САҒЫНЫШ САЗЫ
Балдәуренін соғыс ұрлаған…
…Ол 1940 жылдың шілдесінде қасиетті Нарынның бір түкпіріндегі Қойбас қорығы деп аталатын жерде тарихтан белгілі Саржала батырдың бір ұрпағы Бәлу атасынан тарайтын Сидеғали аға мен Нәбира апа шаңырағында дүниеге келген. Бұл екі жасқа толмай жатып-ақ, әкесі соғысқа аттаныпты. Содан алғашқы айларда хат-хабар болып тұрыпты да, 1943 жылдан бастап ол сап тыйылған, ақырында хабарсыз кеткендердің қатарында қалады.
Жас баламен қалған Нәбира ана тіршілік қамымен колхоздың сан-сапат жұмысына араласып кете барды. Жас ана пішен шапты, құдық та қазды, сауын фермасында сиыр да сауды. Ауыр жұмысқа жегіле жүріп баласын аман өсіруде небір қиындықтарға төзді. Осындай жағдайда жүргенінде немере аға, колхоздың басқарма төрағасы, атақты атбегі, ел мен жердің құт-берекесі атанған Қасымұлы Қуан жесір ана мен жетім баланы өз қамқорлығына алды, ішер ас, киер киімнен таршылық көрсетпеді. Орта білімді меңгерген Сайпеден тағы да оқысам деп жүргенде жоғарғы органдардың ұйғарымымен ұсақ колхоздар ірілендіріліп, ірілендірілген колхоз басшылықтарына жоғары білімді мамандар іріктелініп алынады да, қамқор атасына колхоздың түйе малын бағуына ұйғарым жасалынады. Жасынан ой-өрісі кең, сұңғыла Сайпеден өзін қамқорлаған атасын далада қалдырмай, зейнеткерлік жасқа жеткенінше жәрдемдесуді ойлайды да, оқуға талпынысын доғарып, түйе бағуға көмекші болады.
Бұл кезде үйдегі екі апаның да денсаулықтары онша емес-ті. Мұның үстіне отбасында Қуан қарттың жасы 90-ға келген анасы да бар еді. Осындай кәрі адамдардың қамын жеген жас жігіт қанша қиналса да оқудан қол үзіп, ауылда қала барды. Тек 1962 жылы атасы зейнеткерлікке шығады да, үйге күнелтіс көзі боларлық қаржы кіретін болғасын талапты жас сол кездегі ауыл балаларының арманы болған Гурьев ауыл шаруашылығы техникумының екі мамандықты қоса беретін бөліміне оқуға түсті. Баласының талабын қолдаған сұңғыла Қуан ақсақал батасын беріп, аттандырып салды…
Үздік маман, өнегелі отағасы
1965 жылы оқу орнын үздік тәмамдаған Сайпеден өзі еңбек жолын бастаған «Новобогат» кеңшарының №1 фермасына ветеринар, яғни мал дәрігері болып қызметке тұрады. Жасынан малмен көз ашқан ауыл баласы, Қуан атасының төрт түлік туралы әңгімелеріне қанық, өзінің теориялық білігі де мол Сайпеден алғашқы күндерден-ақ білікті маман ретінде ел көзіне ілікті.
Жас маманның осы қасиетін анық байқаған кеңшар басшысы мен партком хатшысы әлденеше рет орта буын өндіріс командирі, яғни ферма басқарушысы болуға жұмсаса да, бойында сүтпен дарыған қарапайымдылық қасиеті мол Сайпеден бұл мансаптан әлденеше рет бас тартты. Сөйткен Сайпеденнің ерен еңбегі бағаланды, кеңшар әкімшілігі мен қоғамдық ұйымдардың марапаттарын әлденеше рет иеленді, бесжылдықтар қорытындыларымен «Ауыл шаруашылығы саласының үздік маманы» да атанды.
Ол сүйген қызы Жібекпен отау құрамын деп жүргенінде туған анасы Нәбира кенеттен ауырып, дүние салады. Жарынан ерте қалып, жалғыз ұлының қызығын енді көремін деп жүрген анасының бақилық болуы Сайпеденге өте ауыр соққы болды. Әкесінің сүйегі қайда қалғанын біле алмай жүргенінде енді анасының қолын ұзартуға үлгере алмай қалғаны өміріндегі үлкен өкініші болып, жүрегіне жара салып кетті. Алайда, бар ауырлыққа бүгілмеген ол анасының жылын өткізді де, қамқор атасы Қуанның үйіне 1968 жылы келін түсірді. Бір өкініштің бір қуанышы да болатыны шын екен, осыдан соң Сайпеден үшін шуақты өмір басталды.
Бір өкініш, бір үміт
Дүниеге тұңғыштары Зухра, кейін Мейрамгүлдері келді, олардан соң Әнестей ұл сүйді, Қалжандары да қуантты, базарлы төрінде арқа-жарқа өмір сүрді. Батаменен көгерген Сайпеден қамқоры болған Қуан атасын, Сәру анасын, Тойғандай кәрі әжесін ақ жуып арулап, бақиға аттандырды. Сөйте жүріп балаларының барлығына жоғары білім алуы үшін әкелік қамқорлығын аямады. Зухрасы Қарағандыдағы политехникалық институтында азаматтық құрылыс мамандығына оқыса, Мейрамгүлі теміржол саласының білікті есепшілік мамандығын меңгерді, ал Әнесі Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтынан мал дәрігері мамандығын алып шығып, әкенің жолын қуды. Кенжесі Қалжан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітіріп, мұғалім болып еңбек етуде.
Өмір ғой, жалғыз ұлы отау көтеріп, қыздарын теңіне қосып, төрт рулы елге құда-құдағай атанып, өнегелі өмір кешіп жүргендерінде ауыл-елге сыйлы аналардың бірі атанған сүйікті жары Жібек ауыр дерттен дүние салды. Жар қайғысы жанына қанша батса да сырт көзге сыр бермей жүрген еді, екінші қызы Мейрамгүл де ауыр науқастан бақилыққа аттанды.
Жанына батқан қос бірдей қаза оның жүрегіне дерт салып, асыл азамат қан қысымы, жүрек сырқатына шалдықты. Бірақ, жаратылысынан сабырлы Сайпеден барына шүкіршілік етіп, халқының амандығын тілеп отыратын ақылман ақсақал атанып жүріп еді. Ағайын мен ауылдастың қызығында бірге қуанып, қиындығына ортақтаса білді. Жалғыз ұлынан көрген немересі Бабасын жақсы көргендігі сондай, қалаға барып оқытып, заманға сай білім беруді мақсат тұтушы еді…
Әке жолын қуған ұл
Ұлы Әнес те әкесін алақанға салып аялады. Баратын жеріне барғызды, Алпыс бес, жетпіс жас мерейтойларын үлкен мейрамханаларда атап өтіп, ел алдындағы мерейін өсірді. Сол жетпіс жасын тойлағанда ғой, қарасы мол құда-жекжат, тұрғыластарының арасында болған құдасы Бақтығали Құбашұлының:
Саржала арғы атаң
батыр тұлға,
Жарасар батылдық та
болар ұлға.
Сенде де сол атаңның
сарқыты бар,
Қалдырған ата-бабаң саған сыйға, — дегені қазір де ойыма оралады.
Айтса айтқандай-ақ, асыл азаматтың бойынан жақсылық, ізгілік, байыпты парасаттылық лебі есіп тұратын. Оның ерекше қасиеті – сабырлылық, ешуақытта ақылын ашуға алдырған жан емес. Қандайма қиын мәселені де өзінің жаймашуақ, жібектей мінезімен байсалды шешуге жұмыстанатын. Тойларда, басқа да жиындарда үлкен-кішіміз болып баталы сөз айтуды Сайпеденге ұсынатынбыз. Қуандай қадірлі атадан бата мен тағылым дарыған ол іркілместен бата-тілегін бергенде тыңдаушыларын еріксіз ұйытушы еді. Ал, қаралы шаңыраққа барып жұбату сөз айтқанда, реніште отырған адамдар оның жігерлі сөзінен еріксіз серпілетін. Бұрынғы өткен би-шешендердің сөзін көңіліне көп тоқыған оның өзі де көсемдей еді ғой.
«Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, жалғыз ұлы Әнес бұла өскенімен ақылды, байыпты азамат ретінде елге танымал болып қалыптасып келеді. Қамысқала өңіріндегі мықты шаруа қожалығының иесі, жүрегі ізгілікке толы, жаны жомарт жігіт – жалғызілікті, кемтар жандарға үнемі қол ұшын созып жүретін мейірбан азамат. Оны ауылдастарының сол өңірден аудандық мәслихаттың депутаттығына сайлауы да тегіннен-тегін емес.