
Рәміздер күні – ұлт рухын ұлықтаған күн
Ел тарихындағы айрықша мәнге ие мереке – Мемлекеттік рәміздер күніне арналған іс-шара Атырау облысында жоғары деңгейде аталып өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан мемлекеттік рәміздер алаңында салтанатты киім нышанымен сарбаздар сап құрып Мемлекеттік туды Тутұғыр алдына әкелді. Артынша жиналған жұрт мемлекеттік Гимнді бірге шырқады.

Қастерлі рәміздерге деген құрмет – елдік сана мен отаншылдық рухтың айғағы.
1992 жылғы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері тұңғыш рет ресми түрде бекітілді. Содан бері бұл күн тәуелсіздігіміздің нышанына айналған, халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілерді ұлықтайтын мереке.
Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңба – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал Әнұран – еркіндік пен елдіктің үні.

Рәміздер – қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен болмысын бойына сіңірген маңызды нышандар. Өткен тарихымыз бен бүгінгі келбетімізді болашаққа жалғайтын ел мұратының ең жарқын көрінісі.
Салтанатты іс-шарада сөз алған облыс әкімі Серік Шәпкенов Мемлекеттік рәміздер күні – ерекше маңызы бар, елдің басты құндылықтарының бірі екендігін айтты.
– Бұл күн – халқымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігінің нышандарын қабылдаған, елдігімізді әлемге паш еткен тарихи сәттердің бірі. Мемлекеттік рәміздер – біздің тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің айғағы. Бабаларымыз армандаған азаттықтың арқасында бүгінде Көк Туымыз көкте желбіреп, Елтаңбамыз төрімізде жарқырап, Әнұранымыз аспанда қалықтап тұр. Жаңа әнде айтылғандай:
«Таласқа түссе жан мен Ту,
Жан емес маған керегі –
Көк тудың желбірегені!».
Иә, осы Көк Тудың астында бүкіл қазақстандықтардың бірлігі мен татулығы тоғысады. Бүгінгі бейбіт заманда баршамыз бірлесе отырып, еліміздің өркендеуіне, тәуелсіздігіміздің баянды болуына қызмет етуіміз қажет. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерімізге құрметпен қарау – әрбір азаматтың парызы. Әсіресе, жастардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру, елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру – баршамыздың міндетіміз, — деді Серік Жамбылұлы.

Рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар патриоттық әндерді әуелете орындады.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ