Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Құрманғазы ауданында атақты күйші-домбырашы Шәміл Әбілтаймен кездесу кеші өтті (ФОТО)

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай Құрманғазы аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде қазақ өнерінің жарық жұлдызы, күйші-домбырашы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаймен кездесу кеші өтті. Кешті ауданымызға танымал өнерпаз Қайрат Сайфуллин жүргізді. Есімі елімізге кеңінен танымал сазгер халық қошеметімен сахна төріне шақырылды.

Изображение 124

«Бүгінгі кездесуге өзімнің жинақтарымды ала келдім. Қаламгерлер өз шығармаларын кітап етіп жазады, біз үнмен құраймыз. Жинақтарыма болмысымызды, өткеніміз бен бүгінімізді, өмірден алған тәжірибемді енгіздім. Рухани азыққа біздер, қазақтар кедей емеспіз. Сіздер мені жылы қарсылап жатқандықтан өзімді үнемі араларыңызда жүргендей сезініп тұрмын. Ауданда кейбір менмін деген шаһарларда істелмейтін жұмыстар атқарылуда екен, құдай ұзағынан етсін. Мен 31 жасымда, 1979 жылы Димекеңнің (Д.Қонаев) қабылдауында болдым. «Бұйымтайыңды айт балам», — деді ол кісі. Біраз толқығанымды байқап: «Өнер адамдары кішкене қиялилау келеді, бойдағы қоқыстан арылғанды қалайды ғой»,-деп күлді. Мәдениетті адам ғой, ойымды бөлмеді. «Бұған дейін екі мәрте Социалистік еңбек ері атағын алған Жазылбек Қуанышбаевтың, Ыбырай Жақаевтың үйінде болдым, Нұрмолда Алдаберген өліп қалды ғой, сосын сізге келдім»,-дегенімде күліп жіберді. Сасқалақтағаннан азуыма түскені осы. Содан кейін оны өзімнің жазғанымды айтып шіренбей халықтың, елдің сәлемі деп «Ағатай асқақ ән» атты әнімді орындадым. Димекеңе арнап шығарған бұл әннің сөзін жазған жерлестеріңіз Марат Ысқақ деген азамат. Жан дүниесі таза, баспасөз саласы сардарларының бірі еді марқұм. Өзі драматург, ақын,ғалым, сегіз қырлы бір сырлы. Бұл ән «Димекең» деп те аталып жүр.

Изображение 139

Ағатай асқақ ән,

Ақ жүрек қостаған.

Жүйрікті бәйгеге,

Жартымен қоспаған, — деген кезімде Қонаев орынынан тұрып маңдайымнан сүйіп батасын берді. Ойлап қараңызшы, мен қарапайым ғана батыстың бір баласымын, ол кісі елімізге ортақ дана. Сонда да мені кішірейтпей қабылдады, өзімен тең ұстап әңгімелесті. 1980 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты жасады. Ол кезде бұл атақ мемлекеттік сыйлықтан бұрын берілетін. Одан кейін үш бөлмелі үйге кіргізіп, мені Қазақ радиосының музыкалық редакциясының бас редакторы қылып қойды. Өстіп, ойламаған жерден бастық болып шыға келгенім бар. Димекеңнің қасиетін ұмыту мүмкін емес. Уақыт озған сайын ол кісі саралана, даралана түседі, рухы тірі, елімен, халқымен бірге. Алатау, Хан Тәңірі қандай биік болса, ол кісінің биіктігі сондай. Неғұрлым бізден алыстаған сайын істеген ісі, мінезі, нұрлы дидары қасымызда жүргендей ұлтының, халқының жүрегінде мәңгілік сақталады. Музыка редакциясының бас редакторы қызметінде жүріп, Шәмші Қалдаяқовтың танылуына себеп те болған едім. Тарихта бұл айтылған, оған тоқталмай-ақ қояйын. Өзім екі рет отаға түстім. Соның бірінде реанимацияда жатырғанымда түсіме Қонаев енді. Кейін сол кісіге арнаған жинағымды шығардым.

1968 жылы Әбіш Кекілбаевпен бірге Жұмекеннің үйіне бардық. Келсек, төрде қазақтың қос Зейнолласы, Серікқалиев пен Шүкіров отыр. Қажытай Ілясов асаба болып жүр. «Өткенде айтқан ініміз осы жігіт», — деді Әбекең Жұмекенге мені таныстырып. Таныстығымыздан кейін Жұмекен домбыраны солақай бұрап «Абылды» тартты. Мен де өз домбыраммен осы күйді орындап едім ақын: «Ай, айналайын-ай! Сенің тартқаныңды естіп қазақтың күйінің өлмейтініне көзім жетті», — деді маған. Ол кісі бүгінде арамызда жоқ болғанымен артында көсем сөз, шешен сөз қалдырды.

Изображение 147

Жұмекенді оқып бәріміз тәрбие аламыз. Қажытай Ілясов екеуіміз ауруханада бірге жаттық. Қолынан да, тілінен де келетін дарын. Қандай тентек болса да Жұмекеннің алдында қойдай жуас. Бәрін тіке айтатын ол мені Шәбе дейтін. «Шәбе сені бұрын жақтырмайтын едім, Жұмекен үшін жақсы көріп кеттім», — деді бірде. Сөйтсем, «осы баланың болашағы зор, оған қамқор болайық», — деп Жұмекен мен жайлы барған жерінде айтатын көрінеді. Ақын өмірден өткенімен артында елі бар. Уақыт өткен сайын ол кісі Толстой деңгейіне көтеріле береді.

«Қазақстан-Нұрсұлтан» күйінің шығу тарихына келсек, оны ұзақ жаздым. 2014 жылы мені Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыдағы резиденциясында арнайы қабылдады. Президентпен кездескенде ішкі толқуымды сездірмеуге тырысып амандастым. Елбасымыз маған: «Шәміл інім, домбыраң не дейді?», — деген сұрақ қойды. «Сіз елді көтердіңіз, ел сізді көтерді. Сондықтан күйімнің атын «Қазақстан-Нұрсұлтан» атадым», — деп едім, «Қане тарт», — деді. Тыңдағаннан кейін ол кісі: «Шәміл! Айтып тұрғаныңның бәрі рас. Оны мына домбыраң жеткізіп отыр. Халыққа тарап кететін күй болсын, рахмет айналайын!», — деп ризашылығын білдіріп, батасын беріп, маңдайымнан сүйді.

Изображение 157

Мына, Бибоз ініміз осы жерге басшы болып келіпті, қадамын көрдіңіздер. «Өзі болған жігіттің түп атасын сұрама», — дейді халқымыз. Текті Қосай атаның ұрпағы екен. Мен Қосайдың жиенімін. Халықта: «Жолға шықсаң жолдасың Қосайдан болсын», — деген сөз бар. Себебі, ол Бекеттен бұрын өмір сүрген, түрікпен қызымен қосылған, алты баласы болған әулие. Аудан басшысы қызметін атқарып, Құрманғазының шырағын жағу үлкен жауапты іс»,-деп, қызметіне сәттілік тіледі. Шара барысында Ресейдегі Кемеров облысының губернаторы Аман Төлеевке арнап шығарған туындысын, басқа да әндері мен күйлерін, жұбайы Өрікгүлдің әндерін орындап, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа домбыра сыйлағаны жайлы және басқа да әдемі естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар шығармалары енген бірнеше дискіні аудан басшысына сыйлады.

Изображение 162

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов шақыруын қабыл алғаны үшін Ш.Әбілтайға құрманғазылықтар атынан ризашылығын білдіріп, Алғыс хат пен естелік сыйлығын табыс етіп, шапан жауып құрмет көрсетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Талапқали Зайнуллин Шәміл ағамызбен бірге оқыған кездерін жылы лебізбен еске алып, Сүйіндік ауылына келгенінде кездесе алмай қалғанына өкінішін білдіріп, сазгерге «Ғұмыр-дария» атты үнтаспасын ұсынып, шапан жапты.

Шәміл ағамыздың шығармашылығымен ғаламтор, соның ішінде «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы таныстым. Алғаш рет желідегі бір досым сазгердің жұбайы Өрікгүл апамыздың бір әнімен бөліскенде, оны тыңдап жақсы әсер алып, астына пікірімді жаздым. Ағамыз жауапсыз қалдырмаған. Қарапайымдылығына сонда тәнті болғанмын. Одан кейін де бірнеше әндерін, күйлерін сүйсіне тыңдадым. Бірақ, бүгінгі жүздесудің әсері бәрінен де асып түсті. Өнерге шынайы берілген, қазақтың өнері мен мәдениетіне шексіз үлесін қосып жүрген адам осындай болса керек. Абырой-беделіңіз Алатаудай асқақтай берсін аға!

Қанат ҒҰМАРОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button