Ресей мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік сенімді дамып келеді – Владимир Путин
Ресей мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар сенімді түрде әрі табысты дамып келеді. Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен шағын құрамдағы келіссөз барысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар сенімді түрде әрі табысты дамып келеді. Оны, әлбетте, цифрлар әйгілеп тұр. Біз жаңа ғана XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына қатыстық. Бұл – өте жақсы формат. Адамдар бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасап, жұмыс істейді, араласады әрі бұл әрдайым елеулі нәтиже береді. Осы жолы да солай боларына сенімдімін. Бұған қоса өте маңызды тақырып таңдалып отыр. Азық-түлік – кез келген қоғамның, мемлекеттің тыныс-тіршілігінің негізі. Елдеріміздің әлеуеті зор. Өз қажеттіліктерімізді ғана қамтамасыз етіп қана қоймай, жаһандық нарықтардағы көптеген серіктестерімізге де көмектесуге мүмкіндігіміз бар. Мәселе ынтымақтастығымыздың барлық артықшылығын пайдаланып, келешекте осы мүмкіндіктерді арттыруда ғана болып тұр. Арғы күні Ресей мен Қазақстан арасында ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толады. Бұл біздің көпжақты достық қарым-қатынасымызды дамытудың берік негізіне айналды», – деді Владимир Путин.
Ресей Президенті екі мемлекеттің халықаралық аренадағы конструктивті ықпалдастығын, ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД, БҰҰ және ШЫҰ аясындағы үйлесімді қарым-қатынасын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол 2024 жылы Ресейдің БРИКС пен ТМД-ға, ал Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы шеңберінде өзара қолдау көрсетуге дайын екенін растады.