Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Құрбан айт ризығы

«Құрбан шалу – Алланың адам баласына берген ең үлкен мүмкіндігі. Сондықтан, қасиетті Құрбан айт кезінде зікір айтып, садақа беру, сыйлық тарату, марқұмдардың қабіріне барып, дұға жасау сауапты амал» деді «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Облыстың бас имамының айтуынша, құрбандықты марқұмның атынан да шалуға болады. Мұндайда марқұмдар тіршілікте құрбан шалғандай сауапқа кенеледі. «Ал, егер ата-ана көз жұмар алдында балаларына құрбан шалуды өсиет еткен болса, мұндай малдың етін толықтай садақа етіп тарату керек» дейді брифинг мейманы.

%d0%ba%d1%83%d1%80%d0%b1%d0%b0%d0%bd-%d0%b0%d0%b9%d1%82

Белгілі болғанындай, қазірдің өзінде құрбан малын таратуға 300-ге жуық адам ниет білдірген. «Мешіт ауласында мал сойылмайды. Мал Атырау қаласы әкімдігі бекіткен арнайы пункттерде сойылады. Ал, мешіт алаңдарында құрбан малдың еті мұқтаж жандарға таратылады» деп атап өтті облыстың бас имамы. Тағы бір жаңалық, мұсылман қауымның ұлық мерекесінің құрметіне, орталық мешітте ұлттық спорт ойындары – қазақша күрес, қол күрес және кір тасын көтеруден жарыс өтеді.

«Жүректен Жүрекке» қайырымдылық қорының жетекшісі Әйгерім Досқалиева құрбан айт қарсаңында облыс орталығындағы бес дүкенде мұқтаж жандар үшін 400 бөлке нанның тегін таратылғанын айтты. «Бүгінгі таңда әлеуметтік желілер арқылы «Құрбан айт ризығы» акциясын насихаттап отырмыз. Ондағы мақсат – аз қамтылған отбасыларын бір апталық азық-түлікпен қамтамасыз ету. Қорға хабарласып, құрбан малдың етін таратуды ұсынып жатқан азаматтар да бар» деді ол.

Айта кеткен жөн, Құрбан айт 12, 13, 14 қыркүйек күндері тойланады. Айт намазы 12 қыркүйек күні жергілікті уақытпен таңғы сегізде оқылады. Құрбан мал айт намазынан кейін шалынады. Және құрбандықты 14 қыркүйектің ақшам намазына 15-20 минут қалғанға дейін шалуға болады. Арафа күні ораза ұстау да сауапты амалға жатады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Суретті түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button