С.Сыдыхов: «Шәкірттерімді мақтан етемін»
Ұстаз болу әрі бақыт, әрі абырой. Абай атамыз «шәкіртсіз ұстаз тұл» деп әр адамның тұлға болып қалыптасуы ұстазға байланысты екенін ерекше атап өткен болатын. Мен де өзімді жас ұрпақ тәрбиесі үшін бірден-бір жауапты маман ретінде сезінемін. Сондықтан да болар, әр шәкіртімнің спорт саласында жетістікке жетіп, жеңіс тұғырынан көрінуіне бар күшімді салып келемін.
Өткен жылы ел болып тойлаған Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойына орай волейболдан 2000-2001 жылы туылған ұл-қыздар арасында өткен қалалық ашық турнирге жергілікті командалар қатысқан болатын. Соның ішінде, Махамбет ауданының намысын қорғаған Ақтоғай орта мектебінің командасы жүлделі бірінші орынға ие болды. Наурыз мерекесіне арналған жасөспірім қыздар мен ұлдар арасындағы волейбол жарысында да жүлдегер атанды. Ал, елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Өтеғалиевті еске алуға арналған облыстық турнирде мектебіміздің ұлдар командасы Атырау қаласынан кейін екінші тұғырдан көрінді. Мектеп оқушылары арасындағы «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен өткен облыстық волейбол лигасында оқушыларымыз бірінші орынды жеңіп алды.
Мақтанып айтар үздік шәкірттеріміз де бар. Атап айтар болсақ, Бексұлтан Қуаныш, Дидар Сақтапов, Диас Жомарт, Айкөркем Азамат, Венера Базарова, Ақжонас Хайдарова, Айдана Шайдуллаева, Іңкәр Саматқызы, Әсемгүл Төлегенова, Гүлзада Абуғалиева, Аяжан Аманжол, Ақниет Қайса, Сәттібек Қисметовтер үздік ойын өрнегін көрсетіп келеді. Облыс құрамасындағы 10 сынып оқушысы Махамбет Сансызбайұлы Хромтау, Қызылорда, Түркістан қалаларында өткен республикалық жарыстарға қатысып, аймақ намысын қорғады. Сондай-ақ, аудан көлемінде Қ.Қалыбеков атындағы мектеп пен Есбол ауылында өткен жарыстарда оқушыларымыз бірінші орын иеленді.
Сансызбай СЫДЫХОВ
Ақтоғай орта мектебінің жоғарғы санатты дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі,
«ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» төсбелгісінің иегері