Әріптесіміз А.Шакупова – «Шаңырақ» сайысының жеңімпазы (ФОТО)
Атырау облысы әкімі аппаратының “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен журналистика саласында “Шаңырақ” өңірлік конкурсы өтті. Негізгі мақсаты — этносаралық қатынастар тақырыбында жазып жүрген журналистерді ынталандыру, сол арқылы елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту.
Конкурсқа көптеген журналистер қатысып, бақтарын сынады. Оған әріптесіміз, «Серпер» газетінің тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айнагүл Шакупова да қатысқан еді.
Сөйтіп, байқау қорытындысымен “Шаңырақ” шығармашылық конкурсының жүлдесін әріптесіміз Айнагүл Шакупова иеленді. Облыс орталығында өткен салтанатты жиында әділқазылар алқасының төрағасы Өтеген Нәукиев Айнагүл Күнұзаққызына арнайы диплом мен ақшалай сертификат табыс етті.
Айнагүл — біздің мақтанышымыз, түрлі тақырыптарға еркін қалам тербеп жүрген, өзіндік жазу мәнері қалыптасқан, материалдары көпшілік көңілінен шығып жүрген талантты журналист.
Әлбетте, журналист болу оңай емес. Жоғары оқу орынын қызыл дипломмен бітіріп келіп, мақала жаза алмайтындар бар. Жұмысқа келеді де, теория жүзінде алған білімін қызметімен ұштастыра алмай, “басқа жерден жұмыс тауып қойып едім”,-деп өзге салаға ауысып кетеді. “Сен журналистиканы оқыдың емес пе? Алға қарай үйреніп кетерсің”,-деп айтқанымызда да бас тартқандарды көрдік.
Қандай қызметтің де өзіндік қызығы мен шыжығы болады. Кейде жұмысың үйге келгенде де жалғасады. Жиналыс бүгін кешке бітсе, ертең газетке салынуы қажет, бар шаруаңды жиып тастап, түнімен отырып жазсаң да аяқтауға міндеттісің. Айнагүл соның бәріне үлгеріп жүр. Ұжыммен де тіл табыса біледі. Жұмсаған жеріңнен бас тартпайды, сылтау айтпайды. Қабағын шытқанын көрмеппін. Жазғанда да таптаурын тәсілге салмайды, ізденгіштігі басым.
Айта кетейік, сонымен қатар «Шаңырақ» конкурсында үздіктер қатарынан «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшілері Марина Қуанышева, Анжелика Ли, «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газетінің фототілшілері Ерлан Алтыбаев пен Әнуар Әбілғазиев танылды.
Қанат ҒҰМАРОВ
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ