Құрманғазы ауданында мал шаруашылығының жай-күйі қалай?
Құрманғазы ауданының әкімі Бибоз Шаяхметов «Мақаш» ӨК-ін, «Ақжонас» ЖШС-ін аралап, шаруашылық басшыларымен, шопандармен кездесті. Басты мақсат — қысқа дайындық, малдың жай-күйі, жем-шөппен қамтылу деңгейімен танысу.
Аудан басшысы қысқы мал азығының сапасына, төрт түліктің өсіміне назар аударды. Мәселен, «Жалғас» шаруа қожалығының жетекшісі Семён Жалғастың шаруашылығында 700 қой бар. Сәйкесінше, қысқы мал азығы да жеткілікті. Ал, «Мақаш» ӨК төрағасы Жеңіс Әбілхайыровтың айтуынша, биыл мал азығын дайындау біраз қиындық тудырған. Су қайтпай, шөп сапасын жойған, яғни жас құрақтар қамысқа айналған. Соған қарамастан кооператив 1350 тонна пішен дайындап, жоспарды 100 пайызға орындап үлгеріпті. Сонымен қатар, былтырғы жылдан қалған тағы 517 тонна шөп бар. Артығын қыс мезгіліне қарай Забурын, Исатай, Асан ауылдарына сатпақ. Жалпы, кооператив бойынша 6 мың бас асыл тұқымды Еділбай қойы екі фермада бағылуда. Шаруашылықта 100-ге тарта адам жұмыс істейді. Осы орайда аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, «Ақжонас» ЖШС-нің де жұмысымен танысты. Шаруашылық төрағасы Мұқар Шаяхметовтың мәлімдеуінше, олар қазіргі таңда 300 тоннадай жем-шөп дайындап қойған. Малды толық қамту үшін әлі 150 тонна азық қажет. Дегенмен, шөп шабу жалғасып жатқандықтан, бұл межеден шығарына сенімі мол.
Ірі қара қолдан ұрықтандырылады
«Е.Құбашев» шаруа қожалығының басшысы Есболат Құбашевтің асыл тұқымды ақ бас сиырлары қырлықта еркін жайылып жүр. Күйлері жақсы. Осы орайда, БАҚ өкілдерімен әңгімесінде Е.Құбашев, асыл тұқымды түліктердің мәселесін басты тақырып етті. «Биыл Астанадан «Асыл түлік» мекемесінің мамандары келіп, 400 ірі қараны француз тәсілімен қолдан ұрықтандырды. Бұл облыс бойынша алғаш рет бізде жасалып отыр. Енді сиырлар 15 наурызда төлдейді. Асыл тұқымды бұқаның ұрығы болғандықтан, ол төлдер өсе келе іріленеді деп жоспарлап отырмыз. Олардан тараған тұқым да ірі болады. АҚШ-та ірі қараны 100 пайыз қолдан ұрықтандырады екен. Жұмыс жасаған соң, оның нәтижесін де көрген дұрыс. Дегенмен, барлық қаржыны өз қалтамыздан төледік. Еліміздегі Ауыл шаруашылығы министрлігі осыны ескерсе екен»,-деп ағынан жарылды Есболат Құбашев.
Қойдың «Мақаш» атты жаңа желісін шығаруға жұмыстануда
Наурызғали мекенінде орналасқан қолдан ұрықтандыру пункті малды қабылдауға дайын. Отар келісімен қажетті құрылғылар жеткізіледі. «Мақаш» кооперативінің төрағасы Ж.Әбілқайыров пунктті аралатып көрсетіп, жұмыс қалай жасалатынын түсіндіріп, қойды қолдан ұрықтандыру 25 қазанда басталатынын айтты.
Құрманғазы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Сәуменов: «Қазір қойды қолдан ұрықтандыру қайтадан қолданысқа енуде. «Мақаш» ӨК-і асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін зауыт болғаннан кейін мұндай орын міндетті түрде болуы тиіс. Оның тиімді жағын айтсақ, мысалы, «сырғасының нөмірі мынандай қой, бүгін қолдан ұрықтандырылуда, демек бес айдан кейін осы күні төлдейді», — деп алдын ала біледі. Төлдің есебін жүргізуге пайдалы. Бір қошқарды 30 қойға дейін шағылыстырады. Ал, пункте бір мезгілде 300 қой ұрықтандырылудан өтеді. Екіншіден, мал жұқпалы ауруларға ұшырамайды»,-дейді ол.
Ең басты мәселе, «Мақаш» кооперативі алдағы уақытта Еділбай қойының Сүйіндік, Бірлік тұқымдарын будандастыру арқылы асыл тұқымды «Мақаш» желісін шығарғалы отыр.
Құрманғазыда қасқыр көбейген
Шаруашылықтарды аралау барысында шаруагерлерге ең қиындық тудырып тұрған мәселе — мал өнімдерін экспортқа шығару екені анық болды. Олар әр қойға 11 анықтама қажеттігін, оның әрқайсысы ақылы екендігін алға тартты. Екіншісі, ет өнімі асыл тұқымды мал палатасы арқылы сыртқа шығарылады, ол үшін де әр мал басына біраз қаржы керек. Үшінші қиындық – ауданда қасқыр көбейіп кеткен.
Осы орайда, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Р.Сәуменовтен бұған қарсы қандай шара қолданып жатырғанын сұрадық. «Ит пен мысыққа ақша бөлінгенімен, қасқыр аулаудың қаржысы шешілмей тұр. Облыстық аңшылар қоғамына да хат жолдадық. Ауылдық округтерге де хат жіберіп, аңшылық етуге рұқсат берілген билеті барлардан аулаушылар ұйымдастыруын, оған мүмкіндік болмаса облыстық аңшылар қоғамына шығулары қажеттігін ескерттік. Бұған дейін үлкен бөріге 25, бөлтірік пен шибөріге 11 мыңнан төленіп келді. Аулағанда алатын жерді де ұйымдастыру қажет. Құсқа қарағанда қасқыр ату қиын. Қай жерде жүретінін білмейсің»,-дейді бөлім басшысы.
Қанат ҒҰМАРОВ