Жарнама
ЖаңалықтарМедицинаҚоғам

Сақтанған қапы қалмайды

Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Әдеттегідей, облыс орталығында мереке қарсаңындағы қарбалас басталып кетті. Күн сайын кафе-мейрамханалдарда жаңажылдық кеш өткізілуде десек, қателеспейміз. Алайда, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қоғамдық орындарда тамақтан улану фактісі көбейіп кеткендігі жиі талқыланатын болды. Бұл ретте Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Темірбек Мұсағалиев Атырау қаласында жағдай бірқалыпты екендігін айтады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді тағы бір мәрте еске салған шаһар басшысы Серік Шәпкенов мейрам алдында бизнес өкілдерімен кездесіп, мұндай келеңсіздіктердің орын алмауын қатаң бақылауды тапсырды.

%d1%85%d0%b0%d0%b1%d0%b0%d1%80

Баршамызға белгілі, елімізде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында шағын және орта бизнесті қадағалау жұмыстары азайды. Бұрынғыдай емес, қазір аумағы 50 шаршы метрден төмен нысан мүлде тексерілмейді. Дегенмен, тоқмейілсуге негіз жоқ. Мемлекет сеніміне селкеу түспеу қажет. Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Темірбек Мұсағалиевтың айтуынша, соңғы екі-үш жылда тіркелген ішек инфекциялары аурулары азайып отыр. Тұтынып отырған күнделікті суымыз толықтай стандартқа сәйкес келеді екен.

— Бұған дейін шағын нысандарды да тексеріп келдік, санитарлық талапқа сай келмегендеріне айыппұл салдық. Енді әрбір бизнес иесі өнім мен тауарға өзі жауапты. Жасыратыны жоқ, мереке алдында тұтынушылардың көптеп келуінен кафе-мейрамханаларда даяшы жетіспейді. Сол кезде көпшілігі уақытша құжатсыз, санитарлық кітапшасыз студенттерді жұмысқа алады. Ал, аурулардың ушығып, өршуі осындай кезде көбейетіні белгілі. Тамақтан улану фактісінің 30 пайызы сырттан келген қызметкерлерден шығады. Оның үстіне, «Дина» сауда орталығынан басқа орындарда санитарлық дәрігер жоқ, — дей келе, Темірбек Сарымұлы  балалардың тәтті сыйлықтарының сапасы мен сақтау мерзіміне ерекше мән беру керектігін ескертті.

Тұтынушы да, сатушы да тауар алған кезде «ЕАС» белгісіне назар аудару қажет. Бұл оның қауіпсіз екендігін білдіреді. Белгісі жоқ өнімнің сәйкестік жөніндегі декларциясы да болмайды. Егер мұндай жағдайға кездескен кезде тауарды тасымалдаушыға кері қайтаруға міндетті. Осындай өнім шығарған кәсіпкерге айыппұл салынып, нысан бір апта мерзімге қызметін тоқтатады. Осы орайда қала әкімі Серік Шәпкенов мереке қарсаңында сақ болуды қатаң тапсырды.

— Бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлерге барлық мүмкіндік жасалып отыр.  Бірақ, ол «ойыма келгенді жасаймын» дегенді білдірмейді. Бәріміздің мүддеміз бір. Жергілікті атқарушы органға да жаңа нысан ашылып, жұмыс орындары көбейгені тиімді. Сондықтан, барлығымыз жұмыла жұмыс жасауымыз қажет. Тұрғындарға сапалы қызмет көрсету – бәріміздің мақсатымыз. Бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден байқап отырғанымыздай, көптеген облыста тамақтан улану жайы ушығып отыр. Бізде жағдай бірқалыпты болғанмен, бармақ тістеп қалмас үшін мәселеге ерекше назар аударымыз керек, — деді ол.

Кездесу кезінде тағы бір маңызды мәселе қозғалды. Атырау қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Ерлан Биғамбаевтың баяндауынша, облыс орталығында соңғы кездері қоғамдық орындарда қылмыс көбейіп отыр. Әсіресе, қалта қаққыштардың «дәурені» жүріп тұрған сыңайлы. Мәселен, қаладағы №14 маршрутта жыл басынан бері 245 ұрлау фактісі тіркелген. Халық көп шоғырланатын «Дина» сауда орталығында 116 бейнекамера орнатылса да, базар маңындағы қылмыстар көбейіп кеткен. Сондай-ақ пәтер ұрлығы да азаймай отыр, — деді Е. Биғамбаев.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button