Құрылтайдан күтеріміз көп
Қазақстан Республикасы судьяларының VІІ съезі қарсаңында
Алдағы қазан айында Қазақстан Республикасы судьяларының VІІ съезі өтеді. Оған Атырау облысынан 8 делегат қатысады деп жоспарланып отыр. Төрт жыл сайын болатын судьялардың съезі биыл кезектен тыс ұйымдастырылуда.
Еліміздің ұлы стратегиялық мақсаты – әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіру. Ол үшін сот жүйесін де әлемдік стандарттарға сәйкестендіру міндеті тұр.
Осы ретте, Елбасы бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында судьялардың жаңа Әдеп кодексін жасауды тапсырған еді. Қазіргі кезде кодекс дайын. Жаңа құжат заман талабына сай судьяларға қойылатын талаптардың қатаңдығын аңғартады. Әрбір судьяның мінез—құлық, қағидалары айқындалған. Өйткені, қоғам үнемі даму үстінде. Сондықтан да судьяның моральдық—этикалық бейнесіне жаңа талаптар қойылуда және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру тұрғысында Әдеп кодексінің жобасы әзірленді.
Жаңа кодекс – қазіргі заманғы сот жүйесіндегі тәуелсіз, тиімді сот төрелігінің негізін құрайтын маңызды құжаттардың бірі. Ол жауапты міндет алған судьялардың өзінің кәсіби қызметін мүлтіксіз орындауын, мінез-құлықтың әдеп қағидаларын сақтау негізінде атқаруын көздейді.
Кодекстің жобасын әзірлеуде еліміздің заңнамалары, халықаралық пактілер мен декларациялары басшылыққа алынған. Соның ішінде судьялар мінез-құлқы Бангалор қағидаттарына негізделген. Сондықтан, сот төрелігін жүзеге асыруда судьялардың Әдеп кодексі жаңа серпіліс берері сөзсіз.
Өткен съезде Азаматтық процестік кодексінің жобасын әзірлеу тапсырылған болатын. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген құжатқа көптеген жаңашылдықтар енгізілді. Қазір ол өз жемісін беруде. Оның бірі соттан тыс делдалдың көмегімен дауды бітістіру процесі – медиация институты құрылды. Бұл екі жақ та келісетін шешім қабылдануы мүмкін істерді қараудан соттарды біртіндеп босату үшін алғышарт жасайды.
Сонымен қоса, жаңа Азаматтық процестік кодексінің ерекшелігі, соттардың бітістіруші (татуластырушы) судьясы болып, медиацияны өздері жүзеге асыра бастады. Тараптардың сот медиаторын немесе кәсіпқой әлде қоғамдық медиаторларын өздері таңдап, соған жүгінулеріне мүмкіндіктері туды. Медиацияның тағы бір ерекшелігі – тараптар кәсіпқой немесе қоғамдық медиаторларға жүгіну арқылы дауды сотқа дейін шешуге қол жеткізе алады. Сотқа дейінгі татуласу рәсімі ерікті түрде орындалмаса, сот арқылы мәжбүрлеп орындату көзделген.
Мемлекетіміз шешімі табылмаған түйінді бейбіт жолмен шешуде барлық мүмкіндікті пайдалануға осылайша жол ашып отыр.
Бағлан ЫДЫРЫСОВ,
Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.
Cот саласындағы реформа бүгінде жалғасын тауып жатыр
Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық сот жүйесі биліктің белді бір тармағына айналды.
Осыған дейін өткен VI съезге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, соттардың жұмысына оң баға берген болатын. Судьялардың материалдық-әлеуметтік жағдайларын жақсарту іс-шаралары туралы айтып, жұмыстарының бағыттарын айқындай түсті. Президент өзінің сөзінде елімізде қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық, әкімшілік құқық-бұзушылық, азаматтық процестік кодекстерін қабылдау қажеттілігі туралы тапсырма берген еді. Қазіргі таңда аталған кодекстер қабылданып, еліміз бойынша сот төрелігі осы жаңа кодекстер бойынша жүзеге асып жатыр.
Осы съезде сөз болған мамандандырылған соттарды құру мәселесі де ойдағыдай шешімін тауып, елімізде бірнеше мамандандырылған соттар құрылып, жұмыс жасауда. Судьялардың жүктемесін азайту мәселесі де ескерілді. Еліміз бойынша судьялар санының өсуі олардың жүктемесінің едәуір кемуіне себепші болды.
ҚР Судьялар Одағының 2016 жылдың қазан айында судьялардың кезектен тыс VІІ съезін шақыру туралы қаулы қабылдауының бірден-бір себебі судьялардың кәсіби және моральдық бейнесіне деген қоғам талабының артуымен, сондай-ақ Судьялар әдебінің жаңа кодексін қабылдау қажеттігімен байланысты.
Биылғы жылы ұйымдастырылғалы отырған VІІ съездің өз жаңалығы бар. Бұл алқалы жиында жаңа Әдеп кодексі қабылданады деп күтілуде. Ол судьялардың тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге, қызметтен тыс кездегі де мінез-құлық ережелерінің жиынтығы болып табылады.
Сағат ХАСАН,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы.
Судья әдебі кодексі – жауапкершілікті арттыратын жаңашыл жоба
Бұдан бұрын сот жүйесінің алдында тұрған маңызды межелер айқындалып, соның ішінде судья Әдебі кодексінің жобасын қарастыру белгіленген.
Жаңа редакциядағы Әдеп кодексі – қоғамның сот жүйесіне сенімін нығайтуға, судьяның халық алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заман талабына сай құнды құжат. Судья Әдебі кодексінің қабылдануы судьяның кәсіби және моральдық қасиеттеріне деген қоғам талабының өсуінен туындады. Қоғам тарапынан судьяның моральдық—адамгершілік келбетіне деген талаптың күшеюі судьяның қызмет бабындағы, қоғамдағы, отбасындағы, күнделікті өмірдегі жүріс—тұрыс ережелерінің этикалық негізін реттейтін қағидалар мен ережелерді қайта жіті қарауды қажет етті.
Судьялардың Әдеп кодексі халықаралық шарттарға, өзге мемлекеттердің тәжірибесіне, менталитетіне негізделуі, салт—дәстүрлеріміз міндетті түрде ескеріле отырып қабылдануы тиіс.
Судья Әдебі кодексі кәсіби әдеп өлшемдерінің жиынтығы ретінде судья үшін міндетті қағидаларды белгілей отырып, сот және судья әдебі ережелерін бұзу кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды, сондай—ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез—құлықтың кәсіби—әдептік стандартын анықтайды.
Кодекс жалпы сот корпусымен бірауыздан мақұлданып қабылданғаннан кейін оның ережелері тек судьялар мен отставкадағы судьялар үшін ғана міндетті болмайды. Сонымен қатар, судьялыққа үміткер тұлғаның конкурсқа қатысуға дейін атқарған қызметі барысында этика ережелерінің сақталу мән—жайлары жеткілікті деңгейде зерттелуі тиіс.
Сонымен қатар, судья үшін бұлжытпай орындалуға тиіс ережелерді енгізумен бірге, олардың құқықтарының ауқымы да кеңеюі тиіс. Мәселен, судьяның әрекеті немесе әрекетсіздігіне түскен арыз—шағымдарды қарау нәтижесінде олардың негізсіз, сотқа ықпал ету мақсатында түсірілгені анықталған жағдайда, арыз түсірген тұлғаны тиісті жауапкершілікке тарту механизмі болуы керек. Аталған әрекеттер сот тәуелсіздігін нығайтуға өз септігін тигізеді.
Соңғы редакцияда қабылданатын судьялардың әдеп қағидалары мен іс—әрекеттері ережелерінің кодексі осы талаптарды реттеуші тарихи құрал болатынына сенеміз.
Эльвира ДОЩАНОВА,
Атырау қалалық сотының судьясы.
Барымтада – бекіре…
Облыстық ішкі істер департаменті су полициясының қызметкерлері қара уылдырық және бекіре тұқымдас балығын аулаған браконьерлерді ұстады. Оның мән—жайын аталған құрылымның баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова айтып берді.
Еркінқала ауылы маңында «Yamaha-200» аспалы моторы бар «балық барымташыларының» қайығы ұсталған. Онда 1977 жылы туған облыс орталығының үш тұрғыны болыпты. Тексере келгенде қайықтан 40 келі бекіре тұқымдас балық пен 1 келі қара уылдырық, 170 келі өзге де балық табылған. «Бұл жағдай бойынша тергеу шаралары қолға алынып отыр» деді баспасөз қызметінің жетекшісі.
«Бекіре-2016» операциясының күзгі кезеңі басталғаннан бері су полициясы қызметкерлері 4 тоннадан астам балық тәркілепті. Оның 80 келісі– бекіре тұқымдас. Соған байланысты 13 қылмыстық іс қозғалған.
Сәби сатқан әйел 5 жылға сотталды
Жуырда Атырауда бала сатпақ болған әйел сотталды. Сот облыстық перзентхананың бұрынғы қызметкерін дүние-мүлкін тәркілей отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.
Облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиевтің айтуынша, ел назарын аударған істі Атырау облысының жасөспірімдер ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық соты қараған. Ерекшелігін ескере отырып, оны жабық жағдайда өткізген.
Сот отырысында айыпталушының биылғы жылдың қаңтар айында ата-анасы бас тартқан жас нәрестені сату туралы келісім жасасқаны анықталды. Ол бұл кезде Атырау облыстық перинаталдық орталығының медициналық тіркеушісі болып қызмет ат-қарып жүрген. Арам ойлы адам қарекетін іске асыру үшін сатып алушымен аталған медициналық мекеменің ғимаратында кездеседі. Сол жүздесуде нәрестені 5 мың АҚШ долларына сататынын айтады. Екі тарап келісіп, ол 2500 доллар көлемінде алдын ала төлем де алады.
Дегенмен, оның сұмдық ойы жүзеге аспай қалды. Әлгі әйел нәресте үшін төленген ақшаның жартысын алып жатқан сәтте қолға түсті. Ол енді жазасын жалпы режімдегі түзеу колониясында өтейтін болады.
Бетті дайындаған: Азамат базарбаев.