Сағыз ауылында екі көпір салынады

imgl8800 Жаңалықтар

Бүгін аймақ басшысы Серік Шәпкенов Қызылқоға ауданы Сағыз ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Алдымен әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жай-күйімен танысты.

Наурыз айында Сағыз ауылының ішімен өтетін Ноғайты өзенінің арнасы суға толып, елді мекенді су басу қаупі төнген еді. Осы орайда Серік Шәпкенов Ноғайты өзенінің бойында жүріп жатқан жұмыстармен танысты. Бүгінде Ноғайты өзенінің арнасын тереңдету, жағалауын бекіту және екі көпір салу қажеттілігі туындап отыр. Алғашқы көпірдің құрылысы маусым айында басталады деп жоспарланған. Сондай-ақ, алдағы уақытта екінші көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасын жасау көзделген. Қазіргі таңда өзеннің табанын тереңдетіп, жағалауын биіктету жұмыстарына қаржы қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар, Сағыз ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында спорт кешені салынып жатыр. 2021 жылы басталған құрылыс жұмыстары осы жылдың тамыз айында аяқталуы тиіс. Алайда мердігер мекеме («SCS Инжиниринг» ЖШС) жұмысты мезгілінен кешіктіріп жатыр. Қазір нысанның құрылысы небәрі 33%-ға аяқталған. Облыс әкімі құрылысты тездетуді, ал жауапты басшыларға бұл жұмысты қатаң қадағалауды тапсырды. Аймақ басшысы бір жарым айдың ішінде бұл жұмыс тиісті нәтижесін бермесе, мердігер мекеме арасындағы келісім-шартты бұзу қажеттігін ескертті.

Серік Шәпкенов Сағыз ауылдық округіне қарасты 1-інші және 2-інші ауылға электр желілерін тарту жұмыстарымен танысты. Құрылыс осы жылдың маусым айында басталып, 2024 жылы толық аяқталады деп жоспарланған. Облыс әкімі Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановқа құрылысты уақытылы аяқтауды, жұмыс барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Облыс әкімі Сағыз ауылдық округін таза ауыз сумен қамтып отырған су айдау бекетіне барып, «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырын қайта жаңғырту жұмысымен танысты. Құрылыс биыл басталады деп жоспарланған. Тәулігіне 2400 текше метр су жіберуі тиіс станция бүгінде небәрі 700 текше метр су айдап тұр. Бекет ауылдың төменгі бөлігінде орналасқандықтан, ауылға су қажетті көлемде жетпей отыр. Сондықтан қосымша 2 су қоймасы, ауылішілік су желісі және де ауылдың биік жерінен су мұнарасы мен су қоймасын салынбақ. Сондай-ақ, топтық су құбыры аяқталатын Жамансор ауылында да су қоймасы салынады.

Бұған қоса, облыс әкімі А.Өміров атындағы өнер мектебіне барды. 1970 жылы пайдалануға берілген білім ошағы 60 балаға шақталған. Алайда мұнда 250 бала оқиды. Биыл өнер мектебін жаңа ғимаратқа орналастыру көзделген.

Кейін облыс әкімі Серік Шәпкенов Сағыз ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Жиында аймақ басшысы Сағыз ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, содан соң тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады.

– Сағыз ауылында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында осы жылы 50 бейнебақылау камерасы орнатылады. Сонымен бірге биыл полиция бөлімшесінің ғимаратын салу жоспарланған. Ауыл тұрғындарының игілігі үшін инфрақұрылымды дамытып, әлеуметтік нысандарды көптеп салуға тырысып жүрміз. Келер жылы «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында Сағыз ауылына 600 орындық мектептің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз,– деді С.Шәпкенов.

Серік Шәпкенов тұрғындармен өткен мұндай ашық кездесулердің нәтижесі халықпен тығыз жұмыс істеуге, елдімекендердің ахуалымен жіті танысып, ауылдарды дамытуға, инфрақұрылым мәселесін шешуге оң әсерін тигізетінін айтты.

Кездесуде тұрғындар таза ауыз сумен қамту, ауылішілік автокөлік жолын, демалыс орнын, ойын алаңын салу, халықты жұмыспен қамту, денсаулық сақтау сынды мәселелерді көтерді.

Серік Шәпкенов жиында көтерілген сұрақтар заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Кейін облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Анықтама үшін: Сағыз ауылдық округінде 8 211 тұрғын бар. Мұнда 3 мектеп, Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі, 2 балабақша, 1 дәрігерлік амбулатория және өзге де әлеуметтік нысандар жұмыс істейді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз