Сағызда жол, Миялыда стадион салынуда: облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Қызылқоға ауданына жұмыс сапарын қорытындылады
Қауіпті індетті ауыздықтаудың басты амалы – вакцинациялау болып отыр. Осы шараны ұйымдастыру мақсатында «Сағыз-Атырау» бағытында қатынайтын пойызда арнайы екі вагон жасақталған. Бұл жергілікті
тұрғындардың екпе алу үшін Атырау қаласына тегін барып-келуіне мүмкіндік береді. Облыс әкімі Махамбет
Досмұхамбетовтің Қызылқоға ауданына жұмыс сапары осы жұмыстардың қалай атқарылып жатқандығымен
танысудан басталды.
Тұрғындарға тегін қызмет
«Атырау магистралдық желі» бөлімшесінің директоры Елубай Сапаровтың айтуынша, вакцинацияға арналған екі вагонда 60 орын бар. Мұнда адамға қажеттінің барлығы қарастырылған. Атырау облысының әкімдігі мен «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы бірлесе жүзеге асыра бастаған жоба аудан тұрғындарына жайлы жағдай жағдай жасау үшін қолға алыныпты. – Індетпен күресудің бірден-бір жолы – екпе алу. Ол әркімнің өзін ғана емес, отбасын да қорғау мақсатындағы қажетті шара. Мұны терең түсіне білгеніміз жөн. Ал, бүгінгі бастама тұрғындардың екпе алуына жағдай туғызу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Осыны пайдаланып, екпе алуға ынта танытып жатқандарыңыз дұрыс, — деді пойыз жолаушыларымен кездескен облыс әкімі.
– Сағыз ауылының тұрғыны Ақсұлу Илиева теміржол саласында 40 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Ол екпе алу шарасының маңызын түсініп, немересімен бірге Атырау қаласына жол жүргелі отыр екен.
– «Сақтанғанды сақтайды» дейді ғой, аудан тұрғындарының уақытында екпе алуы үшін жасалып жатқан бүгінгі бастаманы қолдаймын. Індеттің алдын алу мақсатында атқарылған істер оңынан болсын, жақсылық жанымыздан алыстамасын, — деді зейнеткер теміржолшы. Сағыз вокзалына жиналғандардың арасында Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы Байғали Досымбаев та бар. Ол өзінің пікірін былайша жеткізді.
– Екпе алуды көптен бері ойлап жүргенмін. Дегенмен қан қысымым жоғары болған соң оны кезінде салдырта алмадым. Мұның реті енді келіп жатыр. Өзіміздің саулығымыз, елдің амандығы деп отбасымызбен барып екпе алдық. Қазір жұрттың арасында әлеуметтік желілердегі қисық, қыңыр әңгімелердің кесірінен тартыншақтап, әрі-сәрі болып жүргендер аз емес. Бірақ, қауіпті індеттен өзімізді, ұл-қызымызды сақтандырғымыз келсе осы маңызды қадамды жасау қажет. Сонда ғана көлденең келген індеттен қорғана аламыз, — деді тоқсанды алқымдаған қарт теміржолшы.
– Облыста 59 екпе алу пункті бар. Оның 10-ы – жылжымалы. Пойыз жолаушыларына Атырау қаласына жеткенше вакцинацияның қажеттілігі, әсері түсіндіріледі. Қалаға барған соң екпе пункттерінің мамандары екпе жүргізеді. Әрі қарай осы жұмыстар жалғасын табатын болады, — деді осы тұста облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.
Ойласаң бала саулығын…
Қызылқоға ауданының әкімі Нұрсұлтан Бисембиев облыс басшысына вакцинациялау шарасына байланысты қолға алынған жұмыстарды баяндады. Бүгінде түрлі мекемелерде осы бағытта насихаттық шаралар жүргізіліп жатыр екен.
– Өздеріңізге белгілі, бүгінде Атырау облысы «қызыл» аймақта. Сырқаттанушылардың саны көп. Осы кезең кімге де оңай болмауда. Бұл жағдай ауруханалардағы орындар санының жетіспеушілігіне әкеледі. Ол өз кезегінде басқа науқастарды емдеуге кедергі келтірмек. Сондықтан барлық күшжігерімізді індетпен күресуге жұмсап жатырмыз.
Жұртшылық екпе алудың маңызын түсінуі керек. Ал, Қызылқоға ауданы бойынша екпе алушылардың саны артқанымен олардың пайыздық үлесі әлі де жоғары емес. Сол себепті түсіндіру жұмыстарын аудан көлемінде жан-жақты жүргізу керек, — деген Махамбет Жолдасқалиұлы Сағыз, Мұқыр ауылдық округтері әкімдерінің есебін тыңдады. Мұнан соң «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-ның басшысы Қайнар Қоданов басқарманың қазіргі тыныс-тіршілігі туралы мәлімет берді.
– Басқармада 713 адам бар. Оның 343-і (48%) вакцинаның бірінші бөлігін алды. 42 адамның медициналық қарсы көрсетілімі бар. Қазір жұмысшықызметкерлердің дені еңбек демалысында болса, 278 адам вахталық демалыста. Олар өздерінің тұрғылықты жерлерінен екпе салдырады. Бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр, — деді басқарма басшысы Қайнар Құлмағанбетұлы.
Өңір жетекшісі басқарма басшысының сөзінен кейін екпе алу қарқынын күшейтіп, жұмысты жандандыру керектігін баса айтты.
– Жалпы, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның көрсеткіші төмен. Бүгінгі таңда ол 30 пайызды құрап отыр. Осы жұмыстарды қолға алу керек. Біз балалардың денсаулығына ерекше маңыз аударсақ деймін. Ауылдық округ әкімдері, білім саласының басшылары, әрқайсыңыз өздеріңіздің қызметтік міндеттеріңізге сәйкес жұмыс атқарып, аудан әкіміне көмек көрсетіңіздер, — деді облыс басшысы. Білгеніміздей, Сағыз ауылындағы емханада екпе алуға арналған бекет ұйымдастырылған. Емхананың бөлім меңгерушісі Исламжан Қосжанұлының айтуынша, емханада күніне 50-60 адам екпе алады.
Сағызда серпінді жұмыстар жасалуда
Келесі кезекте облыс әкімі Сағыз ауылындағы 3-ші ықшам ауданындағы электр желісінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Осыдан 50 жылдай бұрын жүргізілген желілердің әбден тозығы жетіп, тұрғындардың электр қуатына қажеттілігін өтей алмаған болатын. Тіпті элект р желісінің қуаты 100-110 кВ-қа да жетпейтін. Осының салдарынан ауыл тұрғындарының тұрмыстық техникалары істен шығып, қиын жағдайға кезігіп жататын. Бас мердігер «Сұңқар Құрылыс LTD» ЖШС директоры Азат Нұрберген қазіргі таңда ықшам аудандағы электр желісінің 28,7 шақырым бөлігіне бағандар орнатылғанын баяндады.
– Сымдарға тапсырыс беріп қойдық, айдың соңына дейін келуі керек. Трансформатор да жеткізіледі. Жұмыстарды мерзімінен бұрын бір айдың көлемінде бітіреміз деп отырмыз. Жинақтық трансформаторлық қосалқы станция орнатылады, одан өзге 8 шақырымды құрайтын жарық шамдары тартылуда. Былтыр індеттің себебінен жұмысымыз біраз тұралап қалған. Оны биыл жалғастырып жатырмыз, — деді Азат Сергейұлы. Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев 380-дей үйі бар ықшам аудандағы электр желісінің мәселесі өте өзекті болып келгендігін айтады.
– Осы жоба жүзеге асқан жағдайда 3-ші ауылды түгелдей қамтып, халықтың тұрмыс-тіршілігі едәуір жақсаратынына сенімдіміз. Жоба, жоспар бойынша қазан айында бітеді деп күтілуде. Оған облыстан бөлінетін қажетті қаржы 76,6 млн. теңгені құрайды. Бұрын ескі ағаш бағандар болатын. Одан өзге Сағыз ауылының 1-2-ші ықшам аудандарының да электр желілерін жаңғыртуға арналған жобасы жасақталып жатыр, ол биыл аяқталады, — деді аудан әкімі.
Сағыз ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Мұрат Көптілеуов облыс әкіміне көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе бойынша өтініш білдіріп, оң шешілуіне ықпал етуін сұрады.
– Мен үш жыл бұрын ауылдан 6 шақырым жерден жер алып, жұмысты бастаған едім. Бүгінде кемпинг салып, суын жүргізіп, жарық желісін тартып қойдым. Қазір құрылыстың 90 пайызы бітіп тұр. Құрылысқа 30 млн. теңгеге жуық қаражат салдым. Енді республикалық жолдың бойындағы кемпингке дейін кірме жол салудың қажеттілігі туындап тұр. Осы мәселенің шешілуіне қолдау көрсетсеңіз екен, — деді кәсіпкер.
Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев кәсіпкердің көтеріп отырған мәселесін «уақытында шешілмеген проблеманың нәтижесі» деп түсіндірді.
– Кезінде кемпингке жер беру жөнінде рұқсат болған. Сол кезде бұл жерлерді конкурсқа шығарып берген. Алайда, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен арада келісім жасалмаған. Компанияның жаңа басшысы бұл мәселені шешуге болатындығын айтады, — деп жауап берді.
– Бұл мәселені облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновпен бірге талқылап, істің оң шешімін табуына тапсырма беремін. Қандай көлемде жұмыс атқару керек, кім ұйымдастырады? Қаржыландыру жағын да пысықтау керек. Аудан әкімі, басқарма басшысы мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ы мен тиісті мекемелер арқылы мәселенің бірізділенуіне тапсырма жүктеймін, — деді аймақ басшысы. Махамбет Досмұхамбетов Сағыз ауылындағы ауыз су мәселесін көтеріп, жауапты тұлғаларды тыңдады.
– Сағыздан бастап Жамансорға дейін халықты сумен қамтамасыз етіп отырмыз. 2019 жылы сенімгерлікке алған болатынбыз. Су жеткізу үшін құбырды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, — деді «Атырау Теміржол Жылу» ЖШС Сағыз бөлімшелік учаскесінің басшысы Сағытжан Досымбаев.
Ауыл ішіне жол түседі
Осыдан соң, облыс әкімі 2018 жылы құрылысы басталған Сағыз ауылішілік жол құрылысының жұмыстарымен танысты. Жалпы көлемі 714,3 млн. теңгені құрайтын құрылыстың ұзындығы 6,8 шақырым. Қазіргі таңда жолдың 2,9 шақырымы аяқталған. Ал, 2,5 шақырым жаяу жүргінші жолының 1,5 шақырымы бітіп тұр. Тас жолдың қалған бөлігіне ас фа льт жабындысы үшін ұс ақ қиыршық тас, құм, ірі қиыршық тас төселуде.
– Жол салу жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп отырмыз. Құмды топырақ қоспасы (ПГС) 15 см, ұсақ қиыршық тас пен құмды топырақ қоспасы (ЩПГС) 15 см, асфальт 7 см болады, — деді бас мердігер «ГСК РиМ» ЖШС-нің директоры Дмитрий Филиппов. Құрылыстың техникалық қадағалаушысы «ТЭС Инжиниринг» ЖШС-нің өкілі Амандық Иманбаевтың айтуынша, құрылысқа қажетті техника жеткілікті. Дегенмен асфальттың уақытында жеткізілуіне байланысты мәселелер туындаған.
Басты талап – сапа!
Махамбет Досмұхамбетов Қызылқоға ауданы аумағында жүргізіліп жатқан II санатты 128 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар автомобиль (Ақтөбе–Атырау–Ресей Федерациясы шекарасына дейін ) ж о л ы н ы ң құрылысына барып, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның өкілдерінің есебін тыңдады. Бұл жобаның құны 26,5 млрд. теңгені құрайды.
– Ұшақ қонатын 3 шақырымды құрайтын ұшу жолағы жоба — да қарастырылған. Оның құрылысы бөлек салынатын болады. Одан өзге 13 шақырым жол қалып отыр. Негізгі құрылыс жұмыстары бітті. Жолдың қалған бөлігінің беткі қабаттары тегістеледі. Мұны осы жылдың аяғына дейін толықтай аяқтау көзделген. Төрт көпір мен мал айдауға арналған жердің құрылыс жұмысы жүруде. Ол былтыр аяқталады деп жоспарланғанымен індеттің кесірінен шегерілген болатын. Сондай-ақ, кейбір жеке кәсіпкерлер бизнесті дамыту үшін жол салып беруді сұрап, өтініш айтып жатады. Ал, ол біздің жобада қарастырылмаған, — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның өкілі, жоба жетекшісі Нұржан Қырықбаев. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Атырау облыстық филиалының директоры Қайырболат Ізбасов құрылыс барысында кездесіп жатқан басқа да мәселелерге тоқталып өтті.
Мұқырда мол мүмкіндік
Жол құрылысының жағдайын білген облыс әкімі Мұқыр ауылындағы құрылысы биыл аяқталған 424 орындық мектепке барды. Қазіргі таңда нысанды қабылдау үшін құжаттар жасақталып жатыр екен. Білім ордасы қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының көзқуанышына айналып отыр. Өйткені олардың балалары енді кең де жарық, жаңа ғимаратта оқитын болады. Облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы оқу орнын аралап, жаңа оқу жылына дайындықты тексерді. – Білім ордасы қажетті жабдықтармен қамтылған. Мұнда оқушылардың білім алуына жақсы жағдай жасалған деп санаймын. Балалар болашақта таңдаған мамандығына қарай екі бағытқа, яғни гуманитарлық және жаратылыстану бағыттарында білім алады. Орта мектептің мәртебесі беріліп жатса білім ошағы жа нынан лицей, гимназия сыныптарын ашуға мүмкіндік бар. Мұқыр ауылында жаңа мектептің құжаттары жасақталып, пайдалануға берілсе екі мектеп болады. Мектепте кадр жетіспеушілігі жоқ, — деді Мұқыр орта мектебінің директоры Венера Мырзағали. – Ауылдан мектеп ашылғанына ерекше қуаныштымыз. Балалар да жаңа мектепке келуге асығып жүр, — деді осы тұста зейнеткер Есқабыл Құттыбаев.
«Есендіктер» ерледі
Осы сапарында облыс әкімі Микоян алқабындағы «Есен» шаруа қожалығына да барды. Шаруагерлер 292 бас қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырын бағып отыр екен. Сонымен бірге асыл тұқымды жабы жылқысын өсіруде. Малға жерасты суын пайдаланып отырған шаруашылық басшысы Ғабидолла Қапезұлы су жағынан кедергі жоқ екендігін айтады. Ал, жарықты күн сәулесі арқылы алады. – Биыл тағы да қаржылай көмек алып, 75 бас қашар, 4 бұқа алдық. Мал басы көбейіп келеді. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы 160 мың теңге, — дейді шаруа қожалығының жетекшісі Ғабидолла Қапезұлы. Аймақ басшысы шаруа қожалығының Пермь облысынан әкелінген сиырлардың алғашқы төлдерін көрді.
– Алдағы уақытта электр энергиясы жеткізілгеннен кейін, ет комбинатын салуды ойластырып отырмыз. Сондай-ақ, мал бордақылайтын орынға сусорғыны қосу үшін электр энергиясы керек, — дейді Ғабидолла Қапезұлы. Облыс әкімі шаруа қожалығының ұжымына, алға қойған жобаларының іске асуына шынайы тілегін білдірді.
«Сарқұмақ» ауданды қамтып отыр
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұмыс сапарындағы бағдарламасына сәйкес, Аққұдық алқабындағы мал шаруашылығы мен мал азығын дайындаумен айналысатын «Сарқұмақ» шаруа қожалығының ұжымымен кездесті. Шаруашылық 2008 жылы құрылған. Аумағы 14 350 гектар жерді алып жатқан қожалықта барлығы 12 адам, оның 6-уы тұрақты түрде еңбек етсе, 6-уы мерзімдік кезеңде жұмыс жасайды. Аудан әкімі алдағы жылы шаруа қожалықтарының шөп шабу науқаны кезіндегі жұмыстарын тәртіпке келтірудің жаңа жолдарын ұйымдастыруды көздеп отырғандығын баяндады.
Миялыдағы межелі істер
Халықтың бұқаралық спортпен шұғылдану көрсеткішін одан әрі арттыру мақсатында Миялы ауылынан орталық стадион салу үшін жоба дайындалып, биыл маусым айында басталған болатын. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыспен танысқан облыс әкімі жұмыстарды жеделдетіп, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Жобаның үйлестірушісі Кайнютула Кабдиновтың сөзінше, 2,52 гектар аумақтағы жердің беткі қабатын қыру, демонтаж жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта футбол алаңын топырақпен тегістеп, ұсақ қиыршықтас, құмды-ірі қиыршықтасты төсеуге дайындауда. – Стандартқа сәйкес орталық алаңның 100 метрлік және айналма жүгіру жолдары, 500 адамға арналған орындық, ұзындыққа, биіктікке секіру, найза, ядро, диск лақтыру алаңдары болады. Алаңда техникаларымыз жеткілікті, – деді Кайнютула Ғарифоллинұлы.
Облыс әкімі әлі де болса баяу жүріп жатқан жұмыстарды жандандырып, нақты кестесін құрып, бақылауда ұстау керектігін тапсырды.
Аймақ басшысы бұдан соң , аудан орталығы Миялы ауылындағы инженерлік — коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысымен арнайы барып танысты. Облыс әкімі осы сапарында қайта жаңғыртудан өтіп жатқан аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратын аралап көрді. Содан соң Жасқайрат ауылының кірме жолының жарықтандыру жұмысымен танысты.
Алмас ҚАБДОЛОВ, Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ