Жарнама
Жаңалықтар

Сабақ басталды, оқулық іздеп жүрміз

Безбендеп көрсек, осыншама қомақты қаржының бөлінгеніне қарамастан, жылдағы сияқты биыл да оқулық жетіспеушілігі орын алып отыр. Кітап дүкеніне барсаңыз да, базарға барсаңыз да қолдарына кітап тізімін алып сенделіп жүрген ата-аналарды көресіз. Сабақ басталғалы бір аптаға жуық уақыт өтті. Сонда бұл не сергелдең?

«Бұрын еліміздің білім ордаларының барлығы бір ғана «Мектеп» баспасының оқулықтарын пайдаланатын. Соған қарамастан кітап жетіспеушілігі туралы мәселе көтерілмейтін. Қазір не көп, баспа көп. Бірақ, бұдан ұтып отырған жағдай көзге көрінбейді. Әсіресе, ата-аналарға өте қиын болып тұр. Баласының қай баспаның кітабын оқитынын білмей кейбір ата-аналар екі есе қаржы шығаруға мәжбүр. Ата-ананың қыруар қаржыға сатып алған оқулығы пайдаға аспай, алаңдап жүргендер қаншама? Бұрын бір оқушының пайдаланған кітабын келесі жылы өзінен кейінгілердің қолдануына болатын еді. Қазір бұлай емес. Себебі, оқулықтар жыл сайын дерлік жаңартылады. Сөйтіп, өткен жылғы кітаптар жарамсыз болып қалады. Сондықтан, ата-ана баласына жыл сайын жаңа кітап алып беруге мәжбүр. «Сабақ басталғалы аптаға жуық уақыт өтті. Мен әлі кітап іздеу үстіндемін. Ретсіздік әбден қажытты. Бірақ, ата-ана баласы үшін неге болса да дайын ғой. Дүкенге таңғы сағат 8-ден бастап тұрсам да, кезегім келгенше кітабы түскір бітіп кетті. Одан сабылып «Дина» базарына бардым. Дүкен бәсінен қымбат болса да сатып алып, көңілім бірленіп тұрған жайым бар» деп Жайлаш деп танысқан ана маңдайының терін сүртті.

Аты-жөнін айтудан бас тартқан базар сатушысы сөредегі кітаптар«Атамұра», «Білім», «Алматы кітап» баспаларының өнімдері екенін жеткізді. «Оқулықтардың барлығын Алматы қаласынан әкелеміз. Әрине, үстеме бағасын қосамыз. Жол шығыны бар дегендей. Қанша теңгеге сатып алсақ, баға да соған есептеп қойылады. Оның үстіне, сұраныс көбейгені біз үшін жаман болмайды. Оқулықтарды тамыз айының басында-ақ талап ала бастады. Әлі де көп келіп жатыр. Әйтеуір, әкелген кітаптарымыздың өтпей қалған кезі болған жоқ. Сауданың аты сауда. Меніңше, бұл туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Ата-ана баласы үшін қымбат болса да сатып алады ғой. Оның үстіне, бұл ойыншық емес, кітап қой» деп бір қайырды.

Қаладағы бірқатар мектеп басшыларымен хабарласқанымызда оқулықтарды алдымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына беретіндерін жеткізді. Дұрыс делік. Алайда, оқулықтарға бөлінген қаржы тек бұл санаттағы балаларға ғана емес, жалпы облыс оқушыларының санына қарай бөлінбей ме? Мұндай жағдай болса осы санаттағы балаларға бөлек қаржы неге қаралмайды?

Жыл сайын білім беру саласының басшылары мектептердің оқулықтармен толықтай қамтылғандығы туралы баяндайды. Алайда, әр оқу жылының басында жоғарыда сөз болғандай дүрбелең болады. Себеп қандай? Осы сауалдар төңірегінде жауап іздеп облыстық білім беру басқармасы мен қалалық білім беру бөліміне хабарластық. Біріне-бірі жұмсап, ат тондарын ала қашқан мамандардан кейін, жиналыстан көз ашпаған басшылардың көмегімен әупірімдеп, қажет деп санаған ақпараттарымызға жауап алғандай болдық.

Мамыр айынан бастап аудандар мен қала мектептерінен өтінім қабылданып, сол бойынша сұраныс оқу министрлігіне жіберіледі екен. Одан әрі қаржылық қатынастар бар, әйтеуір облыстың сұраған оқулықтары жеткізіледі. Бізді толғандырып тұрғаны — кітаптардың қалай жеткізілетіндігі емес, неге жетпейтіндігі. Кейбір мектептерде белгілі бір сыныптардың кітаптары артық келген, ал көбінде жетіспейді. Бұл ретсіздіктің басында «мониторинг дұрыс жасалмай, бала санының дұрыс есептелмеуінен болуы мүмкін бе?» деген күдігімізді басшылар да мақұлдады. «Бала өсімі, соған сәйкес сырттан келетін оқушылар санының дұрыс есептелмеуінен болуы мүмкін» десті олар.

Облыстық мәртебедегі ұлттық гимназия, «Дарын» дарынды балаларға арналған мектеп, қазақ-түрік лицейі, Кіші Өнер академиясы, Ж.Досмұхамедов атындағы лицей сияқты оқу орындарында оқулық проблемасы жоқ, оқулықтармен толық қамтылған. Басқарма басшылығы оларда бала санының нақты екендігімен түсіндіреді. Басқа мектептерге де осы нақтылыққа неге көңіл бөлмеске?

Біздің қоғамымызда отбасының әлеуетіне байланысты аз қамтылғандарға үкімет тарапынан да, жеке кәсіпкер, мекеме, кәсіпорын тараптарынан да көрсетіліп отырған көмектер бар. Біз оны көп көрмейміз. Кітап мәселесіне келгенде жоғарыда айтып өткендей қаржы тек осы санаттағы балалар үшін ғана емес, барлық оқушыларға бөлінген. Алайда, оқулық бірінші осы санат балаларына беріледі. Осы дұрыс па? Бір кездері Үкіметтің №713 қаулысы болып, әлеуеті төмен отбасылары балаларының оқулықтары үшін бөлек қаржы қаралыпты. «Күшін жойған осы істі қайта жандандырса қайтер еді?» деген де сауал көңілде кесе көлденең тұрды.

Сайып келгенде, барлығы егемен елімізің ертеңгі жарқын болашағы үшін қызмет ететін жас жеткіншектер үшін.Бұл жолда оқушылардың сапалы білім алуларына жағдай туғызуға мектеп те, ата-ана да жауапты. Сондықтан, бұл мәселені шешуге тың әдіспен келу керек деп ойлаймыз. Біріншіден, балалар саны мен қолдануға жарамды кітаптардың саны нақтыланып, сыныптан сыныпқа көшкен балалардың қолдарындағы кітаптарды мектеп қорына қалдыру бағытында жұмыстанған жөн. Осы орайда акциялар өткізіліп, ата-анамен арадағы жұмысты жандандырса мүмкін бұл да тығырықтан жол табудың бірі болмас па деген пікірімізді ұстаздар да мақұлдап жатты. Ең бастысы, мектепке баратын бала саны дұрыс алынып, өтінім нақты берілуі керек деп шештік біз.

Бүгінгі күнгі дерек бойынша кітаппен қамтылу облыс бойынша — 86 пайыз, Атырау қаласы бойынша — 30 пайыз. Жаңа оқу жылындағы көрсеткішіміз — осы.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button