Рухани кеңістіктің қадамы
Ерболат ДӘУЛЕТҚАЗИЕВ, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық филиалының бірінші хатшысы: Бұған дейін латын әліпбиіне көшу идеясы туралы айтылып келсе, енді міне, өзімізге қажетті нұсқасын таңдап алдық. Яғни, біздің еліміз бұл күнге үлкен дайындықпен келді. Латын әліпбиінің нұсқаларын өзгелер секілді Қазақстан Коммунистік Халық партиясының облыстық филиалы да талқылаған болатын.
Біздің өскелең ұрпақ латын тіліне әлдеқашан көшіп кеткен. Олар әлеуметтік желілер арқылы бір-бірімен хат жазысқанда латын қа-ріптерін қолданып жүр. Себебі, жастарға латынша әлдеқайда жеңіл. Тіпті орыс тілді жастарымыздың өзі де латыншаны өте жақсы меңгерген. Сондықтан, Елбасының қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қоюы халқымыздың рухани кеңістігіне тарихи жол ашқан маңызды шешім болды деп санаймын.
«Көш жүре түзеледі». Болашақта латын әліпбиіне бізден бұрын көшкен Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан секілді түркітілдес елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, олардың жіберген қате-кемшіліктерінен сабақ алсақ, біздің әліпбидің сапасы әлдеқайда жоғары болар еді. Сондықтан, асығыстыққа жол бермей, кезең-кезеңмен көшу ісі де ақылмен шешілген қадам екенін айт-қым келеді.