Сәтсіздік
(«Сезім музейі» романынан үзінді)
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Астана төрінде тұңғыш рет Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтті. Осы шара аясында «Фолиант» баспасының арнайы тапсырысымен әлемге әйгілі түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың «Сезім музейі» (ауд. Маржан Ершу) және «Менің атым Қырмызы» ( ауд. Амангелді Құрметұлы) романдары қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көріп, қазақ оқырмандарына жол тартты. Қазақстан Жазушылар Одағы мен Еуразия Жазушылар Одағының (Түркия) мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын-аудармашы, жерлесіміз Маржан Ершу аударған «Сезім музейі» романынан үзінді жариялап отырмыз.
Өмір мен үшін мәнсіз болғандай. Бар шынайылығынан айрылғандай күн кешіп жаттым. Мағынасыздық, бос әурешілік боп көрінді. Қызықтыратын ештеңе қалмағандай. Көңілім көңілсіз-дікпен достасты. Бір күні осындай қамыққан кезде қолыма француз ақыны Жерар Де Нервальдің бір кітабы түсті. Поэзияны жанымның емшісіндей қабылдадым. Махаббат қасіретін сезінген ақын, өзінің аяулы махаббатын жоғалтқанын білген кезде, «Аврелия» атты кітабының бір бетінде, өмірдің оған тек қана «Анайы алдандыру» сезімін қалдырғанын айтады. Мен де өзімді солай сезініп, Пүсінсіз өткізген күндерімде жасаған нәрселерімнің дөрекі, мағынасыз болғаны анық еді. Айналамдағы адамдарға ішімнен себепсізден-себепсіз ашуланып тұратынмын. Бірақ, ең соңында Пүсінді тауып алып, онымен сөйлесетінім, құшағыма қысатынымды ойлау, бұлар арман емес, кәдімгідей көңілімді аулар сенім болатын.
Сол ең қиын күндерімнің бірінде, шіліңгір шілденің ми қайнатар бір күнінде, жұмысыма ағам Осман телефон соғып бизнестегі әріптесіміз Тұрғай мырзаның неліктен атастырылу рәсіміне шақырылмай қалғанын сұрады. Тұрғай мырзаның шақырусыз қалғаны үшін бізге ренжігенін, тіпті төсек-жаймаларына қатысты тендердегі төсек-жаймалар экспортында бізбен одақтас болудан бас тартуы мүмкін екенін де жеткізді. Осман Тұрғай мырзаның есімін құрметті қонақтар тізімінен сызып тастағанымды анамнан естіпті. Мен оған еш уайымдамауын, Тұрғай мырзаның көңілін сабасына түсіре алатынымды айтып сендірдім де, Тұрғайға телефон соғып, келесі күні түскі уақытқа кездесуге шақырдым. Тұрғай мырзаның Бахчелиэвлердегі фабрикасына келе жатып, көліктің ішінде қаланың қоқыстармен толып, сүйкімсіз көріне бастаған жаңа тұрғын үйлеріне, қоймалар, кішкентай фабрикаларына қараған кезде, ішім махаббаттың қызғанышынан оттай лаулай бастады. Тұрғай мырзаның Пүсінмен таныстығы жаныма тыныштық берер емес. Дегенмен бір жылы толқыныс бар еді жанымда. Осыған ұқсас басқа жағдайларды бұрын да бастан кешіп ем. Кенанмен сөйлесіп жатқанда немесе Шенай ханымды кездейсоқ «Таксимде» кездестіргенімде ішімді жылытқан толқыныстың себебін өзімнен жасыратынмын. Пүсінді танитын адамдар да менің көзіме ыстық көрінетіндей?!
Кешірім сұрау үшін Ыстамбұлдан келуім Тұрғай мырзаның көңілін жайландырды. Мені жылы шыраймен қарсы алып, жүз шақты тоқымашы қыз жұмыс істейтін тоқыма фабрикасына апарғанда, текстиль машиналарының жанында жұмыс істеп тұрған жас қыздарды көргенде жүрегім дүрсілдеп кетті. Машиналардың арасында маған арқасын беріп тұрған Пүсін елесі көз алдымда тағы да жалт етті де жоқ болды. Тұрғай мырза жаңа әрі заманауи әкімшілік ғимараты мен кафетерийлерді бір тәкаппар кейіппен емес, өзімен бірге жұмыс істеуіміздің қаншалықты маңызды екенін көрсеткендей әріптестік тілекпен аспай-саспай аралатып, көрсетіп шықты. Тұрғай мырза түскі асымызды да, өзінің әрдайым жасағанындай жұмысшыларымен бірге кафетерийде тамақтанғанымызды қалады. Бірақ, мен бұл жер одан кешірім сұрауға жеткіліксіз деп өзімді сендіріп, арамыздағы «терең тақырыптарға» өту үшін біраз ішімдік ішуіміз керек екенін айттым. Тұрғайдың мұртты қара торы жүзінде ешқандай ашудың ізі жоқ еді: «Өмірде мұндай кем-кетіктер болып тұрады, ұмытайық, сөз етудің еш реті жоқ» — деді. Түсінбегендей болдым да, бар назары жұмыста болған еңбекқор адамды, Бакыркөйдегі балық мейрамханалардың біреуінде түскі ас ішуге мәжбүрледім. Оның «Мустанг» маркалы көлігінің ішіне кіре сала осы орындықтарда Пүсінмен құшақтасып құмарланып сүйіскені, ләззат құшқаны айнадан көрінгендей болып өз-өзімнен қалтырап кеттім. «Әлі де Пүсінмен байланысы бар ма екен» деген ойдан өзімді ұстай алмай, ыза мен қызғаныштың қайнап төгілердей болған кегі көзімде жарқ етті. Тезірек мейрамханаға жетсек деп ойладым.
Мейрамханада көзіме ең жексұрын адам секілді көрінген Тұрғай мырзаның қарсы алдында отырып, оның жүн-жүн қолдарымен аппақ орамалды алдына төсегенін көрген кезде, кең танауына, жаялықтай аузына жақыннан қараған кезде, көңілім нілдей бұзылып, жүрегіме қайғы мен қызғаныш толып кетсе де, өзімді әзер ұстадым. Даяшыға «маған қара» деп, аппақ орамалды «Hollywood» фильміндегі бір эпизодтағы кейіпкердің әрекетіндей қылып ерніне жайлап тигізді. Тамақтың жартысын ішкенге дейін ұстамдылық танытып, сабырлы қалыпқа ендім. Бірақ, ішімдегі алапат бұлқыныстан құтылу үшін ішкен ракы ішімдегінің бәрін сыртқа шығарды. Тұрғай мырза сыпайы ілтипатпен төсек-жайма шығару ісіндегі аз-кем келіспеушіліктеріміздің шешілгенін, енді серіктестер арасында ешқандай даулы мәселе қалмағанын, бизнесіміздің алға басатынын айтып жатқан кезде:
— Жұмыстарымыздың жақсы болғаны емес, біздің жақсы адам болуымыз маңыздырақ, — дедім.
— Кемал мырза, – деді қолымдағы ракыға қарап, – сізді, әкеңізді, отбасыңызды қатты құрметтеймін. Барлықтарымыздың да басымыздан қиын күндер өткен. Алланың тек қана сүйген құлдарына беретін бақытына иеміз, шүкіршілік етуіміз керек. Дөрекі болмайық, дұға етейік, солай ғана жақсы бола аламыз.
— Мен сіздің осыншама тәубешіл екеніңізді білмеген екем, — дедім мазақ қылғандай сөйлеп.
— Кемал мырза, менің айыбым не?
— Тұрғай мырза, менің отбасыма туысқан боп келетін жап-жас қыздың жүрегін жараладыңыз, оған «ғашықпын» деп ақша беріп қолыңызға түсіргіңіз келіпті. «Шанзелизе» дүкенінде сатушы болып жұмыс істеген жас қыз – Пүсін анам жағынан өте жақын туысымыз болады.
Тұрғайдың жүзі күреңітіп кетіп, төмен қарады. Сол кезде оның Пүсіннің менен бұрынғы махаббаты болғандықтан емес, осы махаббаттан кейін қайғысын ұмытып, әдеттегі буржуазия өміріне жетістікпен орала алғаны үшін Тұрғайдың осы салмақты сабырлы қалпын қызғанғанымды түсіндім.
— Кешіріңіз, сіздің туысқаныңыз екенін білмеппін, — деді таңғалған бір кейіппен. Қазір қатты ұялып тұрмын. Мені отбасыңыз болып көргіңіз келмесе, атастыру рәсіміне осы үшін шақырмасаңыз бұған хақыңыз бар еді. Әкеңіз, ағаңыз да осылай ойлай ма? Не істейміз енді, серіктестігімізді бұзайық па?
– Бұзайық, — дедім. Аузымнан осы сөздің шыққанына өкініп қалдым ішімнен.
— Онда келісім-шартты бұзған сіз боласыз, – деді де, қолына қызыл «Мальборо» темекісін алып тұтатты.
Махаббаттан туындаған «қызыл ит – қызғаныш» қасіретіме өзім аяқастынан жасаған шешімімнің ұяты да қосылып, ішім алай-дүлей боп жатты. Қайтар жолда, әжептәуір масайып қалсам да көлікті өзім жүргіздім. Ыстамбұлда, әсіресе, жағалау жолында көлік айдау, он сегіз жасымнан бері мен үшін ең үлкен бақыт болған бұл сезім, ішімдегі апатты ойдың кесірінен қазір бір азапқа айналды. Дәл қазір қала да сұлулығын жоғалтқандай боп көрінді көзіме, одан қашу үшін газды бастым. «Эминонунде», «Жами» мешітінің алдындағы жаяу жүргіншілердің көпірінен өтетін жерде, аман-есен өттім, әйтеуір.
Кеңсеге келген кезде, Тұрғай мырзамен серіктестігіміздің біткенін одан соншалықты келіп-кетер ештеңе болмағанын өзіме және Османға айтып түсіндіру керек екенін шештім. Тендер тақырыптарын жақсы білген Кенанды өзіме шақырдым. Ол менің әңгімемді зейін салып тыңдады.
— Тұрғай мырза жеке себептермен бізге әдепсіздік жасап келеді, — деп сөзімді аяқтай салдым да, төсек-жайма экспортын өзіміз үлгеріп жасай аламыз ба, әлде жасай алмаймыз ба?, — деп сұрадым. Кенан бұған мүмкіншілігіміздің аздығын айтты. Негізгі мәселенің не екенін сұрады. Тұрғай мырзамен енді бизнесте серіктес бола алмайтынымды айттым.
— Кемал мырза, бұл серіктестікті бұзу шарты бізге қолайлы емес, — деді Кенан.
— Ағаңызбен сөйлестіңіз бе?
Мұның тек қана «Сатсат» үшін ғана емес, басқа компаниялар үшін де ауыр болатынын, келісім-шартта төсек-жаймалар уақытылы келмеген жағдайда, Нью-Йорк соттарында бізге қарсы ауыр тармақшалар іске қосылатынын айтты.
— Ағаңыздың бұл жағдайдан хабары бар ма? — деп тағы да сұрады.
Аузымнан ракы иісін сезген болар шамасы.
Өйткені, ол тек компанияның ғана емес, менің де жағдайымды уайымдауға құқылы екендігін сезгендей.
— Айтылған сөз – атылған оқ! — дедім. — Тұрғай мырзасыз жасаймыз жұмысты. Қайтеміз? Мұның мүмкін емес екенін Кенан айтпаса да жақсы біліп тұрмын. Сөзімнің ақылға қонымды жағы тоқтап, төбелескісі келіп тұрған қызғаныштың бір шайтанына ілесіп кеткен болатын. Кенан ағаммен сөйлескенім дұрыс болатынын қайталай берді.
Үстел үстіндегі «Сатсат» логотипы бар күлсалғышты және қағаз қысқышты сол кезде Кенанның басына лақтырғым келді. Бірақ, лақтырмадым. Өзімді ұстадым. Көзіме күлкілі көрінген галстугінің түсі күл салғыштағы темекі күлінің түсіне ұқсас екенін байқағаным есімде.
— Кенан мырза, сіз менің ағамның компаниясында емес, менің қарамағымда жұмыс істейтініңді ұмытпағайсың! — деп айқайладым.
— Кемал мырза, өтінемін, мұны білемін, – деді қызарақтап, – бірақ атастырылу рәсімінде мені ағаңызбен таныстырдыңыз және содан бері онымен сөйлесіп жүрміз. Осы маңызды тақырып бойынша оған хабарласпасаңыз сізге қатты ренжиді. Соңғы күндеріңіздегі қиыншылықтарыңыз туралы ағаңыз білгісі және сізге жәрдемші болғысы келеді барлығымыз секілді.
Осы «барлығымы секілді» деген сөзі мені ашуландырып жындандыратындай болды. Оны қуып жібергім келді, бірақ, есалаңдығынан қорықтым. Басым бір жартысымен көрсоқыр болғанын, махаббаттан, қызғаныштан, қандай да бір себептермен болып жатқандарды дұрыс қабылдай алмай жатқанымды сездім. Жаралы жолбарыс секілді қатты қасірет шегіп, мені тек Пүсінді көру бақыты ғана жаза алатынын біліп тұрдым. Дүние мені қызықтырмады, өйткені менің жаныма дәл қазір ештеңе керек емес еді…
Түрікшеден аударған: Маржан ЕРШУ.