны арзан болуы тиіс. Оны екінші деңгейдегі банктер кепілдік ретінде қарастырмайды. Мүлік салығы да арзандау алынады. Бірақ, мұнда, қайталап айтқанда, саяжайдың шағын үйшігі емес, екі-үш қабатты ғимарат тұр.
Екіншіден, соңғы жылдары саяжай сату жөніндегі хабарландырулар саябырсыған секілді. Көп кездеспейді. Әлде бәрі сатылып кетті ме? Немесе оны тұрғын үйге айналдырып алғандар тұрақты мекені етті ме? Дегенмен, иесіздік күйін кешкен телімдер толып жатыр. Әріні айтпағанда, бұдан 15-20 жыл бұрын қалалықтар жұмада жиналып, сенбіде таңсәріден шаһар сыртына шығып кететін. Қазір түске дейін төсегінен тұрмайды. Бұл нені білдіреді?
Қазір саяжайда жер тырмалап жүргендердің дені – зейнет жасындағы жандар. Олар кейде жаз бойы сонда тұрады. Әрине, саулығы сыр бермесе. Ал, ертеңгі күні бұлардың қолынан күш тайса немесе өздері өмірден өтсе, артында қалған мұра не болмақ? Әке-шешеден қалған жылжымайтын мүлікті ұл- қызы қадірлеп ұстай ма, әлде сатып құтыла ма? Өйткені, шындығы керек, саяжайда тер төгіп жүрген жастар көзге шалынбайды-ау. Қалталылар көбіне қызметші жалдайды. Олар мұнда қызанақ пен қияр жинау үшін емес, демалыста көңіл көтеруге келеді. Демек, саяжай сауық орнына да айнала бастады.
Ү ш і н ш і д е н , А т ы р а у жағдайында саяжайдан мол өнім алу қиын. Рас, азды- көпті қияр мен қызанақты базарға шығаруға болар. Бірақ, ішкі сұраныс толық қанағаттандырылмайды. Тіпті төккен тердің қайтарымы да өнжеусіз. Өйткені, коммуналдық қызметке төленетін ақы қымбат. Бау- бақшаны суару проблемасы шешілмеген. Жайық та бұрынғыдай мырза емес. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдары жел диірмендері жиі қолданылатын. Қазір жұрттың бәрі дайын электр энергиясына құштар. Ал, оның төлемі бар емес пе?
Төртіншіден, қазір жеке үйдегілердің бәрі дерлік азды- көпті егін егеді. Өзіндік саяжай секілді. Кейбір шебер адамдар ауласын жайқалтып-ақ қойған. Күнделікті көкөнісін содан теріп отыр. Әттең, мұнда да суару мәселесі бой көтереді. Амалының жоқтығынан ауыз суды пайдаланады. Тәртіп бойынша, бұлай болмайтын көрінеді. Бірақ, өзге қандай жолы бар? Сондықтан, құзырлы орындар да көз жұма қарайтын тәрізді. Сумен жабдықтаушы мекеме мамандары егін суаруға бөлек есептегіш орнатуды ұсынады. Сонда бұл шығын кәріз суы ретінде саналып, соған сәйкес төлем алынады екен. Яғни, тұрғындарға біраз арзанға түседі. Әйтсе де, бәрібір, ауыз су құбырына салмақ салынады.
Міне, осындай және өзге де себептермен бәзбіреулер саяжайлар дәурені өтті дегенге саяды. Әрине, жоғарыда баяндалған проблемалардың өзі-ақ шаһар жұртының саяжайға деген көңілін сап тиятыны белгілі. Ал, атқарушы билік тарапынан соларды шешу жолдарын қарастырса ше? Шындығы сол, Атыраудағы ауыл шаруашылығы құрылымдары қалалықтарды қамтамасыз ете алмай отыр. Егін көлемі қаншама көбейсе де, тамшылата суару кеңінен қолданылса да, жылыжайдағы жұмыс жетілсе де, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Шаһар жұртының сырттан келген қымбат өнімге қол созатыны сондықтан. Шарасыздықтың салдары. Жайықтың жағасындағы жандар бес-алты сотық жерлерін суара алмаса, бұл – бұқараға емес, басшыларға сын.
Cонымен, саяжайға қатысты қатпарлы мәселе шешілуі мүмкін бе? Әлде, расында да, оған қажеттілік жоқ па? Олай емес-ау. Егер әрі-бері көлікпен, электр энергиясы, сумен қамтыса, онда жер тырмалаушылар қатары да өсуі ықтимал. Өйткені, дастарханын қолжетімді дәмді аспен толтыруға құштарлар табылады. Бұл, саулыққа да пайдалы. Оның үстіне, күзде базардағы қымбат көкөніске телміргенше, бақшадан үзіп жеген ұтымды емес пе? Сөйтіп, сайып келгенде, саудадағы баға да байыз табар…
Меңдібай СҮМЕСІНОВ