Сағыз ауылында жаңа туған шаранасын қоқысқа тастаған төрт баланың анасы анықталды (+ВИДЕО)
Қызылқоға ауданында жас ана жаңа босанған сәбиін қоқысқа тастай салған.
Алдымен жедел жәрдем пультіне әйелдің қансырап жатқаны туралы хабар түсіп, ақхалаттылар оның жаңа босанғанын анықтаған.
Caspian Life сайтының мәліметіне сүйенсек, келіншектің баланы көрсетуден бас тартқанынан күдіктенген полицейлер шақалақты үй маңында орналасқан қоқыс жәшігінен өлі күйінде тапқан.
Сағыз ауылында болған оқиғаның 35 жасар кейіпкері үйлі-баранды екен: күйеуі мен 4 баласы бар. Ол жүктілігіне байланысты дәрігердің есебіне де тұрмапты.
Қазір «Жүктілікті жасанды үзуді заңсыз жүргізу» бабымен тергеу ісі басталды. Ал сот медициналық сараптама шарананың неден өлгенін анықтайды. Безбүйрек ана мұндай іс-әрекетін түсіндіруден бас тартып отыр.
– Гинекологтармен қаралу нәтижесінде оның босанғандығы анықталды. Келесі күні баланы берген жоқ. Нәрестені іздеу барысында өзінің тұрғылықты жері бойынша 100 метр жерде қоқыс жәшігінен өлі денесі табылды баланың. Әйел адам өзінің үйінің әжетханасында босанған. Баланы сыртқы қарау кезінде толыққанды дамыған, биологиялық дамыған бала екендігі анықталып отыр. Іс бойынша қылмыстық кодекстің 319 бабының бірінші бөлігімен яғни, сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды. Сараптама тағайындалуы тиісті, – дейді Қызылқоға ауданының прокуроры Досбол БАҒЫТЖАНОВ.