Құрылысқа – қатаң бақылау
Атыраудағы «сақалды» құрылыстар жұмысы қашан аяқталады? Сәулет-құрылыс жұмыстарының сапасына кім жауапты? Құрылысшылардың қауіпсіздігі қаншалықты сақталуда? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек ОМАРҚҰЛОВ баяндап берді.
Айта кетейік, 2015 жылы өз алдына басқарма болып құрылған орган қазір облыс аумағындағы сәулет, құрылыс қызметiн мемлекеттiк реттеуді жүзеге асырады.
— Басқармада құрылыс қызметін бақылаудан бөлек, лицензиялау, аттестаттау және әкiмшiлiк-құқықтық жұмыстар да атқарылады. Бірақ, негiзгi мiндеттердің бірі – технологиялық үрдістің белгiленген мемлекеттiк нормаларының бұзылуына жол бермеу.
Сондай-ақ, стандарттар мен техникалық шарттарға сәйкес келмейтiн құрылыс материалдары – бұйымдар, құрастырмалар мен жабдықтарды қолдануға шек қою. Жобалау құжаттамасында бекiтiлген шешiмдердің, қолданылатын материал көлемінің, инженерлiк және технологиялық жабдықтардың өзгеруін болдырмау. Тапсырыс беретін меншiк иесi мен мердiгер тарап жүзеге асыратын атқарушылық-техникалық құжаттамалар тиiсiнше толтырылуы керек. Құрылыс қызметiн лицензиялау да бізге жүктелген. Өткен жылы он екі тұрғын үйге тексеріс жүргізіп, көптеген кемшілікті анықтадық, — деді А.Омарқұлов.
Сонымен, ол қандай кемшіліктер? Біріншіден, қандай да бір нысанның құрылыс жұмыстары басталғаны жөнінде жауапты мекеме ешқандай хабарлама таратпайды. Ал, дұрысында хабарлама түскеннен кейін құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат етіледі. Екіншіден, құрылысқа жауапты мекемелерді тексере келгенде, көбінде сараптамалық құжаттар болмай шығады. Демек, зерттеу-талдау жұмыстары мүлде жүргізілмейді. Үшіншіден, құрылыс басында белгіленген міндет орындалмайды, талап сақталмайды, құрылыс материалдары жиі ауыстырылады. Айталық, Береке ықшамауданындағы құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында қателікке бой алдырған қызметкерлерге 3 миллион 500 мың теңге айыппұл салынған.
Тағы бір мәселе, басталған құрылыс жұмыстары мерзімінде аяқталмайды. Асылбек Жолдасбекұлының айтуынша, осыған орай қатаң шаралар алынып жатыр. Бірақ, нәтиже күткендегідей болмай тұр.
Амандық Сағынтайұлы
Тендерді жеңіп алып, жауапты жұмысқа енжар қарайтын ЖШС ма, компания ма, жалпы құрылыс саласындағы мекемелерге әкімдік тарапынан бақылау қатаң болуы керек. Әйтпесе, қыруар қаржы желге ұшып жатқандай. Есік-терезесеі ғана емес, қалаған тасы мен сылақтары сын көтермейтін құрылыстар тұрғындардың өміріне үлкен қауіп.
Алдыңғы оқырман дұрыс жазады. 2012 жылы берілген Нұрсая — Болашақ мөлтекауданындағы 46 үйдің сыртқы сылақтары өткен жылы сыпырылып түскен болатын. Жауапкершілік жетіспейді