Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Өрт неліктен өршіді?

Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметтеріне қарағанда, биылғы жаз маусымында облыста 46 дала өрті тіркеліп, жалпы ауданы 57 мың 708 гектар алқап отқа шарпылған.

i

Қызылқоғада – 9,2,

Индерде 36 мың гектар

Салалық департамент бастығы Сағынбек Өмірзақовтың айтуынша,  Қызылқоға ауданының Беріштам, Соркөл учаскелеріндегі өртті сөндіруге  мамандандырылған  құрамалар, жергілікті тұрғындардан құралған ерікті өрт сөндірушілер жасақтары тартылған. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін олар ауыл шаруашылығы техникаларымен көмекке келген. Соның нәтижесінде  жалынның беті кері қайтарылған.

Есепке алынған өрт оқиғаларының дені Қызылқоға мен Индер аудандарының аумағында болған. Нақтысын айтқанда,  Қызылқоғада – 9,2, Индерде 36 мың гектар жер өртенген.

Бар техниканы жоқ етіп…

Жүргізілген сараптама нәтижесі көрсеткендей, аудандарда ақпараттық-ағарту жұмыстары төмен деңгейде қалып отыр. Ал, Индер, Исатай және Махамбет аудандарында өртке қарсы профилактикалық немесе алдын алу шараларын қаржыландыруға қаражат қаралмаған. Далалықтағы отты шеңгелдің  тез жайылып, өршіп кетуіне аудандық, ауылдық әкімдіктердің жыл сайын қайталанатын кезеңге дайындығының нашарлығы мен ұйымдастыру жұмыстарының мардымсыздығы (соның ішінде  ерікті өрт сөндірушілерге өрт сөндіру техникасын үйрету де бар) басты себеп болған. Осыған дейін аудандарда бес өртке қарсы қызмет бекеті іске қосылған. Солардың бірі  Индер ауданының Есбол ауылында ашылған. Өкінішке қарай, сол кезде тиісті талапқа сай арнаулы техникамен, өрт  сөндіру құралдарымен қамтылып, пайдалануға берілген бұл бекеттің бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Нақтылай кетсек, өрт сөндіру машинасының аккумуляторы, жанармай айдайтын карбюраторы және екі дөңгелегі   жоқ. Ал, әкімдіктегілер болса, қалыптасқан жағдайды тездетіп түзетпек түгілі, бұған қарсы уәж айтып, техника да, басқасы да орнында, бәрі дұрыс  деген ақпар берген.

Жауапсызға – қатаң жаза

Аумағы жөнінен ауқымды өртпен қамтылған, соған қарамастан дер мезгілінде тиісті шаралар алмаған Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот  Мұқановқа қатаң сөгіс берілді. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сүйіншәлиевтің төрағалығымен құрылған арнайы комиссияға  дала өртінің бірнеше оқиғасы тіркелген Индер ауданы басшылығының іс-әрекетін саралап, бағалау тапсырылды.

– Бұл аяқ астынан бола салатын жағдай емес. Дала өрті – әр жыл сайын жаздың ыстық мезгілінде қайталанып тұратын және болуы ықтимал табиғи құбылыс. Сондықтан, өртке шалынуы мүмкін проблемалық учаскелерді күнілгері анықтап, профилактикалық шараларды қабылдау қажет. Төтенше жағдайлар департаменті мен аудандық әкімдіктер бір-бірімен жүйелі де үйлесімді жұмысты жолға қойып, байқалған жетіспестіктерді немесе кемшіліктерді дер мезгілінде атап көрсетіп, түзету жолдарын ойластыруы керек. Бізде бұған толық мүмкіндік бар. Нақтырақ айтқанда, өртке қарсы белгіленген профилактикалық шараларды ұйымдастырып, қажетті техникаларды сатып алуға қаржы да жеткілікті. Тек уақытында ұсыныс жасап, тапсырыс түсіру шарт. Осыған дейін орын алған жағдай, сөз жоқ, мәселеге мүдделі барлық мемлекеттік органдардың бір-бірімен келіспеушілігінің көрінісі. Бұдан былай, мұндай олқылыққа жол берілмейді,-деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button