Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Сұлушаш Нұрмағамбетова: «Өнерім – өмірімнің мәні»

Алдымен, Атырауға қош келдіңіз! Биыл сіздің сахнада жүргеніңізге 45 жыл толып отыр. Өміріңіздің мәніне айналған мамандыққа қалай келіп едіңіз?

«ӨНЕРІМ – ӨМІРІМНІҢ МӘНІ»

— Иә, биыл қасиетті өнерге қадам басқаныма осындай айтулы жыл толып отыр. Ал, қалай әнші болдым дегенге келер болсақ, мен кішкене күнімнен Роза Бағлановаға еліктеп өстім. Екі жасымда нағашы ата-әжеме алданыш болсын деп, ата-анам мені  беріп жіберген. Үйдегілердің ермегі – мен. Олар үшін менің әр қылығым – қызықты. Есікке ұсталған жапқыштың арасынан шығып, «әуелете» ән салғанымда қолпаштап, қиқулап отыратын алғашқы тыңдармандарым да атам мен апам (әжем) еді. Негізінде, нағашы апам ауыл-аймаққа танымал, ән салатыны бар жан-ды. Басқосулар болса, жиылғандар қолқалап ән салғызатын. Тіпті, екі бөлініп айтыс жасайтындары еміс-еміс жадымда, сол кездегі апамның мақамы да әлі күнге құлағымда.

Атам колхозда малшы, жазда киіз үйін Сырт, Шұбартал жайлауына тігеді. Асудың арғы бетін қырғыздар жайлаған. Айырқалпақты ағайындар келіп, небір қойылымдар қойып, думанды кештер өткізетін. Төрт жасымда атам сыйлаған патефон да бұл салаға бет бұруыма септігін тигізді. Дөңгелей айналған күй табақтан Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков, Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова, Роза Бағлановалардың құйқылжытып айтқан әндері құлақ құрышын қандыратын. Қырман, қой қырқу науқандары кезінде әншілер келеді. Бибігүл Төлегенова,  Ләззат  Сүйіндіковалардың ән салғаны, керемет биші Нұрсұлу Тапалованың өнер көрсеткендері көз алдымда. Ал, жетінші сыныптан бастап, Мәскеуге дейін барған белді ұжым – Нарынқол халық театрында өнер көрсете бастадым.

— Осыдан соң кәсіби маман ретінде оқуды жалғастыруды жөн көрдіңіз?

— Иә. Шыны керек, кішкене күнімізде әншіліктің мамандық екенін білмедік те ғой. 10 сыныпта оқып жүргенімде ауыл жаққа келген Әсет Бейсеуов дауысым мен мүмкіндігімді байқаған соң, «Алматыға кел, оқуға түс» деді. Осылайша, 1971 жылы Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк студиясына оқуға қабылдандым. «Сәулем, сәулем, сәулемсің» деп, алғаш рет сахнаға шықтым. Бітірген соң, Мәдениет министрлігі «Қазақконцерт» бірлестігіне жолдама берді. Жалпы, әншілік өнеріме Нұрғали Нүсіпжанов пен Әсет Бейсеуов үлкен әсер етті.

— Сәтмағанбет-Сұлушаш Нұрмағамбетовтер болып өнер көрсеткен жұлдызды жұп та ел есінде…

— Әр адамның тағдыры – әрқилы. Қарақалпақстанның Нүкіс  қаласынан келген

Сәтмағанбет домбыраны еркін меңгерген. Құйқылжыта тартқан күйлері көңілді тебірентеді, жыр-терме орындаушылығы да шебер, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті болды. Көңіл жарастырдық, отау құрдық. Өмірге Мырзахмет пен Алма келді. Өмірімнің ең шуақты сәттерін бастан кештім. Алайда, арада 16 жыл өткен соң, түсініспеушіліктердің салдарынан ажырасуға тура келді. Сол кезде Мырзаш ана жақта, қызым Алма екеуміз ғана қалдық. Қаңырап қалғандай болып ем, қазір немере-жиендерім қаумалап, үйім у-шу болып жатқанына қатты қуанып, шүкіршілік етем.

— Ұлыңыз басқа жақта болып па еді?

— Иә. Бірнеше айлар бойы гастрольдерде жүргенде, екі баламның өсуіне ата-аналарымыз көп көмектесті. Ұлым Мырзахмет төрт айлығынан бастап, ата-әжесінің қолында өскен. Өзі де әке болып, қазір қара шаңырақты ұстап отырса да, менің не атымды атамайды, «мама, жеңге, әпке» деп те айтпайды. Тек қарындасына қатыстырып, «Алмаштың мамасы» дейді. Әлі күнге солай. Тіпті таяуда «Құрметті М!» деп жазып, 8 наурызбен құттықтады. Негізі, екі балам екі жақта өсті. Қазір, шүкір, екеуі де өз алдына бөлек шаңырақ.

Реті келгенде айта кетейін, кеше Қызылқоға ауданында болған сапарымда біз тоқтаған үйдің келіні «Апай, мынау – Тайсойғанның суы» деп айтып қалды. Елең ете қалдым. Марқұм қайын атамның «әкем Сүлеймен Қызылқоға, Тайсойған» деп айтып отырушы еді, сонау бір жылдары сол жақтан Қарақалпақстанға қоныс аударған болсақ керек» дегені есіме түсе кетті. Балаларыма «ата-бабасының қаны тамған өңірдің дәмін таттырайын»  деп, арнайы сол судан алып бара жатырмын.

— Балаларыңыз өнер саласына жақын ба?

 Мырзаш кішкене күнінде домбыра шертіп, «Алып тұлға байсалды» деп жатып алып айқайлап зор дауыспен ән салатын. Кемпірлердің көзі тиіп, кекештеніп қалды. Әжесі оқытып, бетін бері қаратып алды. Содан кейін домбыра ұстамай кетті. Қызым Алма да бұл саладан алыс. Бірақ, немерелерім өнерге жақын. Іңкәрім – менімен бірге сахнаға шығып, ән салады.

— Сіз өзге ұлттың әндерін көп айтасыз…

— Репертуарымда қырғыз, қарақалпақ, орыс, түркімен әндері бар. Қазіргі жастар ағылшынша айтуға құмар. Менде керісінше ағылшынша ән жоқ.

— Алға қарай айтуыңыз мүмкін бе?

— Әрине, айту керек болса, айта аламын.

— Сіз 49 жасыңызда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алдыңыз…

— Иә. Кеш берілді деп ойлаймын.

— Неліктен?

Өйткені, қазіргі жастар 30 жасқа жетер-жетпесте түрлі атақ-даңққа ие болып жатыр. «Атың шыққан сайын, дұшпандарың көбейе береді» деп айтқан Нұрғали ағаның сөзі – шындық. Екі рет Құрмет орденіне үміткер болып едім, сызылып қалдым. Мен ешкімнің атақ-даңқын қызғанып отырғаным жоқ. Тек, атақтың берілуінің де өз талабы бар. Соның сақталмайтыны қынжылтады.

— Жалпы, жас әншілерді тыңдайсыз ба?

— Бұл күнде оларды тыңдамасқа болмайды. Қайда барсаң да, солардың әндері… Телеарналарда да солар, жолаушы болып жүргенде де байқаймыз,барлық жерде — жастар. Тіпті, бізден жасы үлкен жеңгелеріміздің ұялы телефоны шырылдай қалса да, солардың әндері сайрай жөнеледі. Бәрі жаман деуге болмайды. Мен тыңдайтын талантты жастар көп.

— Теледидар деп қалдыңыз, осы күні бағдарламаларға аға буын шақырылмайды, көбіне жастар келетін секілді. Әлде мен байқамай жүрмін бе?

— Ол – рас. Осының бәрін жасайтын – өзіңдей жастар. Олар мен түгіл, менен де үлкен аға-апаларымызды шақырмайды. Ресейде Кадышева, Ротару, Лещенколар концерттен қалмайды. Сол үрдіс бізде де сақталса екен деймін.

— Қазір сіз продюссерсіз…

— Иә, ақын бала Жамбыл Дүйсеновтің концертін беруге жұмыстанып жүрмін. Әке-шешесінің ұсынысы бойынша талантты баланың талабын ұштауына көмектескім келеді. Алматы облысының Іле ауданында екі концерт бердік. Үлкен шарасын Атырауда өткізгісі келеді, сол мақсатта жұмыстанудамыз. Бұл – болашаққа жоспарлаған істерімнің бірі. Жамбылдың сөзіне жазылған екі ән бар, менің немерем Іңкәр – алғаш орындаушысы.

«Бақыттың жүрмін жолында» атты шығармашылығыңыздың 40 жылдығына орай берген концертіңіз ел есінде. Биыл да осы секілді есепті концерт беру жоспарыңызда бар ма?

— Әрине. Бірақ, барлығы қаржыға байланысты. Өткізер болсам, ауқымды, жоғары деңгейде ұйымдастырғым келеді.

— Атырауға қашаннан келіп тұрғаныңыз?

— Бұл өңірге біраз жылдан бері келіп тұрғаным. Осы сапарым барысында 11 концерт беріп, аудандарды араладым. Шыны керек, оң өзгерістерді көріп, қуанып отырмын. Атырау қаласының өзін айтпай-ақ, ауылдардың дамығанына қарап-ақ көзің тояды. Қарттар үйіндегі қайырымдылық концертпен сапарымды тәмамдап, Атыраумен қоштасып барамын. Концерттеріме келіп, мені қолдаған атыраулық ағайынға мың алғыс!

— Әңгімеңізге рахмет!

 

* блиц-сауал

— Бақыттысыз ба?

— Әрине. Балаларым – барым да, бақытым да. Халқым да әркез құрметтейді.

— Мінезіңіз қандай?

— Көбіне ер мінезді дейді. Бетімді қақпай өсіргендіктен, еркелігім  де бар. Бірақ, қатты болғаныммен, кейде айтарымды айтпай, былжырап қалатыным бар.

— Эмоцияға жиі берілесіз бе?

— Иә.

— Ұстанымыңыз қандай?

— Бастаған істі аяқтау, діттеген мақсатыма жету.

— Тойларға шығасыз ба?

— Шақырса, барамын. Көбіне ағайын-туыстың тойынан босамаймын.

— Әлеуметтік желілерде барсыз ба?

— Фейсбук, инстаграмда бармын.

Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button